• Біздің парақшалар:

"Хабар" және "Qazaqstan" арналары 29 қазанда жаңа сериалдарын ұсынады

"Хабар" және "Qazaqstan" телеарналары 29 қазаннан бастап жаңа сериалдарын көрерменге ұсынады.

"Хабар" арнасында "Қарлығаш ұя салғанда" драмасы басталады. Басты рөлдерде Кәмшат Жолдыбаева мен Еркебұлан Дайыров.

Сюжетте Қарлығаш есімді 32 жастағы әйел туралы айтылады. Ол мансап қуып, осы жолда жетістікке жеткендердің бірі. «Дұрыс тамақтану» сауда-саттық бөлімінің тізгінін ұстаған ол жеке өміріне мүлдем көңіл бөлмейді, кез келген жігіттің бетін көзқарасымен-ақ қайтарып тастайды. 
Бір күні ауруханада әкесінің ауыр халде жатқаны жайында хабар келеді. Денсаулығы нашарлаған әкесі қызына тез тұрмысқа шығып, немере сүйдіруін қалайтынын айтады.

12 бөлімнен тұратын сериалдың эфир уақыты 19:15.

"Qazaqstan" ұсынатын жоба "Өсиет" деп аталады. Бұнда әке мен оның қыздары арасындағы қарым-қатынас сөз болады. 

Қазақстанның кәдімгі бір қаласында қарапайым отбасы өмір сүреді. Әкесі және оның қыздары. Олардың қарым-қатынасын мінсіз деуге келмейді, бірақ ересек балалардың әрқайсысының өз ерекшелігі, өз мінезі болады емес пе?

Әдеттегі күндердің бірінде отағасы қыздарына өзінің айықпас дертке шалдыққанын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, азғантай ғана өмірі қалған. Сондықтан өзінің бүкіл өмір жолын таразылай келе, қария өз қыздарына қатысты күнәларынан арылғысы келді ме екен, әлде көп жылдар бұрынғыдай үлкен бір отбасы болып тұруды қалады ма, қалай болғанда да, қыздарына өзінің соңғы күндерін олармен бірге өткізгісі келетіндігі туралы шарт қояды. Бұл үшін олардың бәрі оның үйіне көшіп келулері тиіс еді. 

Әке рөлінде Болат Әбділманов ойнайды. Эфир уақыты 21:50.

Пікірлер