• Біздің парақшалар:

Алматыда VII «Бастау» ХКФ басталды

Алматыда VII «Бастау» Халықаралық студенттік фильмдер мен киномектептер кинофестивалі басталды. Фестиваль 5-8 қараша аралығында өтеді.

Фестиваль президенті Сергей Әзімовтың айтуынша, биыл фестивалге Қазақстанды қоса алғанда, 35 елден 320 ұсыным келіп түскен. Іріктеу комиссиясын басқаратын отандық режиссер Әділхан Ержанов және кинотанушы Инна Смаилова, режиссер Азат Хәкімов және кинотанушы Баубек Нөгербек конкурстық бағдарламаға 47 фильмді іріктеп алған. Конкурсқа Қазақстаннан, Ресейден, Израильден, Түркиядан, Германиядан, Испаниядан, Швейцариядан, Кореядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Белорустен, Словакиядан, Армениядан, Сауд Арабиясынан, Португалиядан, Ираннан, Грузиядан, Сингапурдан, Украинадан киногерлер қатысып отыр.  

VII «Бастау» ХКФ халықаралық қазылар алқасын грузин кинорежиссері, сценарист, жазушы, педагог Ираклий Квирикадзе басқарады. Мүшелер қатарында монтаж режиссері Сильван Кутандин («Сталинге сыйлық», «Бауыр», «Дала дауысы»), ресейлік актриса Эльвира Болгова («Егіздер», «Менің үлкен армян отбасым», «Аннаның соңғы құрбаны», «Өгей қыз» және басқалар.), қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сонымен қатар, отандық танымал режиссер әрі қоюшы суретші Сәбит Құрманбеков. Негізгі жюриден бөлек «Бастауда» әдеттегідей студенттік қазылар алқасы жұмыс істейтін болады. Биыл оның қатарына Испанияның, Қазақстанның, Белорустің, Ресейдің және Қырғызстанның киногерлері еніп отыр.

Биыл фестивалге халықаралық дәрежедегі қонақтар да келеді. Олар: Korea University of Media Arts университеті, киноөндіріс факультетінің деканы - Kim Hyeong Doo, «Мосфильм» киностудиясының дыбыс режиссері Марина Нигматуллина, сонымен қатар, кинооператор, Карпенко-Карий атындағы университетінің (Украина) оқытушысы Евгений Филиппов.

Фестивальдің қонақтары мен қазылар алқасы шеберлік сағаттарын және шығармашылық кездесулер өткізеді. Кездесулер барысында кино мамандығы туралы қызықтыратын сауалдарды қойып, мағлұмат алуға мүмкіндік туады. 

Сондай-ақ, «Бастау» фестивалі аясында «Кинематограф, медиасфера және рухани жаңғырудағы ақпараттық қатерлер» тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конкурстық фильмдердің көрсетілімдері Жүргенов атындағы ҚазҰӨА кинозалы мен оқу театрында жүретін болады.

«Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы - «Кинокомпания Танарис Продакшн» ЖШС, қолдаушылар - Алматы қаласының әкімдігі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, «Тұран» университеті және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы.

Фестивальдің жұмысы туралы ақпаратты www.bastauiff.kz. сайтынан біле аласыздар.

Пікірлер