• Біздің парақшалар:

Қайтыс болған Джеймс Дин жаңа рөл үшін "тіріледі"

1955 жылы қайтыс болған актер Джеймс Дин Вьетнам соғысы туралы "Джекті іздеу" ("Finding Jack") фильмінде "ойнайды". The Hollywood Reporter басылымының хабарлауынша, әскери драма AFM кинонарығында таныстырылған.

"Джекті іздеу" америкалық әскердің Вьетнамдағы соғыс аяқталғанда ұмыт болған қызметтік иттері туралы баяндайды. Жобада Джеймс Диннің келбеті компьютерлік технология мен архив видеоматериалдар көмегімен жасалады. Оған Роган есімді негізгі рөлдердің бірі берілген.

Бұл қадамды картина режиссері Антон Эрнст былай түсіндіреді: "Мінезі күрделі кейіпкер үшін идеал актерді көп іздедік. Бірнеше ай ізденістен кейін бұл рөлге Джеймс Диннен лайығы жоқ деп шештік. Біздің фильмде Дин карьерасында ойнай алмай кеткен төртінші рөлін ойнайды деп сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін оның отбасына алғыс айтамыз".

"Джекті іздеу" экранға 2020 жылы шығады.

Джеймс Дин 1931 жылы Индиана штатында дүниеге келді. Ол "Жұмақтан шығыс жақта" ("East of Eden"), "Себепсіз бүлік" ("Rebel Without a Cause"), "Гигант" ("Giant") фильмдері арқылы танылды. 24 жасында автокөлік апатынан қайтыс болды. Өлгеннен кейін "Алтын глобус" иегері атанып, екі рет "Оскарға" ұсынылды.

Пікірлер