• Біздің парақшалар:

Мартин Скорсезенің фильмінде Леонардо ДиКаприо президент Рузвельтті ойнайды

Мартин Скорсезе мен Леонардо ДиКаприо / фото: Mark Davis/Getty Images North America; 2014

Мартин Скорсезе АҚШ-тың 26 президенті Теодор Рузвельт туралы фильм түсіреді. Басты рөлді Леонардо ДиКаприо орындауы тиіс. 

Жоба Paramount Pictures компаниясына тиесілі. Фильмнің жасалу және жарық көру мерзімі әзірге айтылмады.

Теодор Рузвельт - 1901-1909 жылдар аралығында Америка президенті болды. Ол ел тарихындағы ең жас президент болды - сайланған кезінде 42 жаста еді. Рузвельт орыс-жапон келісімін жасауға атсалысқаны үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алды. Ол қоршаған ортаны қорғауға да көп үлес қосты, бірнеше қорық пен ұлттық парктердің ашылуына себепші болды. Рузвельт оқ жарақатын алып тұрып көпшілік алдындағы сөзін тоқтатпаған адам ретінде де белгілі. 1912 жылы оған қастандық жасалады. Оған атылған оқ кеудесінде тұрып қалады, алайда ол 90 минут бойына сөзін тоқтатпаған.

Мартин Скорсезе мен Леонардо ДиКаприо осыған дейін "Нью-Йорк бандалары" ("Gangs of New York"), "Авиатор" ("The Aviator"), "Жолынан жаңылғандар" ("The Departed"), "Қарғыс аралы" ("Shutter Island"), "Уолл-стрит қасқыры" ("The Wolf of Wall Street") фильмдерінде бірге жұмыс істеді.

Пікірлер