• Біздің парақшалар:

Disney студиясы жұмыстан шығарып жіберген Джеймс Ганнды қайтарып алды

Фото көзі: Anthony Harvey/Getty Images Europe

Режиссер Джеймс Ганн Disney студиясына қайтып келді. Deadline басылымының хабарлауынша, студия басшылығы оған "Галактика сақшыларының" үшінші бөлімін түсіруге рұқсат берген.

"Галактика сақшыларының" екі бөлімін сәтті жасап шыққан Джемс Ганн былтыр жазда даулы оқиғадан кейін орнынан кетуге мәжбүр болған еді. Бұған оның әлеуметтік желідегі көп жыл бұрынғы жазбалары себеп болған. Режиссер педофилия, зорлау және СПИД тақырыптарында орынсыз әзіл жазған екен.

Осыдан кейін "Галактика сақшылары" фантастикалық эпопеясының болашағына қауіп төнді. Үшінші сериясы 2020 жылы шығады деп жарияланғанымен, режиссер орнынан кеткеннен соң жұмыс тоқтап қалды. Фильмде басты рөлдерде ойнаған кейбір актерлер де Ганнсыз бұл жобаға қатыспаймыз деп мәлімдеді. Marvel фанаттары да режиссерді қайтаруды талап етті.

Алайда Джеймс Ганн жұмыссыз қалған жоқ. Оны Marvel-дің бәсекесі саналатын DC компаниясы шақырып, "Өлімге бәс тіккендер жасағы" кинокомиксінің жалғасын түсіруге тағайындалды. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, режиссер екінші "Суицидшілер жасағына" сценарийді дайындап та қойыпты. Ол осы фильмді толықтай түсіріп, аяқтап кетуі де әбден мүмкін.

Walt Disney басшылығы да бұған қарсы емес тәрізді. Олар Джеймс Ганн Warner Bros. студиясындағы міндеттемесін толық аяқтағанша күтуге дайын деп хабарлайды Deadline. Ал "Галактика сақшылары 3"-ке қатысты түсірілім және премьера мерзімі әзірге айтылған жоқ.

Осыған орай режиссер Twitter-дегі парақшасында студияға қабылданған шешім үшін рахмет айтып, өзін қолдағандарға алғыс білдірді: "Мен өз қателігімнен үнемі сабақ алып отырамын және әрі қарай да өзімді жақсарту үшін жұмыс істейтін боламын. Мен Disney-ге қабылдаған шешім үшін алғыс білдірем және бәрімізді байланыстырушы махаббатты зерттейтін фильмдерді түсіруді қуанышпен жалғыстырамын".

Пікірлер