• Біздің парақшалар:

"Хабар" арнасы қарашада екі сериалын эфирге шығарады

"Хабар" телеарнасы қарашада екі сериалын эфирге шығарады.

"Бөрі" деген телетуынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің капитаны Тимур Халибеков жайында. Әйелінің өлімінен кейін, оның әдейі жасалғанын біліп, өз бетімен зерттеуге кіріседі. Бірақ оның бұл ісіне генерал майор Әділет Даниярұлы қарсы болады.

Басты рөлдерде Асан Мәжит пен Азиз Бейшеналиев ойнайды.

"Бөрі" қылмыстық драмасы 14 қарашадан бастап көрсетіледі. Эфир уақыты 19:10.

"Шашу" деп аталатын келесі жоба отбасылық құндылықтар мен қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл өмірін насихаттайды.

Басты кейіпкерлер Арман мен Аида шетелде білім алып, сол жақта табысып, отбасын құрған. Ұлдары Алан 3 сыныпта оқиды. 10 жылдан астам уақыт АҚШ-та тұрып жатқан "шетелдіктердің" бір қалыпты өмірін Науат апаның хабары өзгертеді.

Ауылда ұлын күтіп жүрген Науат апа "қара шаңырақтың иесі келеді" деп қыздарының қолына бармайды. Бірақ Арман әзірге елге қайтуды ойламайтын еді және жыл өткен сайын сол жаққа сіңісіп, туған елге ат басын бұруы тіпті сиреп, алыстап бара жатқаны сезіледі. Мұны түсінген Науат апа қыздары мен күйеу балаларын шақыртып, "шетелдіктерді" елге қайтарып, осында алып қалудың жоспарын құрады.

Анасының шұғыл хабарын естіген Арман Аида мен Аланды ауылға барып келуге көндіреді. Алайда олардың туған елге сапары өздері ойлағандай тез аяқтала қоймайды.

Қазақы салт-дәсүр үстемдік құрған ағайын-туыстың ортасындағы өмірден жырақтап кеткен Арман жезделерінің, Аида қайын әпкелерінің сынағынан өтеді. Ауыл өмірімен етене танысқан Алан үшін де жаңа әлем ашылғандай болады.

32 бөлімнен тұратын сериал 26 қарашадан бастап шығады.

Пікірлер