• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 398)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    Қырғыз режиссеры Руслан Акун түсірген «Анамды іздеймін» фильмінің екінші бөлімі біздің кинотаетрлардан бастап көрсетіле бастады. Фильмге өзімізге жақсы таныс Тәуекел Мүсілім,  Азамат Уланов пен Майкл Мапонго түсті. Олардың қатарын Эмиль Эсеналиев пен Адель Кадиева толықтырды.

    Азаматты асырап алған Данияр өз қалыңдығы Алияны жолықтырады. Отау құрғысы келген жас әкенің жолында қалыңдықтың ағасы атты біраз  «қиындықтар» пайда болады. Осы қиындықтарды өткеру жолында әке мен балаға біраз тер төгуге тура келеді…

    «Анамды іздеймін 2« фильмі алғашқы бөлімі сияқты қызықты сәттерге толы болған. Фильм өте жақсы түсірілген, режиссер өз мақсаты жеткен. Комедия болса да фильмнің өз айтар ойы бар. Әлемдегі ана мен бала махаббатынан кейінгі бауыр махаббатының да күшінің қаншалықты мықты екенін жеткізген. Аздап ақымақ болса да Мұрат өз қарындасы күйеуге шыққысы келген күйеу жігітті барынша сынап алады. Мұратқа қарасаң ақымақ, біреуге масыл болған жігіт деп ойлайсың, бірақ оның өзінің мақсаты бар. Мұратты сомдаған Эмиль Эсеналиевтың актерлық ойынына қол соқпауға амал жоқ. Ол өзіне берілген тапсырманы күшті орындаған, бір сәтте онымен ұрсысықың келсе бір сәтте оны құшақтап алғың келеді. Әсіресе көзін аударып төңкерген кезде күлуден басқа амалың қалмайды.

    Кино комедия стиліне сай жарқын, әдемі кадрларға толы. Отбасыңмен бірге отырып тырқылдап күліп, бір сәт әдемі Антальяны аралап кеткендей күй кешесің. (Антальяға баруды армандатып қояды). Тәуекел осы фильмде жақсы ашыла түскенін алғашқы бөлімнен байқағам, қазір тіпті рөлге еніп кеткенін көріп қуанып қаласың. Азамат Уланов біраз екінші планға түсіп оның орнын Эмиль жайлап алған.

    Киноға берер бағам 8/10. Қайталап көруден жалықтырмайтын, айтар ойы бар және ол мақсатына жеткен әдемі комедия.

    P.S. спойлер фильмде Бурак Озчивит түспеген

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 114

    • Айка
    • 2018
    • Рейтинг: 7,5
    • Дауыс саны: 2

    Көріп келген адамдар арасында "секірген" камераның, операторлық жұмыстың көркемдік киноға тән емес стилін негатив деп қабылдағандар болды. Не дейін, "Саулдың ұлын" көрмегенсіңдер ғой. Онда да дәл сондай баяндау тәсілі, дәл сол - кейіпкерге желке тұсынан ілесіп отыратын ракурс пайдаланылды. Дегенмен бұл стиль "Саулдың ұлына" "Оскар" алуға кедергі болған жоқ :)

    Дворцевой өзін документалиспін дейді. Меніңше, бұл сегіз қырлы режиссердің бір қыры ғана. Оның ештеңеге ұқсамайтын "Тюльпаны" тамаша шыққан. "Айка" да бірегей. Режиссер көрерменге "қатысу эффектісін" ешқандай қосымша гаджет-құрылғысыз бере алды деп ойлаймын.

    Көтерген тақырыбы да өзекті. Бір қызығы сол - осы өзекті мәселе туралы біле тұра бұған дейін ешбір режиссер осы тақырыпты қозғамаған. Меніңше Дворцевой әлі де талай қаузауға жететін қоры бар проблеманың бетін ашып берді. Бұл туралы әлі де көп нәрсе айтуға болады.

    Меніңше, 2018 жылғы Ресей мен Қазақстан киносындағы ең мықты картиналарының бірі.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 114

    Кэрол Денверстің хикаясы Марвелдің киноғаламына орта жолдан кіргізілгені анық байқалды. Дербес фильм, бәрінің приквелі деп қарағанның өзінде бұл кейіпкердің аздап бөтендеу әлем екені сезіліп тұрады. Енді бұл Кек алушылар қатарында қалай көрінер екен деген сұрақ туындайды.

    Фильмде Marvel-дің басқа оқиғаларына сілтемелер жетеді, оның үстіне Ник Фьюри мен Фил Колсон секілді ортақ персонаждар бар. Ол аз десең - "Галактика сақшыларындағы" Ронан-айыптаушы мен оның жендеті Корат-із кесуші де көрсетіледі. Бұның бәрі бірігіп, "Темір адамға" дейін болған оқиғаны майлы бояумен суреттеп беруге тырысады.

    Фильмді нашар дей алмаймын: экшн, юмор, сюжеттің құрылымы - бәрі өз орнында. Бәрі Marvel стилінде. Дегенмен бір шикілікті сезесің.

    Меніңше, басты олқылық - айтылған оқиғаның Марвел кинематографиялық ғаламының (бұдан былай - МКҒ) жалпы құрылымына еш әсер етпейтіндігінде жатыр ма деймін. Осыған дейін шыққан қаһармандардың дербес картиналары белгілі бір деңгейде жалпы концепцияға үлес қосу бағытында бір жаңалық алып келетін немесе ортақ сюжетті өрбітетін еді. Бұл жолы ондай байқай алмадым. Бұны МКҒ-ға бонус ретінде қарастырсақ дұрысырақ болар.

    Фильмнің 8 наурыз - әйелдер күніне орай шығуында себеп бар ма білмедім. Бірақ басты персонаж әйелдер құқығын ту қылып ұстайтындар қатарынан болып шықты. Феминистік ниет Денверстің тіпті сәби шағындағы көріністерден-ақ байқалады. Естуімше, актриса Бри Ларсонның өзі өмірде феминизмді ерекше ықыласпен жақтаушылардың бірі екен.

    МКҒ фанаттары үшін жағымды сәттер күтіп тұр. Атап айтқанда:

    - Ник Фьюри көзінен қалай айырылғанын білеміз (шын мәнінде өте күлкілі жағдай);

    - Қ.А.Л.Қ.А.Н. ұйымын құрудың алғышарттары;

    - Кэрол Денверс, яғни Капитан Марвел осы күнге дейін неге көрінбеді, неліктен Жерге қауіп төнгенде Кек алушыларға көмектеспеді. Бірақ фильмдегі аргументация да кереметтей салмақты дей алмас едім.

    - Скрулдар деген кімдер, Жер бетінде олар не істеп жүр.

    Ұмыт қалған фактілер де бар шығар, есімде қалғаны осы.

    Кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл картина франшиза фанаттарының назарынан тыс қалмауы керек деп есептеймін. Тіпті жаңа ештеңе алмаған күннің өзінде, бөлек оқиға ретінде қарап, жай көңіл көтеріп қайтуға тұрады.

    6,5/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    • Айка
    • 2018
    • Рейтинг: 7,5
    • Дауыс саны: 2

    #Айка.

    Қазіргі кезде фильмнен адамдар не іздейді? Таза актерлық шеберлік пен қарапайым оқиғаның әсері мен шынайылық. Белгілі бір әлеуметтік тақырыпты қозғап, адамға ой салу. Осындай мәселенің бар екенін және оның осындай күйде екенін айта алу, жеткізу. Осы тұрғыдан алғанда фильмның не үшін Канн фестивальінде жеңіске жеткенін түсінесің. Айканың сол бір сәттегі жан таласы, қиналысы, әйел адамға берілген сынақ шынымен жаныңды ауыртып жібереді. Бір сәт бала тудым міндетсіп, еркелеп жатқан әйелдермен салыстырып кетесің. Туа сала жұмысқа шығып, мойнындағы қарызды өтеуге деген қорқыныш, өмір сүруге деген жанталас сені де сол сәтте қинап жібереді.

    Айкаға жаның аши отырып өмірдің шынымен қатал екенін түсінесің, өмірде жолы болғандар мен болмағандар бар екеніне өкінесің. Ең жаманы, осы оқиғаның фильмде ғана емес шынайы өмірде бар екенін білу, көз жеткізу. Басқа жақтан келіп күнелту үшін жанталасып жүрген адамдарға басқаша қарауға үйретеді. Олардың да адам екенін, олардың да өз уайымы, өз өмірі бар екенін ойлайсың...

    Бір сәт өз өміріңнің әп-сәтте айналайын екенін түсінесің. Дегенмен, ТМД елдерінің бәріне жыныстық сауаттылық пен мезгілсіз жүкті болып қалғанда не істеу керек деген сұрақтарды мектеп жасынан жете оқыту керек. Қорғану, көмек керек жағдайда қайда баруға болады деген нәрселерді ашып үйрету керек. Мүмкін, сонда қыздар осылай қиналмайтын шығар, мүмкін сонда тастанды балалар азаятын шығар.

    Самал, жан қиналысы бар әйелдің рөлін жақсы сомдап шыққан. Бір жағынан қарасаң өмір сүру керек, бір жағынан қарасаң баладан бас тарту...

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    Сүп-сүйкімді фильм. Мені баурап алғаны - жағымды кейіпкерлер. Өмірде түрлі қиындықтар бар, бірақ күйбең тірлікке мойымай, айналасына бақыт сыйлай алатындар бар. Бэнкстер ешқандай да бай емес, бірақ кішкентай нәрселерге балаша мәз болып, бақытты бола біледі. "Мэри Поппинс" ертегісі ондай адамдар өмірде де барын еске салады. Мегаталантты Эмили Бланттың орындауындағы Мэри Поппинске қарап, сондай жинақы, пысық, оптимист сиқыршыға айналғың келеді. Мынадай кейіпкерлерге қарап отырсаң, сюжет аса маңызды болмай қалады. Тек сиқырлана бергің келеді.

    Кастинг керемет жүргізілген: Блант - нағыз леди Поппинс. Бен Уишоуден өзге мистер Бэнксті елестету мүмкін емес. Бірақ ең таңғалдырғаны - Эмили Мортимер. Ақкөңіл қоғамдық активистен сондай жағымды энергия есіп тұр. Тіпті басты кейіпкерлерді аздап ығыстырып жібергендей болды. Бұл үштікке Колин Ферт пен Мерил Стрип тек тосын бонус бола алған сияқты. Жалпы ағылшын ледилер мен джентельмендердің рөліне көбінесе британдық актерлердің таңдалғаны дұрыс болған екен, америкалықтар тым реалист прагматиктер болып көрінгесін бе, сендіре алмас еді.

    Қояр бағам: 8/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    Интернеттен қарап алдым, кинотеатрға бармағаныма өкініп қалдым. Ақан Сатаев өзінің басқаша ойлайтынын тағы бір көрсетті. Чингиз Капинның актерлығына, харизмасына ғашық боп бітетін шығармын. Бұл жолы да өзінің ерекшелелігін, актерлығының кереметтіге сүйсіндірді.

    Асылхан да актер ретінде өскенін байқатты. Фильм адамды баурап алады, бір сәтте осының бәрі сенімен болып жатқандай бірге қиналып кетесің...

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    • Т-34
    • 2018
    • Рейтинг: 6
    • Дауыс саны: 1

    Тағы да алдандым. Түкіріктері шашылғанша мақтаған фильмдердің фантик сияқты салмақсыз жылтырақ болып шығатыны заңдылыққа айналып кетті, өкінішке орай. Жақсы фильмдерді күтіп жүресің, сосын біреуі жарқ ете түседі, содан алдыңғы өкінішің естен шығып, жалпы дүрмекке қалай еріп кеткеніңді білмей қаласың.

    Жалпы баталиялық фильмдерді қалдырмауға тырысам, бірақ мынау - ондай фильмдерге пародия ғана. Тұтқынға түскен совет танкистерінің концлагерьден ТАНКІМЕН қашып шығуы туралы. Оқиға баяғы сол немістер ақымақ деген аксиоманың негізінде өрбиді. "Том мен Джерридің соғысқа қатысуы" деп ат қойсаң да болады. Кімнің Том, кімнің Джерри екені өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз.

    Екіншіден удай пафос! Әсіресе өлді деген танкист жігіттің тірі болып шығатын эпизоды Исаның қайтып келуі сияқты. Күлкілі.

    Сосын айта кетерлігі, снарядтың, оқтың атылған кездегі траекториясын слоу-момен көрсететін техниканың сәннен кететін уақыты жетті. Драма деген дардай аты бар екен, арзанқол техникаларды тықпалай берудің керегі жоқ.

    Актерлерден Виктор Добронравов сәтті таңдалған, Антон Богданов та жаман болмаған сияқты.

    Ал Александр Петров болса, ұсыныстан кенде емес сияқты, мұндай фильмдерге түспесе де болады.

    Көп жазуға тұрмайды, осымен бітті.

     

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    Өмір сүруге құлшындырады, өмір мен өнердің құдыретін сезінесің.

    Гей болғаны үшін көп шектеу қойылғанымен оның да адам екен, оның талантының ерекше екенін еріксіз сезінесің. Өлеңдерінің әлі де сұраныста екені оның өшпейтін аты қалғанын білдіреді. Өнердің ешқандай шексіз болатынын көресің.

  • Meihua

    Барлық рецензиялар: 5

    Жалпы дұрыс құндылықтарды насихаттайтын мульт. Әсерлі, әдемі. Бірақ диалогтары тым көп және балаларға ауырлау деп таптым.

    Дисней бола тұра, әндер айтпады - көңілім қалды содан да )

  • Meihua

    Барлық рецензиялар: 5

    Саяси тақырыптағы туындыларды жақсы көрем. Фильм көңілден шықты.

  • Акнур Аширбаева

    Барлық рецензиялар: 1

    Ужас жанры бізде енді ғана басталып келе жатқандықтан қателіктер көптеп кездесетіні күмәнсіз. Жалпы, өзім осы жанрдағы фильмдерді сүйіп тамашалайтын көрермендердің бірімін.  Фильм аздап көңілімнен шықпады. Үрей туғызу жағы логикаға сай жасалғанымен, компьютерлік графика бәрін жоққа шығарып жібергендей. Актерлар ойынынан шынайы қорқыныш сезімін көре алмадым. Бірақ ең бастысы басы, ортасы және соңы бар фильм. Ужас жанрында фильмдер жоқтың қасы болғандықтан, режиссердің бұл жанрға батыл қадам жасап, фильм түсіруінің өзі қуантарлық жайт.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    «Соңғы Шыршалар» алдыңғы  бөлімдерімен салыстырғанда әсерлі, жақсылық пен таңқаларлық жайттарға толы. Себебі, сегіз жылдан бері өзімізбен таныс, туыс болып қалған кейіпкерлер көрермендерімен қоштасады. Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан фильм сізге барынша отбасылық махаббатты, жылылықты, қамқорлықты сезінуге көмектеседі. Жаңа жылдық демалыс кезінде отбасыңызбен барып фильмді тамашалап, көңіл – күйіңізді көтеріп қайтсаңыз болады.

    Фильмнің идеясы әр түрлі адамдардың өмірінен хабар беру. Әр адамның өмірінің, сезімінің, отбасының маңыздылығын анық көрсетіп, солармен бірге қарапайым адамдардың бақытын сезінуге болады. Актерлардың шынайы ойыны, сізді сол қарапайым адамдардың қатарынан екеніңізді ұмыттырып жібереді.

    Фильмнің басты тақырыбы мейірімділік болғандықтан да, бізге мейірімді болу жолында, өз туыстарымыз бен ғашықтарымызға керемет көңіл күй сыйлауда, отбасының алдындағы міндетіңді дұрыс атқаруға, махаббатымызды аямауға шақырады. Кейбір сәттерде мейірімділіктен көзіңе жас келеді, фильмнен шыққан сәтте туысыңа хабарласып, сүйіктіңе смс хабарлама жазғың кеп кетеді. Әсерлі, әдемі, күлкілі.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 129

    #Отвергнутые фильмін қарап отырмын. Айғаным орнында болсам қайтер едім, менің отбасым осындай жағдайға қалай реагировать етеді деген ой мазалады. Білмейм, бауырым мен әкем, анам мұндай қатыгездікке бармайтын шығар. Дегенмен, мына отбасын түсіну қиын болды маған. Бірақ, мұндай отбасы бар екенін білем, көргем. Все таки қазақтар отбасына жабысып қалған. Әр отбасынның пікірімен санаспайды, қыздардың пікірі тым жоқ. Айғанымның балам туыстарымен аралассын деген шығар, дегенмен ондай жолмен туыстарды қайтарудың қажеті шамалы екенін түсінбеген сияқты. Кинода бір нәрсе анық, ол қоғамның ойының тарлығы, ескі көз-қарас пен топастық. Әрі қоғамның жемқорлық пен туысқандықтың арқасында батпаққа батып қалғанын анық көрсеткен.

    Кинода келіспейтін тұстар өте көп.

    1.Қазақи ауыл болғасын, қызды ұрып жатқанда оның көршілері қайда, бірде бір қазақ ауылында елдің ісіне араласпайтын көрші жоқ. Тегі Қайратқа мұның не дейтін бір ауылдың ақсақалының, үлкен кісінің болмағаны ма? Режиссердің қалада өскендігі осы сәтте әсер еткен сияқты. Олар айдалада тұрса, түсінуге болатын еді, дегенмен олар ауыл ортасында тұрады ғой.

    2. "Бұл өлкені жек көрем" деген диалог бар. Кино Райымбек ауданында түсірілген, менің туған жерім болғандықтан да, дәл осы диалогтың сол жерде орын алғанын түсінбедім. Сонда Петровалск да осындай жағдай орын алса басқаша қарап, оңтүстіктің халқының түсінігінің жоқтығы ма? Дәл мұндай қатыгездік барлық жерде бар, бірақ почему то жеккөрініш бір жерге ғана бағытталған.

    3. Айналып келгенде бар қиындық балаға қалды. Шешесін сыйдырмаған отбасында оған махаббат қайдан болсын. Дәл Қайрат сияқты түсінікпен ойлайтын Тимур өсіп келе жатыр. Былай қарасаң Айғанымның топастығы. өз проблемалары көп туыстарына тағы бір проблема болып жабысуы, ақыры аяғында мағынасыз өлім. Баласына сонда не беріп кетті, қайда тастап кетті?

    4. Қайраттың өшпенділігін де түсіндіре алмаған. Түсінгенім ол отбасының бар қиындығының өшін қарындасынан алғандай. Бауырын өлтіре отырып, кінәсін сезінбеуі адамдығының жоқтығы. Миым қайнап жатыр, қоғамда мұндай түсінікпен өмір сүретін отбасылары бар екенін білем, бірақ олар тезірек жойылсыншы деген тілек келеді...