• Біздің парақшалар:

71-ші Канн кинофестивалі мамырдың 8-19 аралығында өтеді

© Design : Flore Maquin - Photo : Pierrot le fou © Georges Pierre

Биылғы 71-ші Канн кинофестивалі мамырдың 8-19 аралығында өтеді. Ашылу фильмі ретінде Иран режиссері Асгар Фархади түсірген "Бәріне мәлім" ("Todos lo saben") фильмі таңдалған. Картинада басты рөлдерде ерлі-зайыпты актерлер Пенелопа Крус пен Хавьер Бардем ойнайды.

Асгар Фархади - "Оскар" сыйлығының екі мәрте лауреаты, сондай-ақ "Өткен өмір" ("Le passé") және "Сатушы" ("Forushande") фильмдері үшін 2013 және 2016 жылдары Канн кинофестивалінің жүлделерін алды.

Әділқазылар алқасын актриса Кейт Бланшетт басқарады. Негізгі конкурсқа 18 кинотуынды енді:

  1. "Бәріне мәлім" ("Todos lo saben"), режиссер Асгар Фархади (Испания)
  2. "Жаз" ("Лето"), режиссер Кирилл Серебренников (Ресей)
  3. "Басқа әлем" ("Un Autre Monde"), режиссер Стефан Бризе (Франция)
  4. "Итбегі" ("Dogman"), режиссер Маттео Гарроне (Италия, Франция)
  5. "Суретті кітап" ("Le livre d'image"), режиссер Жан-Люк Годар (Франция)
  6. "Мені оятсаң да" ("Netemo sametemo"), режиссер Рюсукэ Хамагути (Жапония)
  7. "Ләззат, махаббат және жүгіру" ("Plaire, aimer et courir vite"), режиссер Кристоф Оноре (Франция)
  8. "Күн қыздары" ("Les filles du soleil"), режиссер Ева Хассон (Франция, Бельгия, Грузия, Швейцария)
  9. "Күлгін - ақтың ең тазасы" ("Jiang hu er nv"), режиссер Цзя Чжанкэ (Қытай, ФранцияЖапония)
  10. "Ұры отбасы" ("Manbiki kazoku"), режиссер Хирокадзу Корээда (Жапония)
  11. "Капернаум" ("Capharnaüm"), режиссер Надин Лабаки (Ливан, Франция)
  12. "Жалынды" ("Beoning"), режиссер Ли Чхан-дон (Оңтүстік Корея)
  13. "Қара нәсілді Ку-клукс-кландық" ("BlacKkKlansman"), режиссер Спайк Ли (АҚШ)
  14. "Силвер-Лэйк астында" ("Under the Silver Lake"), режиссер Дэвид Роберт Митчелл (АҚШ)
  15. "Үш келбет" ("Three Faces"), Джафар Панахи (Иран)
  16. "Қырғи-қабақ соғыс" ("Zimna wojna"), режиссер Павел Павликовский (Польша, Франция, Ұлыбритания)
  17. "Бақытты Лазарь" ("Happy as Lazzaro"), режиссер Аличе Рорвахер (Италия, Швейцария, Франция, Германия)
  18. "Йомеддин" ("Yomeddine"), режиссер А.Б. Шавки (Мысыр, АҚШ, Австрия)
  19. "Жүрекке қадалған пышақ" ("Un Couteau Dans Le Cœur"), режиссер Ян Гонсалес (Франция)
  20. "Айка" ("Ayka"), режиссер Сергей Дворцевой (Қазақстан)
  21. "Жабайы алмұрт ағашы" ("Ahlat Ağacı"), режиссер Нури Бильге Джейлан (Түркия)

Конкурстан тыс көрсетілімге Рон Ховардтың "Соло: Жұлдызды соғыстар хикаясы" ("Solo: A Star Wars Story") және Жиль Леллуштың "Ле-Гран Бан" ("Le grand bain") картиналары енді. Сондай-ақ "Ерекше көзқарас" бағдарламасына 14 фильм іріктелген. Олардың арасында Қазақстанның тәуелсіз режиссері Әділхан Ержановтың "Ласковое безразличие мира" картинасы да бар. Бұлардан бөлек "Арнайы көрсетілім", "Түнгі көрсетілім" секілді бағдарламалар жұмыс істейді.

2018 жылғы Канн фестивалінің ресми постерінде Жан-Люк Годардың 1965 жылғы "Ессіз Пьеро" ("Pierrot le fou") фильмінен алынған кадр бейнеленген. Басты рөлде Жан-Поль Бельмондо мен Анна Карина ойнаған еді.

Пікірлер