• Біздің парақшалар:

VIII Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі өтеді

VIII Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі 3-7 желтоқсан аралығында өтеді.

Биыл фестивальге 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Олардың арасында ең көп өтінім Ресейден келген (60 фильм). Нәтижесінде Bastau Shorts бағдарламасында 11 ресейлік фильм ұсынылатын болады. Ал Қазақстаннан 70 фильм (көркем, деректі және анимациялық туындылар) қатысуға үміт білдірген.

«Бастау» екі негізгі бағдарламадан тұрады: Bastau Shorts және Bastau Debuts. 

Bastau Shorts студенттік қысқаметражды фильмдердің конкурстық бағдарламасына 21 елден келген 43 қысқаметражды көркем, деректі және анимациялық фильм кірді. Олардың қатарында 6 отандық фильм бар: режиссер Камилла Бердімұратованың «Тақсыр» деректі фильмі, режиссер Айдарбек Абдулқадырдың «Терең су» анимациялық фильмі, режиссер Самғар Рақымның «Дипломмен ауылға» көркем туындысы, Еламан Шаубановтың «Бауыр» картинасы, Дарина Манапованың «Мәулен» және Бағлан Құдайберлиевтың «Тыныштық әні» көркем фильмдері.

Ал Bastau Debuts бағдарламасына 10 картина кіреді, олардың қатарында отандық режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мариам» драмасы бар. Айтпақшы бұл туынды фестивалдің ашылу фильмі болып таңдалды. «Мариам» осыған дейін Локарно ХКФ, Торонто ХКФ, Бусан ХКФ, Түркиядағы «Босфорус» ХКФ, Испанияның Альмерия қаласында өткен Fical ХКФ және Сантьягодағы Cineuropa33 халықаралық кинофестиваліне қатысқан.

Фестивальдің барлық фильмдері Bekmambetov Cinema кинотеатрында көрсетіледі (Абай даңғылы, 109 В, Globus кешені, 2 қабат).

Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фестивальдің ашылу салтанаты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Басталуы сағат 19:00. Фестиваль отандық режиссер Шарипа Оразбаева түсірген «Мариям» фильмімен ашылады.

Фестивальдің жеңімпаздары 2019 жылы 7 желтоқсанда белгілі болады.

Пікірлер