• Біздің парақшалар:

ХІІІ "Еуразия" ХКФ Гран-приін "Оралман" фильмі алды

Режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" толықметражды көркем фильмі ХІІІ Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында ("Қадам" ЖШС студиясының қатысуымен) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл картина кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысқан жалғыз отандық туынды.

"Оралман" фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажынабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

Фестивальдің биылғы жүлдегерлері:

Үздік режиссерлік жұмыс - Ақтан Арым Құбат, "Кентавр" фильмі (Қырғызстан);

Үздік әйел рөлі - Ия Шуглиашвили, "Моя счастливая семья" фильмі (Грузия);

Үздік еркек рөлі - Гурбан Исламов, "Гранатовый Сад" фильмі (Әзірбайжан);

Әділқазылардың арнайы сыйлығы - "Гранатовый Сад" фильмі (Әзірбайжан);

FIPRESCI әділқазыларының арнайы сыйлығы - "Путевая станция" фильмі (Вьетнам)

НЕТПАК бас жүлдесі - "Аритмия" (Ресей)

НЕТПАК жүлдесі - "Кентавр" фильмі (Қырғызстан);

Қысқа метр конкурсы

Гран-при - "Ит" анимациялық картинасы (Қазақстан);

Әділқазылардың арнайы атап өтуі - "Заплыв" фильмі (Қырғызстан).

Негізі 1998 жылы қаланған Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум саналады. Биыл фестиваль аясында барлық конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларға қатысқан толықметрлі және қысқаметрлі, авторлық және жанрлық фильмдердің рекордтық көрсеткіші - 296 картина көрсетілді. Негізгі конкурстық бағдарламада 13 толықметрлі және қысқаметрлі фильмдер конкурсында 30 картина қатысты. Ал фестивальге 200 ден астам қонақ шақырылды. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдриен Броуди және Джон Малкович бар. 

Кинофестиваль тарихында алғаш рет ТМД елдері және Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдерінен келген дистрибьютерлердің қатысуымен Eurasia Film Market кинонарығы өтті. Ал Eurasia Spotlight бизнес алаңы әдеттегідей киножобалардың қызықты питчингтерін, кино саласы маңындағы түрлі тақырыптарға негізделген дөңгелек үстелдерді, баспасөз-конференцияларын, шеберлік-сыныптарын және киноиндустрияның үздік мамандары қатысқан арнайы іс-шараларды ұсынды. 

Шараның жабылуында Люк Бессонның "Валериан және мың планета қаласы" ("Valerian and the City of a Thousand Planets", 2017) картинасының қазақша дубляждалған нұсқасы көрсетілді.

Пікірлер