• Біздің парақшалар:

Ұйымдастырушылар жаңарған Шәкен Айманов кинофестивалі туралы түсіндірді

8 қараша күні, Алматы қаласындағы «Интерфакс-Казақстан» агенттігінің баспасөз-орталығында 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалін ұйымдастырушылардың баспасөз-мәслихаты болып өтті. Баспасөз-мәслихатқа КСРО Халық әртісі, отандық және кеңестік кинематография саласында аты аңызға айналған тұлға, кинофестивалдің президенті - Асанәлі Әшімов, кинофестивалдің бас директоры - қазақстандық танымал кинорежиссер, ҚР Кинематография Одағының төрағасы - Ермек Тұрсынов, кинофестивалдің көркемдік жетекшісі - Диана Ашимова және фестивальдің іріктеу комиссиясының төрағасы - атақты қазақстандық киносыншы, «Олег Борецкий киноклубының» негізін салушы - Олег Борецкий қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша Алматы қаласында 2018 жылдың 17-21 қараша аралығында 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов Кинофестивалі өтеді. Өзіндік тарихы бар бұл шара бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғалы отыр. Оңтүстік астанада бұл жолы бас қосатын меймандар дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келмек. Шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама болады. Сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттердің киносына да ерекше назар аударылмақшы.

Шәкен Айманов ХКФ - бұл «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальдің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде  қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Биыл ол мүлдем жаңа форматта көрініс тауып отыр. Жаңарған кинофестивальдің басты концептуалдық идеясы - Орталық Азия жүрегі - Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. 

Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік кинематография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.

ХКФ конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы «Тоғысу» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Атамекен» - бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға ҚР кинематографистер Одағының «Құлагер» ұлттық премиясы беріледі.

Көрермендерге арналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда дүниежүзіне танымал классикалық киноленталардан бастап ірі халықаралық кинофестивалдердің жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар, қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмекші. 

- Мұндай кинофестивалдер халыққа өте керек. Өйткені кино өнері – ең біріншіден халықтың еншісіндегі дүние. Кинофестивалді жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастыратынымызға сенімім мол. Бұл қазақ киносының тарихын, оның мәртебесін көтеріп, бізге өз ұстанымы бар басыбайлы ел болудың жолын нұсқайды,- деді баспасөз барысында фестиваль президенті Асанәлі Әшімов.  

-Біздің мақсатымыз - саналы көрерменді қайтару. Біз оған қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей кино көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы кинотілде сөйлескеніміз абзал. Мен шынайы өнер деп айтуға тұрарлық нағыз киноны меңзеп тұрмын, - деді фестивальдің бас директоры Ермек Тұрсынов өз сөзінде.

- Биыл біз кинофестивалдің ребрендингімен айналыстық, концепциясын, атын өзгерттік. Бұрын бұл кинофестиваль, негізінен, жас кинематографистерді қолдауға бағытталған болатын, енді, бұл кез келген жасты немесе аумақтық шекараларды талғамайтын кәсіби кинокөрмеге айналғалы отыр. Әлемнің 90 елінен 300-ге жуық өтінім келіп түсті, соның ішінен 45-ке жуық картина көрермендерге және халықаралық қазылар алқасына ұсынылатын болады. Үш негізгі бағдарламадан басқа, көрермендерді ірі халықаралық кинофестивалдерде жүлдегер атанған картиналар жиналған әлемдік панорама қызықтыратыны сөзсіз. Сонымен бірге, көрермендерді қазақстандық фильмдердің премьералары, сондай-ақ, отандық және шетелдік кинематография шеберлерінің туындылары күтуде, - деді фестивальдің көркемдік жетекшісі Диана Ашимова.

- «Фестивальдің халықаралық бағдарламасына қатысу үшін 53 картинадан 11-і таңдалып алынды, оның ішінде Түркия, Иран, Перу, Оңтүстік Африка, Куба, Еуропа елдері және бір қазақстандық фильм бар. Таңдалған фильмдер коммерциялық емес, фестивалдік шығармалар», - деп түсіндірді фестивальдің іріктеу комиссиясының төрағасы Олег Борецкий.

Шараны ұйымдастырушы - ҚР Кинематографиястер Одағы.

Құрылтайшы- ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Пікірлер