• Біздің парақшалар:

"Хабар" арнасы қарашада екі отандық сериал көрсетеді

"Хабар" телеарнасы қараша айында жаңа екі отандық сериал көрсетеді. Олар - "Мезгілсіз махаббат" пен "Ана жүрегі".

"Мезгілсіз махаббат" сериалы 7 қарашадан бастап көрсетіледі.

Сюжетте елордаға жақында көшіп келген Дәрмен ақсақал туралы айтылады. Астанада жұмыс істейтін кіші баласы Әли үйлі-жайлы болғаннан кейін қолына көшіріп алып келді. Үлкен ұлы Сағи ауылда тұрады. Дәрменге қаланың жайлы қонысы ұнайды. Әйтсе де араласатын қатары жоқ, күн ұзақ есіктің алдында отырады, іші пысады. Кейде ауылға да қайтқысы келіп оқталып қояды. 

Ауылды сағынып, екі ойлы болып жүргенде, көрші подъезде тұратын түр сипаты келіскен, оны-мұныдан хабары көп Ғалия есімді құрдасымен танысады. Ғалия апамыз алпысқа келсе де, сыры кетпеген саптыаяқтай әлі де кербез, жүріс-тұрысы тың. Қаланың жағдайын жақсы біледі. Бұрын Целиноградта ЦУМ-да көп жылдар «заведущий» қызметін атқарған. Дәрмен ақасақалға апамыздың тура сөйлеп, тез шешім шығаратын қасиеті ұнай бастайды. Дәрмен шал өзінен зор шыққан апамыздың арбауына түсіп, ауылға деген желігі басыла бастайды. Ақсақалдың иіссуын сеуіп алып, «серуендеп келемін» деген сылтаумен сыртқа шығып кетуі көбейеді. 

Әкесінің жайын түсінген ауылдағы үлкен ұлы жұрттың әңгімесіне қалмай тұрғанда, шалды ауылға қайтаруға шешім қабылдайды. Бірақ енді ақсақалдың Астанадан кеткісі жоқ. Ғалия апамызбен әңгімелері жарасып, балшекер жастық шағы қайта жаңғырғандай күй кешіп жүр. Таразының бір жағында балалары, бір жағында Ғалия. Ары тартса, арба сынып, бері тартса, өгіз өлетін қиын бір күйге душар болады.

Режиссері Әнуар Матжановсценарийшілер Жәмид Көшербаев пен Асқар Дүйсенбі. Басты рөлдерде Айдос БектеміровДариға БадықоваЖалғас Толғанбай, Гүлнар Сейтімбет, Әлихан ЫдрышеваЕлдар ОтарбаевАйым Сейтметова, Айгүл Кәден ойнайды. Сериал әр бөлімі 26 минут болатын 14 сериядан тұрады.

Екінші сериал - "Ана жүрегі" 14 қарашадан бастап көрерменге жол тартады. Әлеуметтік драма қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларын қамтыған. Отбасы құндылықтарынан бастап, ананың үйдегі һәм қоғамдағы роліне дейін айтылған.

Сценарий авторы - белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова, режиссері - Санжар Омаров. Рөлдерде: Лейло Бекназар-ХанингаШәріп СерікЖанель Мақажанова, Олжас Тоғымбет, Зируза Тасмағамбетова.

Әлеуметтік драма 12 сериядан тұрады. 

Сондай-ақ бұрын көрсетілген "Пәленшеевтер" комедиясының екінші маусымы эфирге шығады. Нақты датасы әзірге жарияланған жоқ.

Пікірлер