• Біздің парақшалар:
  • Кинотеатр ережесі

Қоғамымызда өзін қалай ұстау керектігін білмейтін адамдар жетерлік. Соның ішінде қоғамдық, мәдени орындарында түрлі қылық-әрекеттерімен өзге демалушыларға кедергі келтіретіндер жетіп артылады. Кинотеатрда өзіңді қалай ұстау керек? Не істеуге болады?Нені істеуге тыйым салынады? Осы және өзге де этикет ұстанымдарына тоқталамыз.


1. Егер сіз кинотеатрдағы сеансқа кешігіп келсеңіз, өз орныңызды үнсіз, тыныш табуға тырысыңыз.

2. Ұялы телефоныңызда сөндіріп қойыңыз немесе дыбыссыз күйге ауыстырыңыз. Сіздің телефоныңыз сеанс кезінде өзгелердің фильм көруіне еш кедергі болмауы керек.

3. Өзге мәдениет орындарынан кинотеатрдың ерекшелігі, ол жерде кейбір тамақ түрлерін пайдалануға болады. Бірақ бұл да өзгелерге кедергі болмауы керек. Қуырылған картоптың (чипса), шытырлақ пакет-қаптамалардың жағымсыз дауысымен, ауызыңызбен шылпылдатып қатты жеу арқылы өзгелердің жүйкесіне тиюге болмайды.

4. Бала-шағасымен келген ересектер, балаларының шуламауын, өзгелерге кедергі болмауын қатаң қадағалауы керек.

5. Кинотеатрға мас күйде немесе есірткінің әсерімен кіруге болмайды. Кинотеатрға агрессивті, төңірегіндегілерге қауіп туғызуы мүмкін адамдар кіргізілмеуі тиіс.

6. Жануарларымен кинозалға кіруге болмайды.

7. Кинозалда темекі шегуге, шекілдеуік шағуға, қақырып-түкіруге қатаң тыйым салынады.

8. Сеансқа кіргенде фото-видео аппаратураларын алып кіруге болмайды. Фото-видео аппаратураларын пайдаланып отырғаныңызды көрген кинотеатр әкімшілігі сізді кинотеатрдан шығаруға, немесе полицияға шағымдануға толықтай құқылы.

9. Залда тек билетте көрсетілген орныңызға ғана отыру қажет. Бос орын болғанның өзінде басқа орындарға, VIP-орындарға ауысып отыруға болмайды. Бұл бір жағынан мәдениетсіздікке жатса, екінші жағынан өзгелердің кино көруіне кесел болуы мүмкін.

10. Кинотеатрға таза киіммен келу қажет. Лас немесе жыртық, алба-жұлбасы шыққан киім үшін кинотеатр әкімшілігі сізді сеансқа кіргізбеуге толық құқылы. 

11. Сеанс кезінде қатты айқайлап сөйлеуге, немесе шу шығаратын заттар пайдалануға болмайды.

12. Егер сіз бұл фильмді бұған дейін көрген болсаңыз, оның мазмұнын өзгелерге айтуға болмайды.

13. Көрші отырған адамдармен фильмді қатты дауыстап талқылауға, фильмнің түрлі эмоциялы сәттерінде көңіл-күйіңізді қатты дыбыстармен білдірмеу қажет.

14. Сеанс біткен соң өзіңізден қалған қалдықтар мен қоқыстарды отырған орныңызда қалдыруға тыйым салынады.

15. Егер кино кезінде шығып кеткіңіз келсе, бұл әрекетті барынша тыныш жасаған дұрыс.

 

Ең бастысы алғашқы қауымдық қоғамда емес, өркениетті әлемде өмір сүріп жатқаныңызды ұмытпаңыз. Төңірегіңіздегі адамдарды сыйлаңыз, сонда ғана өзгелерден сондай жауап ала аласыз. Есте болсын, әр кинотеатрдың өзінің ережелері бар, ереже өрескел бұзылса, кинотеатр әкімшілігі сізді шығарып жіберуге құқылы.

 

Өзгелерді сыйлаңыз, өзіңіз де сыйлы болыңыз!