• Біздің парақшалар:

Кевин Спейси: педофил деп айыпталды, "Картадан тұрғызылған үй" жабылып қалды

Кевин Спейси / фото: Dimitrios Kambouris/Getty Images North America (2016)

Продюсер Харви Вайнштейн төңірегіндегі секс-скандал Голливудты біраз дүрліктірді. Жыныстық қатынасқа тарту немесе күштеп көндіру оқиғалары өзге жұлдыздарға да қатысты айтылып жатыр. Жақында актер, екі мәрте "Оскар" алған Кевин Спейси де осындай дауға ілікті.

Актер Энтони Рэпп 14 жасында басынан өткен оқиғаны көпшілікке жария қылыпты. Оның айтуынша, сауық кештердің бірінде Спейси оны жыныстық қатынасқа тартпақшы болған. Кевин Спейси бұл айыптауға өз реакциясын білдірді. Ол бұл оқиға есінде қалмағанын, мастықпен болған қателік болғанын айтып, Рэпптен кешірім сұрады және көпшілік күтпеген мойындау әрекетіне барды: ол өзінің гей екенін жария қылды. 

Блогерлер мен журналистер бұл каминг-аут педофилия оқиғасынан көпшілік назарын бұру үшін жасалды деп, Голливуд жұлдызына сенімсіздік танытып отыр.

Осы даудың фонында тағы бір күтпеген жаңалық пайда болды. Кевин Спейси басты рөлде ойнайтын "Картадан тұрғызылған үй" ("House of Cards") саяси-драмасы жабылады деп хабарланды. Netflix басшылығының мәлімдеуінше, 2018 жылы шығатын алтыншы маусым телешоудың ақыры болады. Компания басшылығы сериал өндірісін тоқтату туралы шешімге Кевин Спейси төңірегіндегі даудың еш қатысы жоқ екенін айтты.

Харви Вайнштейннің басы дауға қалғаннан кейін оған Голливудқа есік жабылды, Америка киноакадемиясы бастаған біраз кәсіби ұйымдар оны құрамынан шығарып тастады. Ал Кевин Спейсидің актерлік карьерасы не боларын әзірге болжау қиын.

 

Дереккөздер: Business InsiderThe Hollywood ReporterЛента.Ру

Пікірлер