• Біздің парақшалар:

"Хабар" қыркүйекте екі төл сериалын көрсетеді

"Хабар" телеарнасы осы қыркүйекте отандық екі сериал шығаратынын мәлімдеді. 

"Тағы да сүй" романтикалық драмасы сүйгенінен көз жазып қалған жігіттің хикаясын хабарлайды. Сериалдың режиссері Асхат Мұсабай ("Қария"), басты рөлдерде Шалқар Құдайберген, Адина Бажан, Нұрсәуле Әубәкірова есімді жас актерлер.

Сюжеті сүйген қызы Асылдан қапыда көз жазып қалған Аянның тағдырымен басталады. Уақыт өте келе жан жарасынан арылған ол Мереймен бас қосады. Бірақ оған деген тағдырдың сыйы таусылмапты. Аян Асылды қайта жолықтырады.

12 бөлімнен тұратын «Тағы да сүй» 10 қыркүйектен бастап дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 22:20-да эфирге шығады.

Тағы бір жоба "Детектив әже" деген комедия. Басты рөлдерде - Ғазиза Әбдінәбиева мен Ниязбек Шәйсұлтанов. Сериалды Серікбол Өтепбергенов ("Алтыншы бекет") түсірді.

Сюжеті полиция академиясында оқып, құқық қорғаушы болып жүрген Мұрат пен оның ауылдағы әжесі Гүлдана арасындағы қарым-қатынас төңірегінде өрбиді. Әжейдің 70 жасқа толуына орай немересі ауылына келеді. Кішігірім тойдан кейін Гүлдана апай Мұратты полиция қызметінен баяғыда-ақ шығарып жібергенін және оның қазір кинода эпизод рольдерді сомдаумен нәпақасын тауып жүргенін біледі. Сосын Мұрат бәрін тастап, туған ауылында қалуға бел буады. Бірақ Гүлдана әжей жерлестерінің алдында ұятқа қалмас үшін оны жергілікті учаскелік бөлімшеге жұмысқа орналастырады. Өкінішке қарай, әжейдің немересі қылмыстық істерді жүргізуде осал. Сондықтан бұл қызметті өз мойнына алады.

"Детектив әженің" шығатын датасы әзірге хабарланған жоқ.

Пікірлер