• Біздің парақшалар:

Тарантиноның келесі фильміне Брэд Питт пен Леонардо ДиКаприо түседі

Квентин Тарантиноның алдағы фильмінің актерлік құрамына Брэд Питт пен Леонардо ДиКаприо қосылды.

"Бірде Голливудта" ("Once Upon a Time in Hollywood") деп аталатын жоба 1960 жылдардағы хиппилер сәнге айналған заманға арналады. Сюжеті Чарльз Мэнсон бастаған топтың қатыгездікпен кісі өлтіру оқиғаларының фонында өрбиді. ДиКаприо сол кезеңде белгілі болған телеактер Рик Далтонды, ал Питт оның дублері болған Клифф Бутты ойнайды. ДиКаприоның кейіпкері режиссер Роман Поланскидің әйелі, актриса Шэрон Тейттің көршісі болады. Ал Шэрон Тейт жоғарыда аталған банданың қолынан қаза тапқаны белгілі. Режиссер, сонымен қатар, Полански мен оның марқұм жарының рөліне де актерлер іздеуде. Ол Шэрон Тейт рөліне Марго Роббиді тартқысы келеді.

Тарантиноның айтуынша фильмнің сценариін жазуға бес жыл уақыт кеткен. Бұрын жобаға продюсер ретінде Тарантиноның бұрыннан келе жатқан серіктестері Харви және Боб Вайнштейн атсалысады деп айтылған еді. Алайда Харви Вайнштейннің басы секс зорлыққа қатысты дауға қалғаннан кейін, режиссер олармен әріптестігін үзді. "Бірде Голливудта" жобасын енді Weinstein Company емес, Sony Pictures қаржыландыратын болыпты.

Түсірілімнің қашан басталатыны белгісіз, бірақ премьера күні белгіленіп қойылған - 2019 жылы 9 тамыз.

Еске сала кетелік, Брэд Питт те, Леонардо ДиКаприо да бұған дейін Квентин Тарантиноның фильміне түсіп көрді. Питт "Шатақ базбұзарларда" ("Inglourious Basterds"), ДиКаприо "Азат етілген Джангода" ойнады.

Чарльз Мэнсон / фото: mansondirect.com

Чарльз Мэнсон "Отбасы" деп аталатын коммунаны басқарған адам ретінде белгілі. Оның бастамасымен бірқатар кісі өлтіру жағдайлары болды. Солардың ішінде көп айтылатыны - 1969 жылы тамызда болған оқиға. Коммуна мүшелері бір үйге баса-көктеп кіріп, 5 адамды өлтіреді. Олардың арасында белгілі стилист Джей Сэбринг және Роман Поланскидің әйелі, актриса Шэрон Тейт болды. Актриса жүктіліктің тоғызыншы айында еді.

Осыдан кейін бүкіл банда мүшелері тұтқындалды. Чарльз Мэнсон өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ал 2017 жылы қарашада түрмеде қайтыс болғаны белгілі болды.

 

Дереккөз: The WrapThe Hollywood Reporter

Пікірлер