• Біздің парақшалар:

Қарашада 14-ші Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі өтеді

Алматы қаласында 2018 жылғы 17-21 қараша аралығында 14-ші Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі өтеді. Биылғы кинофорум бұрынғылармен салыстырғанда форматын біраз өзгертіпті. 

Шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар түркітілдес мемлекеттердің киносына да баса назар аударылмақшы.

Шәкен Айманов ХКФ - бұл «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальдің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Сондықтан биыл ол мүлдем жаңа форматта ұсынылады.

Жаңарған кинофестивальдің басты концептуалдық идеясы - Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. 

Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік киноматография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.

ХКФ конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы «Тоғысу» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Атамекен» - бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға ҚР кинематографистер Одағының «Құлагер» ұлттық премиясы беріледі.

Көрермендерге арналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда дүниежүзіне танымал классикалық кинотаспалардан бастап ірі халықаралық кинофестивальдардың жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік кино майталмандарының қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмекші. 

Фестивальдің президенті – КСРО Халық әртісі, отандық және кеңестік кинематография саласында аты аңызға айналған тұлға - Асанәлі Әшімов.

Кинофестивальдің бас директоры- қазақстандық танымал кинорежиссер, ҚР Кинематография Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.

Шараны ұйымдастырушы - ҚР Кинематографистер Одағы.

Құрылтайшы- ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Пікірлер