• Біздің парақшалар:

Астанада 1-7 шілде аралығында XIV «Еуразия» ХКФ өтеді

Астанада 1-7 шілде аралығында XIV «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтеді. Шара қонақтары ретінде Венсан Кассель, Леа Сейду, Равшана Куркова, Эмир Кустурица секілді кино жұлдыздарының есімі аталды.

Ресми бағдарлама аясында халықаралық конкурс, қысқа метр конкурсы өтеді. Ал конкурстан тыс бағдарламаға түркітілдес мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің «Караван», қазақстандық жаңа фильмдерге арналған «Еуразия жүрегінен», НЕТПАК таңдауы, А санатына жататын әлемдік кинофестивальдардың жүлдегерлері қатысатын «Әлем шеңберінде», «Айрықша көрсетілім» - түрлі кезеңдердегі кино мэтрларының ретроспективасы, деректі киноға арналған «Объектив» деген конкурстар еніп отыр.

Негізгі конкурстың халықаралық әділқазылар алқасы: WANG Xiaoshuai (Қытай), продюсер; Амир Эсфандиари (Иран), продюсер; Габриэлла Кристиани (Италия), монтажшы/режиссер; Ермек Тұрсынов (Қазақстан), режиссер, сценарийші; Peter Scarlet (АҚШ), фестивалдер ұйымдастырушы.

Қысқа метр конкурсының халықаралық әділқазылар алқасы: Семих Капланоглу (Түркия), режиссер/сценарийші/продюсер; Милош Бикович (Сербия), актер; Самал Еслямова (Қазақстан), актриса; Jeremy Chua (Сингапур), продюсер/сценарийші; Джордж Буллон (Франция), қысқаметраждар кинофестивалін ұйымдастырушы.

ФИПРЕССИ әділқазылар алқасы: Ахмед Шавки (Египет), киносыншы; Эми Николсон (АҚШ), киносыншы/сценарийші; Инна Смаилова (Қазақстан), киносыншы/кинотанушы. НЕТПАК әділқазылар алқасы: Бина Пол (Үндістан), монтажшы; Анна Деми Герое (Австралия), киносыншы; Қанат Төребай (Қазақстан), продюсер.

Сонымен қатар фестиваль аясында 1-4 шілде аралығында Eurasia Film Market кинонарығы өтеді. Eurasia Film Market – кино саласындағы қызметтер мен кино өнімдерін көрсетуге, келісімшарттар жасауға, кездесулер өткізу мен пікір алмасуға, басқа елдің өкілдерімен тәжірибе арналған интерактив платформа.

Бұған қоса Еуразия жобалар нарығы (Eurasia Project Market) өтеді. Бұл қазақстандық жас кинематографшылардың сценарий немесе өндіріс деңгейіндегі жобаларын қорғауға арналған іскерлік алаң. Еуразия жобалар нарығына қатысуға биыл Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан өкілдерінің 10 картинасы мүмкіндік алды.

Eurasia Film Market байқауының әділқазылар алқасы: Джим Миллер (АҚШ), New York Film Academy киноакадемиясының вице-президенті; Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан), сценарийші, режиссер; Нина Ромодановская (Ресей), кинотанушы, ProfiCinema порталының бас редакторы; Филип Че (Сингапур), киносыншы, NETPAC сарапшылар кеңесінің мүшесі; Сергей Гранкин (Израиль), журналист; Майкл Кэнэнэк (АҚШ), дистрибуция саласының маманы; Евгений Гиндилис (Ресей), продюсер, Еуропа киноакадемиясының мүшесі.

Әділқазылар екі жеңімпазды анықтайды, 1 орын иегері New York Film Academy киноакадемиясында бір апта машықтанады, 2 орын иегері «Еуразия» ХКФ делегациясымен бірге А санатына жататын бір кинофестивалге барады.

XIV «Еуразия» ХКФ-нің ашылу және жабылу салтанаты «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Кинокөрсетілімдер MEGA Silk Way және Хан Шатыр сауда орталықтарында орналасқан Chaplin кинотеатрларында өтеді, ал фестиваль орталығы мен кинонарық Wyndham Garden Astana қонақүйінде орналасады.

Пікірлер