• Біздің парақшалар:

Жаңа трейлерлер: "Көрінбейтін адам" мен "Соник Кірпі"

"Көрінбейтін адам" ("The Invisible Man") фантастикалық картинасының алғашқы трейлері жарияланды. Герберт Уэллстің классикалық шығармасына негізделген фильм Universal Pictures студиясының "Түнек әлем" ("Dark Universe") киноғаламына кіреді.

Сюжет Сесилия есімді әйел төңірегінде өрбиді. Күйеуінен көп қорлық көрген ол бір күні үйінен қашып кетеді. Осы оқиғадан кейін күйеуі өзіне қол жұмсап, Сесилияға біраз байлығын қалдырып кетеді. Оның өлімінен кейін біртүрлі оқиғалар басталады. Әйел күйеуінің өлгеніне күмәндана бастайды.

Басты рөлде Элизабет Мосс ойнайды. Бұл актриса "Малай әйелдің әңгімесі" сериалындағы рөлімен белгілі. "Көрінбейтін адамның" премьерасы 2020 жылдың ақпанына жоспарланған.

"Түнек әлем" киноғаламының алғашқы жобасы - 2017 жылғы "Мумия". Онда Том Круз басты рөлде ойнады. Жақын болашақта Франкенштейн туралы жоба түсірілуі тиіс.

Paramount Pictures студиясы жүйрік кірпі туралы танымал видеоойынға негізделген анимациялық картинасының жобасының трейлерін шығарды. "Соник Кірпі" ("Sonic The Hedgehog") - компьютерлік графика мен шын актерлердің ойыны араласқан картина.

Зұлым кейіпкерді Джим Керри ойнайды. Фильм 2019 жылы қарашада жарық көруі тиіс еді. Бірақ графикасын жақсарту мақсатымен бірнеше айға кейінге шегерілген. 

Жаңа прокаттық кестесі 2020 жылғы ақпан деп көрсетілген. 

Пікірлер