• Біздің парақшалар:

14 қыркүйекте екінші "Almaty Film Festival" басталады

2019 жылы 14-20 қыркүйек аралығында Алматыда II Халықаралық «ALMATY FILM FESTIVAL» кинофестивалі өтеді. Кинофорум қала күні мерекесі аясында ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль «Мәдениеттер жақындастығы» деген ұранмен 7 күн бойы негізгі үш алаңда өтеді:

  • Кинофестивальдің ашылу, жабылу салтанаты және «қызыл кілем» рәсімі өтетін Республика Сарайы;
  • «Almaty Film District» Іскерлік форумы және «Made in Almaty» сценарийлер байқауы, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер өтетін «Mercure Almaty City Center» қонақ үйі;
  • Фестивальдің байқауға қатысатын және байқаудан тыс фильмдерінің көрсетілімдері өтетін «Chaplin Cinemas» кинотеатрының залдары. Disney және European Children’s Film Association бірлесіп ұйымдастырған балалар және отбасылық кино бағдарламасы да осында өтеді. Қызыл кілем үстімен отандық киноның бүлдіршін жұлдыздары жүріп өтеді.

Кинофестивальдің қазылар алқасына Канн кинофестивалінде "Алтын пальма бұтағы" жүлдесін алған қазақстандық актриса Самал Еслямова, ресейлік жетекші кинопродюсерлердің бірі Наталья Иванова және шетелдік кинематографистер кіреді. Фестиваль президенті, қазақстандық режиссер - Ақан Сатаев.

Байқауға 2019 жылы екі немесе одан да көп елдің бірлескен өндірісінен шыққан 12 кинотуынды қатысады. Байқаудан тыс бағдарламаға 50 фильм қатысады.

Сонымен қатар бірнеше байқаудан тыс бағдарлама бар: «Әйелдер – кинода» (ЮНЕСКО-мен бірлескен), «Отбасылық кино» («ECFA» еуропалық балалар фильмі ассоциациясымен бірлескен), «Жарқын дебюттер» және «Ұшқын» студенттер кинофестивалінің бағдарламасы.

«Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында жаңа және ретроспектив фильмдер көрсетіледі, сонымен қатар гала-премьералар болады.

Жабылу салтанатында 5 негізгі номинация бойынша марапаттау рәсімі өтеді:

  • Бас Жүлде;
  • Үздік режиссер;
  • Үздік актер;
  • Үздік актриса;
  • Қазылар аласының арнайы жүлдесі.

2019 жылы ALMATY FILM FESTIVAL фестивалінде «ALATAU FILM AWARDS» жаңа ұлттық жүлдесі бекітілді, оның аясында көпшілік көрермен қауымға ұнаған отандық коммерциялық фильмдер марапатталады. Жүлденің мақсаты – қазақстандық кинотуындыларды кеңінен тарату және еліміздің кинопрокатында фильмдер бәсекелестігін арттыру.

Пікірлер