• Біздің парақшалар:

XIII "Еуразия" ХКФ: Николас Кейдж, Джон Малкович пен Эдриен Броуди келеді

2017 жылғы "Еуразия" халықаралық кинофестивалі Астанада өтеді. Осымен XIII рет ұйымдастырылатын кинофорумның датасы белгілі болды - 22-28 шілде аралығы.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер бөлімінің директоры Алмаз Нұразханның айтуынша: «Биылғы кинофестивальдің атауы «Мәдениеттер байланысы», ол «Астана Экспо-2017» халықаралық көрмесінің тұжырымдамасымен өзара үндес».

Биылғы фестивальде 2016-2017 жылдары жарық көрген әлемдік фильмдердің кең ауқымды көрсетілімі ұсынылады. Конкурстық және конкурстан тыс секцияларға толықметражды және қысқамеражды картиналар, авторлық және жанрлық кино кіреді. Осы жылы бағдарламада көрсетілетін фильмдер саны жағынан ең жоғары көрсеткіш берді — 296, оның 101-і «Еуразияның» негізгі конкурсында көрсетіледі, сонымен қоса толықмераждың негізгі конкурсында 12 фильм, ал қысқаметраждың конкурсында — 30 картина ұсынылады. Барлығы, толықметр және қысқаметр конкурсында 14 әлемдік, 2 халықаралық, 11 азиялық премьера болады. «Еуразия» кинофестивалінің конкурсына шамамен 1 мыңнан астам өтінім келді, олар кинофестивальдің веб-сайты арқылы қабылданды.

Конкурстық бағдарламаны қазылар алқасынан құралған 4 топ бағалайды: негізгі қазылар алқасы, қысқаметр қазылар алқасы және екі тәуелсіз қазылар алқасының мүшесі — FIPRESCI (киносыншылар мен кинотанушылардың халықаралық ұйымы) және NETPAC (Азия киносын дамыту қауымдастығы). Кинофестивальдің қазылар алқасының құрамына атақты кинематографистер кірді.

Брифингте оларды қазақстандық режиссер және драматург Талғат Теменов таныстырды. Атап айтқанда, негізгі конкурстың қазылар алқасын бұл жылы кинотанушы және мәдениеттанушы, Мәскеу халықаралық кинофестивалінің бағдарлама директоры Кирилл Разлогов басқарады. Фильмдерге баға беретін қазылар алқасының құрамында Голливуд «жұлдызы» Бай Лин, былтыр «Бөтен үй» картинасымен «Еуразия» Бас жүлдесінің иегері атанған Грузияның режиссері және сценаристі Русудан Глурджидзе, 2015 жылы «Еуразия» ХКФ-інде «Набат» фильмінің арқасында «Үздік режиссерлық жұмыс» жүлдесін алған әзірбайжандық режиссер Эльчин Мусаоглу және Канн кинофестивалінің лауреаты малилік кинематографшы Сүлейман Сиссе бар.

Сонымен қатар, кинематоргафия саласындағы Ұлттық «Тұлпар» жүлдесін табыстау үшін Қазақстан, Орталық Азия және түркітілдес халықтар фильмдерінің көрсетілімдері болады.

Фестивальді Биджукумар Дамодаранның «Тыныштық үні» («Sound of Silence», Үндістан, 2017) фильмі ашады. Ал жабылуында Люк Бессонның «Валериан және мың планета қаласы» («Valerian and the City of a Thousand Planets», 2017) картинасы көрсетіледі. Тағы бір атап өтер жайт, жабылу кешіндегі шетелдік фильм қазақ тіліне дубляждалады. 

XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің тағы бір ерекшелігі — Eurasia Film Market кино нарығы, кинофестиваль тарихында алғаш рет Eurasia Spotlight іскерлік алаңымен бірігіп ұйымдастырылады.

Кинофестивальге шетелдік танымал тұлғалар да шақырылды. Әлемдік жұлдыздардан Николас Кейдж, Джон Малкович және Эдриен Броуди бар.

 

Дереккөз: «Еуразия» ХКФ баспасөз қызметі

Пікірлер