• Біздің парақшалар:

Ақан Сатаевтың фильмінде Елбасыны ойнайтын актер белгілі болды

Ақан Сатаев пен "Қазақфильм" президенті Бақыт Қайырбеков

«Елбасы жолы» киноэпопеясының келесі фильміне қатысты бірқатар деректер белгілі болды. Бұның бәрі Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында өткен қорғалым кезінде айтылды.

«Бейбітшілік кіндігі» («В эпицентре мира») деп аталатын картина сюжеті 1994 жылдың шілде айында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пленарлық отырыста астананың Алматыдан Ақмолаға ауыстырылатыны туралы жария еткенімен басталады. Фильмнің соңы 1998 жылдың 10 шілдесі күні қала күнін тойлаумен аяқталады. Президенттің діттеген жоспары бойынша жаңа астана тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің нышаны болуы тиісті. Президент алдында үлкен міндет – қысқа мерзім ішінде асқаралы Алатаудан, Сарыарқаның кең даласына астананы ауыстыру тұрады. 

Түсірілім жұмыстары биыл желтоқсан айында басталмақшы. Фильмге шетелдік гример Марк Кулир шақыртылған. Ол «Гранд Будапешт қонақүйі», «Темір ханым» («The Iron Lady») фильмдеріне жасаған грим үшін екі рет «Оскар» алған.

Н.Ә. Назарбаевты театр және кино актері Мұрат Ахманов сомдайды. Сонымен қатар, фильмге Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев және басқа да актерлер қатысады. Режиссері - Ақан Сатаев. Сценарий авторлары - Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов.

«Бейбітшілік кіндігінде» фильмі 2018 жылдың желтоқсан айында жарық көреді деп жоспарланған. Жоба өндірісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Сатайфильм» кинокомпаниясының атсалысуымен іске асады.

Пікірлер