• Біздің парақшалар:

Қазақ режиссерінің фильмі Мәскеу кинофестивалінде Гран-при алды

Режиссер Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») көркем фильмі 41 Мәскеу халықаралық кинофестивалінде Гран-приге ие болды. Фестиваль 2019 жылғы сәуірдің 18 мен 25 аралығында өтті.

Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Фильмнің сценариі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» романының негізінде жазылған. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Георгийді» Шәріповқа халықаралық қазылар алқасының төрағасы – танымал корейлік режиссер Ким Ки Дук табыстады. 

Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу – көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді. 

Естеріңізге сала кетсек, «Тренинг личностного роста» фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Сонымен қатар, картинаның қоржынында екі бірдей жүлде бар –  14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесі және НЕТПАК жүлдесі.

Дереккөздер: Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы және 41 Мәскеу халықаралық кинофестивалінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы

Пікірлер