• Біздің парақшалар:

Оскар 2013: жеңімпаздар

2013 жылғы ақпанның 24-нен 25-не қараған түнінде 85-ші "Оскар" жүлдесін табыстау рәсімі өтті. 2012 жылдың үздік фильмі болып Бен Аффлектің "Арго" туындысы атанды. "Оскардың" бас жеңімпазын АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обама жариялады. "Үздік фильм" атағына сондай-ақ "Жабайы Оңтүстік аңдары" ("Звери дикого Юга"; "Beasts of the Southern Wild"), "Үміт оттары" ("Silver Linings Playbook"; "Мой парень – псих"), "Түнгі қараңғылық" ("Цель номер один"; "Zero Dark Thirty"), "Линкольн" ("Lincoln"), "Аластатылғандар" ("Отверженные"; "Les Misérables"), "Пидің өмірі" ("Life of Pi"; "Жизнь Пи"), "Махаббат" ("Любовь"; "Amour"), "Азат етілген Джанго" ("Django Unchained"; "Джанго освобожденный") картиналары үміткер болды.

"Үздік еркек рөлі" номинациясында "Линкольн" фильміндегі рөлі үшін Дэниэл Дэй-Льюис, "Үздік әйел рөлі" номинациясында "Үміт оттары" драмасындағы рөлі үшін Дженнифер Лоуренс жеңіске жетті.

Сет МакФарлейн жүргізген кеште алдымен "Екінші пландағы үздік еркек рөлі" анықталған еді. "Азат етілген Джангода" ойнаған Кристоф Вальц осы номинацияны жеңіп алды. Бұл неміс актерінің карьерасындағы екінші "Оскар". Ал Энн Хэтэуэй "Екінші пландағы үздік әйел рөлі" атағына ие болды. Актриса алғашқы "Оскарын" "Аластатылғандар" фильміндегі рөлі үшін алды.

2012 жылдың үздік анимациялық туындысы атағында "Батыл жүрек" ("Храбрая сердцем"; "Brave") "Оскарына" қол жеткізді. 

Шет тіліндегі үздік фильм ретінде Франция-Австрия елдері бірігіп түсірген "Махаббат" ("Любовь"; "Amour") картинасы танылды. 

Ал "Пидің өмірі" "Үздік арнайы эффектілер" номинациясында жеңіске жетті. Сондай-ақ, аталған фильмнің режиссері Энг Ли жылдың үздік режиссері атағына ие болды. Бұл атаққа одан бөлек Дэвид О. Расселл, Стивен Спилберг, Михаэль Ханеке, Бен Зайтлин таласқан еді.

"Пидің өміріне" әуен жазған композитор Майкл Дэнна "Үздік саундтрек" атағын жеңіп алды. Ал "Үздік ән" номинациясының жүлдесін "Скайфолл" фильміндегі басты композициясы үшін әнші Адель алды.

Америка киноакадемиясының "Үздік бейімделген сценарий" және "Үздік сценарий" номинацияларында сәйкесінше Крис Террио ("Арго") және Квентин Тарантино ("Азат етілген Джанго") жеңіске жетті.

85-ші "Оскар" жеңімпаздарының толық тізімін Америка киноакадемиясының ресми сайтынан біле аласыз.

Пікірлер