• Біздің парақшалар:

XV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің жеңімпаздары

XV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі аяқталып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде - Гран-При Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильміне берілді. Жүлдені халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал мажар режиссері Тамаш Тот табыстады.  

Негізгі конкурстың лауреаттары:

  • Үздік режиссер: "Паразит", реж. Пон Чжун Хо (Оңтүстік Корея)
  • Үздік еркек рөліЙорам Толедано - "Жаңғырық" / "Hed" (Израиль)
  • Үздік әйел рөліЭмили Пипоннье - "Алиса" / "Alice" (Франция, Австралия)
  • Қазылар алқасының арнайы жүлдесі: "Надо мною солнце не садится", реж. Любовь Борисова (Саха, Ресей)
  • НЕТПАК таңдауы: "Дылда", реж. Кантемир Балагов (Ресей)

Үздік сценарий үшін сыйлықты "Құдай бар, оның есімі Петруния" / "Gospod postoi, imeto i' e Petrunija" фильмінің авторлары Теона Стругар Митевска мен Эльма Татарагич алды.

Фестивальдің бас серіктесі - "Хабар" агенттігінің ерекше дипломдарымен татар режиссері Юлия Захарованың "Халима" фильмі, сондай-ақ режиссер Азиз Заировтың "Қыз бен теңіз" фильмі марапатталды. Үздік қысқа метражды фильм үшін Гран-при қытайлық "Жарқын күндер" кинолентасына бұйырды. Бұл байқауда қазылар алқасының арнайы жүлдесін өзбекстандық Шокир Холиковтың "Шәй" фильмі және беларусь Митрий Семенов-Алейниковтың «Франка» фильмі ұтып алды.

Биыл фестиваль бір аптаға созылып, 2019 жылы 30 маусым мен 06 шілде аралығында Нұр-сұлтан қаласында өтті. Құрметті қонақтары ретінде Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, танымал түрік актері Бурак Озчивит, ресейлік жұлдыздар Дмитрий Дюжев, Антон Макарский, Наталия Антонова, ірі халықаралық кинофестивальдердің басшылары, кино индустриясы саласындағы танымал сарапшылар мен сыншылар және голливудтық продюсерлер қатысты.

Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов Қазақстан киносының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды.

Пікірлер