• Біздің парақшалар:

Қазақстан кинематографшылары "Азия Оскарының" бесеуіне үміткер

Қазақстан режиссерлері түсірген фильмдер "Азия Оскары" аталып жүрген "Asia Pacific Screen Awards" киносыйлығының бес номинациясына ілікті. Бұл туралы Vласть интернет-журналы хабарлайды.

7 қазанда Asia Pacific Screen Awards сыйлығының номинанттары жарияланды. Жапония мен Қытай 7 номинациядан алған, ал Қазақстанда және Австралия мен Үндістанда - бесеу. Барлығы конкурсқа 22 елдің 46 кинокартинасы қатысуда.

"Үздік фильм" аталымында бес фильм бар, оның біреуі - Әділхан Ержановтың "Әлемге жылы бейжайлық" / "Ласковое безразличие мира" фильмі. Ержановтың туындысы "Үздік түпнұсқа сценарий" марапаты үшін де таласады.

"Үздік режиссер" атағына үміткерлер қатарында "Өзен" картинасын түсірген Эмир Байғазин бар. Ал үздік актрисаларға арналған номинацияға Жанна Исабаеваның "Света" фильмінде ойнаған Лаура Королёва мен Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде ойнаған Самал Еслямова кірді.

Азия-Тынық мұхиты киносыйлығы (Asia Pacific Screen Awards) 2007 жылы құрылған. Киноакадемияның штаб-пәтері Австралияда, Брисбен қаласында орналасқан. Сыйлықпен Азия-Тынық мұхиты аймағының фильмдері, кино саласындағы тұлғалары марапатталады. Фильмдерді бағалаудағы басты критерийлердің бірі - онда көрсетілетін ұлттық мәдени құндылықтар.

Бұған дейін де Қазақстанның кинематографшылары осы киносыйлықтың номинацияларына іліккен, алайда жүлделі болып көрмепті. Биылғы, 12 марапаттау шарасы 29 қарашада өтеді.

Дереккөз: Vласть

Пікірлер