• Біздің парақшалар:

Асылхан Төлепов Бекзат Саттархановты сомдайды

Режиссер Ермек Шахмет 2000 жылғы Олимпиада чемпионы, танымал боксшы болған Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсіреді. Бұл жайында ҚазАқпарат агенттігі хабарлайды.

"Бекзат" деп аталатын картина марқұм боксшының өмірі туралы баяндайды. Ол 1999 жылы ересектерге арналған бәсекеде топ жарып, бір жылдан кейін Сиднейде Олимпиада чемпионы атанған еді. Бірақ оның жеңісінен кейін төрт ай өткенде Бекзат Саттарханов жол апатына ұшырап, қайтыс болды.  

"Қазіргі кезде түсіру үрдісінің мерзімдері туралы ойланып жатырмыз. Өйткені қазір ең бастысы - асықпай жақсы фильм жасау. Бекзат туралы фильм түсіру - үлкен міндет және жауапкершілік. Ол - халық қаһарманы, ұлттың мақтанышы. Біз жобаға дұрыстап дайындалмақпыз. Фильм Бекзаттың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ халыққа ұнайтындай, оны көргеннен кейін өкінбейтіндей болуы керек", - деді режиссер.

Картинаның өндірісімен Ермек Шахметтің "Shahmet Omniars" продюсерлік компаниясы айналысады. Түсірілім 2013 жылы сәуірде басталады деп жоспарланған. Қазір сценарий жұмыстары аяқталу үстінде екен. 

Фильмге актерлерді іріктеу де қазір жүргізіліп жатырған көрінеді. Режиссердің айтуынша, басты рөлді, яғни Саттархановты "Жаужүрек мың бала" фильмінен белгілі Асылхан Төлепов орындайды. Картинаға сонымен қатар отандық танымал әртістер мен спортшылар тартылмақ.

Фильмге музыканы итальян композитор - Людовико Эйнауди жазбақ. 

"Фильм әлемдік деңгейде болады деп ойлаймыз. Оны тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік көрермендердің де тамашалағанын қалаймыз. Сондықтан басқа да киностудиялармен әріптестік орнатуға дайынбыз", - деді Е. Шахмет.

 

Фотосуретте: Асылхан Төлепов пен Ермек Шахмет. Фото режиссердің facebook желісіндегі парақшасынан алынды.

Пікірлер