• Біздің парақшалар:

VII «Бастау» Халықаралық кинофестивалі аяқталды

Алматыда VII «Бастау» Халықаралық студенттік фильмдер мен киномектептер фестивалі өтті. Қазылар алқасы және көрермендер назарына төрт күн бойы, қарашаның 5 мен 8 аралығында Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің жас режиссерлері түсірген фильмдер ұсынылды. 

Биыл «Бастау» кинофестиваліне әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ұсыным жіберілген болатын. Іріктеу комиссиясын басқарған режиссер Әділхан Ержанов конкурсқа 22 елден келген 47 фильмді таңдап алған. 

Кинофестивальдің қазылар алқасына енген грузин кинорежиссері, сценаристі, жазушысы әрі педагог Ираклий Квирикадзе (төраға), монтаж режиссері Сильван Кутандин, ресейлік актриса Эльвира Болгова, қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сондай-ақ, отандық режиссер Сәбит Құрманбеков ұзақ талқылаудан соң, «Бастаудың» жүлделерін төмендегідей бөлген: 

Гран-при – «Зәуре туралы хаттар», реж. Адам Дунаев, Ресей 

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Әлем адамы», реж. Данияр Әзімов, Қазақстан

«Ер адам ролін үздік сомдағаны үшін» призі – Ахмед Варли, «Кешегі қалдық», Түркия

«Әйел адам ролін үздік сомдағаны үшін» призі – Эльмира Рахимжонова, «Ана», Өзбекстан

«Үздік операторлық жұмыс» призі – Вахтанг Кхубитя , «Айқай», Ресей

«Үздік сценарий» призі – Ийе Ким, «Бірге барамыз» деректі фильмі, Оңтүстік Корея

Қазылар алқасының арнайы аталымы – «Ашық аспандағы симфония», реж. Синье Кольэ, Германия

Отандық кинематографияға қосқан үлесі және Қазақстанның жас кинематографистерін өсіргені үшін призі танымал режиссер – Дәрежан Өмірбаевқа берілді. 

Ораз Әбішев атынан берілетін жүлде «Атакәсіп» деректі фильмінің режиссері Берік Жахановқа табысталды.

«Бастаудың» негізгі қазылар алқасымен қатар Белорусь, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның өкілдері кірген студенттік қазылар алқасы да жұмыс істеген. Бұл қазылар алқасын VI Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған испаниялық режиссер Яго Матео басқарды. Студенттік қазылар алқасы Гран-приді Қазақстаннан қатысқан Әлішер Жәдігеровтың «Отау» фильміне табыстап, ерекше аталымды Сингапурлық режиссер Тэнг Ван Синьнің «Ақ қалампыр» картинасына берді. 

Айта кетелік, «Бастау» ХКФ аясында қазылар алқасы және фестиваль қонақтары шеберлік сабақатарын өткізіп, шығармашлықы кездесулерге қатысты. Мәселен, негізгі қазылар алқасының мүшесі Эльвира Болгова Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенттерімен кездесті, ал отандық режиссер Әділхан Ержанов «Тұран» университетінің тәлімгерлерімен әңгімелесіп, тәжірибесімен бөлісті. 

«Мосфильмнің» дыбысрежиссері Марина Нигматуллина және кинооператор, Карпенко-Карий атындағы украиндық университеттің ұстазы Евгений Филиппов шеберлік сағатын өткізіп, жиналғандарға мамандықтарының ерекшеліктері жайында сөз етті.  

Сонымен қатар, «Тұран» Университетінде фильмді фестивальге тарату жайлы ресейлік үздік FESTAGENT платформасының координаторы Ольга Баженова шеберлік сабағын берді. Лекция тақырыбы: «Фильмді кинофестивальге жылжыту: жүйелі іс-әрекет».

Сондай-ақ, «Бастау» фестивалі аясында «Кинематограф, медиасфера және әлеуметтің рухани жаңғырудағы ақпараттық қатерлер» тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Жыл сайын өтетін студенттік фильмдер мен киномектептер басқосуы биыл «Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы («Кинокомпания Танарис Продакшн» ЖШС), Алматы қаласының әкімшілігі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, «Тұран» университеті және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткізілді. Фестиваль Президенті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, продюсер Сергей Әзімов

 

Дереккөз: VII «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептер халықаралық кинофестивалінің баспасөз-қызметі

Пікірлер