• Біздің парақшалар:

Эмир Байғазин «Өзен» фильмін түсіруге кіріседі

Эмир Байғазин Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – «Өзен» (шартты атау) атты киножобасын қолға алды. Трилогияның алдыңғы екі бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») және «Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмдері сынды, «Өзен» картинасы да жасөспірімдер жайлы.

Сюжет бойынша өзінен кейінгі бауырларына қамқор және тіреу бола білсін, мінезді болып өссін деген ниетпен әкесі Асланды қатал тәрбиелейді.   

«Өзен» фильмінің түсірілім жұмыстары Алматы облысында биыл 10 шілдеде басталады. 

Былтыр «Өзен» фильмі үшін жасөспірімдер арасында республикалық кастинг жарияланған болатын. Ұзаққа созылған фото және бейне сынақтардан кейін, 13 жастағы Асланның рөліне Жалғас Кланов есімді актер бекітілді. Ал оның бауырларын сомдайтын актерлер: Бағдәулет Сағындықов, Жасұлан және Руслан Өсербаевтар, Эрик Тазабеков. Әке рөлін еліміздің танымал актері Қуандық Қыстықбаев сомдайды. 

Естеріңізге сала кетсек, Эмир Байғазин Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауында қатысқан тұңғыш қазақстандық режиссер. 2013 жылы осы фестивальде оның дебюттік «Асланның сабақтары» фильмі  «Күміс аю» жүлдесімен және «Morgen Post» гезетінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Аталған туынды орта есеппен 50-ден астам фестивальдерде көрсетіліп, 25 шақты жүлделерге қол жеткізді

Режиссердің «Төрт оқиға» фильмі де 2016 жылы ақпан айында Халықаралық Берлин кинофестивалінде тұсауы кесілген болатын. Кейін бұл кинотуынды Германияда өткен Funf Seen Filmfest фестивалінде жүлдеге, сонымен қатар Чонджуда (Оңтүстік Корея) өткен фестивальде арнайы жүлдеге және Словакия елінде өткен Art Film Fest  фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесіне қол жеткізді. Эмир Байғазиннің фильмдері тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Еуропа елдерінде прокатқа шықты.

 

Дереккөз: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

Пікірлер