• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 405)

  • Раймбек Егембердиев

    Барлық рецензиялар: 3

    Абылай Әділхановпен киноны бірге көрген адам ретінде 5 тиынымды қосып кетейін.

    Гарри Поттер әлемімен жақсы таныспын деп айта алмаймын, бірақ кинолардың барлық серияларын көріп шыққанмын. Әр серияда бір оқиға болады, яғни, әр серия жеке кино бірақ жалпылама оқиға желісі біреу. Ол үлкен артықшылық. Ал мына фильмде ешқандай да ондай асқан ойластырылғандық болмайтыны көрініп тұр. Үш серия ма бес серия ма болады дейді, бірақ келесі сериялардан не күту де белгісіз. Егер келесілерінде дәл осы сериядағыдай тек әдемі эффектілер мен таяқты ары-бері сермеу болса барудың түк те қажеті жоқ. Қалғандары да дәл осы секілді "одноразовый" болып шығады.

    Ескерту! Келесі абзацтарда спойлерлер бар.

    Кино тек ойдан шығарылған жануарларды көрсетумен болады, иә, қылықтары қызық, оқиғалары да қызық, одан ары аса алмайды. Барлық ставканы сол жануарларға қойған. Бұл бірінші желі, екіншісі Грин Де-Вальд туралы. Былай сырттай қарайсың жануарлар мен оның қатысы не? Ал қатысы мынада екен: атақты жауыз сиқыршы қара түнек сиқыр күшін іздеп жүреді екен де, ол да қайдан алынғаны белгісіз тылсым жануарлар қатарына жатады екен де, сөйтіп Ньют чемоданында сондай тылсым күштің біреуі жатады екен де (яғни, Ньют ондай күшпен таныс), сол жерде Грин Де-Вальд желісімен байланыс пайда болады екен. Қандай шебер байланыстырып жіберу? Өз басым олай байланыстыру тек келесі серияларда да оқиғаларды саусақтан сору үшін жасалған деп ойлап отырмын.

    Оқиға желісіндегі тағы миым касета шайнап қалған жер ол Ньют пен қасындағы қыз оп-оңай өлім жазасына жазылады да, соңында Грин Де-Вальд (атақты жауыз, өте қауіпті сиқыршы, көп қираулар мен қасіреттердің кінәлісі) ұсталғанда "біз сені өлтірмейміз, жәй ғана қамап қоямыз, келесі серияларда қажет боласың ғой" деп "алып кетіңдер" деп президент пафоспен сөз сөйлейді. Ал Грин Де-Вальдтың шын бейнесін кім ойнайды?! Кім-кімсің Джонни Депп! Киноның ең соңында бірнеше минут қана көрсетіледі, не үшін екені бірден түсінікті, әрине келесі серияларды қарауға шақыру, интрига жасау. Сонда кино келесі сериялардың болуын және оған шақыруды оқиға желісімен емес актер арқылы көрсетті. Кино түсірушілер қызықтырып емес жалынып шақырып тұрғандай болып тұр. Бұл енді детальдарына тиісіп кету шығар, бірақ репутациясы мықты әлем үшін, сценарист пен режисерлар үшін үлкен кемшілік жасалды деп есептеймін.

    Мүмкін әлемді жақсы білмегендіктен көп нюанстарды түсінбей отырған шығармын, бірақ егер солай болса онда киноның триллеріне "Ескерту: тек Гарри Поттер әлемінің фанаттары үшін" деп жазылып қойса да жарасар еді.

    Ал бағамды (6 бал) тек сапалы эффектілер мен актерлардың жақсы ойындары үшін қойдым. Оқиға желісіне 3 бал қойсаң да жарасатын сияқты.

  • Әділханов Абылай

    Барлық рецензиялар: 3

    /* Бұл жерде сонау 2001 жылы қалай алғаш рет Гарри Поттер шығармасымен танысқаным туралы, осы оқиғаның, кейіпкерлердің, әлемнің мен үшін қаншалықты маңызды екені туралы ұзақ мәтін болған, Рецензия тым ұзақ болып кеткесін алып тастадым */

    ... Гарри Поттер туралы шыққан әрбір қосымша мәліметті іздеп жүріп оқитын адам ретінде, бұл фильм шығады дегенді естігенде қуанғаным рас. Жаңа фильм, жаңа қосымша мәліметтер, жаңа оқиға. Роулинг, жаз! Жаза түс! МОООААА!!! дейтіндер қатарынанмын. Не дегенмен Ньют Саламандер (фильмдегі басты кейіпкер) өте қызық тұлға, неге ол туралы фильм түсірмеске. Бірақ бұл кітапша (ия ия, кітапша, қайырымдылық шарасына арнап тез-тез жаза салған кішігірім кітапша болатын, шамамен 100 беттік) желісімен бір емес, үш фильм түсіреді дегенді естігенде аздап қобалжи бастадым.

    Бірақ

    Ньют оқиғасы Гарри оқиғасынан 70-80 жыл бұрын болғандықтан, біз танитын кейіпкерлердің біразын жолықтыру мүмкін емес, бірақ Ньют пен Дамблдор замандас емес пе, тіпті құрдас деуге болады. Мүмкін үш фильмде Дамблдор туралы да бірер жарты экран уақыты бөлінер! Грин Де-Вальд, Ильверморни мектебі, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы болған оқиғалар мен кейіпкерлер, жалпы ХХ ғасырдың басындағы сиқыр әлемінің жағдайы да өте қызық. Айта берсең бұл әлемнің шеті жоқ қой. Үш фильм болса босын дедім.

    Фильмнен не күттім?

    Шьямаланның "The last airbander"-інен көңілім қалғаннан бері ешқандай приквел, сиквел, ремейктен үлкен нәтиже күтпеймін. Бірақ бұл Роулинг емес пе, ол ерекше! Ол бәрін керемет, мінсіз жасайды. Зис из гона би зэ бест приквэл ЕВЕР! Ия, приквелден оригиналдан асып кетпесе де, онымен тең дәрежедегі нәтиже күткенім рас. Себебі бұл әлемнің әлі жазылмаған, айтылмаған талай оқиғалары, қаһармандары бар.

    Бірақ, бірақ... (бұл туралы айтпай кете алмадым)

    Жылдың ортасында Роулинг қарап отырмай, Гарри Поттер оқиғасынан 19 жылдан кейінгі арналған "Қарғыс атқан сәби" пьесасына соавтор болмаса да, үлес қосып, онымен қоймай аталмыш пьесадағы барлық оқиға канон деп жария салып гардопты жарған болатын. (пьесаның сценарийін әрине интернетке шыға салысымен оқып тастадым, құсық! ортаңқол фанфик деңгейіне де жетпейді) (әңгіме пьесада Гермиона рөлін қара нәсілді ойнағанында емес, Гермиона,  бәрібір ай лав ю мА нигга!) Өзім бұл оқиғаны канон ретінде қабылдай алмадым. Қабылдамадым да. Сондықтан ол пьесадағы құсық-былыққа еш назар аудармадым. Себебі ол канон ЕМЕС! Бірақ, соңғы кездері Роулингтің іші пысып, немен айналысарын білмей жүргендей көрінді.

    ...

    Әне болады, міне болады деп жүріп, премьера болатын күнге де жеттік. Сеанс басталды, музыка *тың ты-дың ты-дың* УУУУУУ!!! ЗИС ИЗ ИТ! . . .

    Міне Ньют Америкаға келе жатыр, міне чемоданынан бірнеше құбыжықтар қашып кетті, енді оларді іздеп жүр, бәрін ұстап алды, болды! Бітті фильм!

    Үш жыл түсіріп, екі сағатқа созғандағысы осы! Ну енд, арасында жақсы жерлері бар, спецэфектілеріне де базар жоқ, бірақ жалпы айтқанда сценарийі керемет, шытырман оқиғалы деп айтуға келмес. Ия, ия, фильмге 5 деген баға бердім. Аздау әрине, қызбалықпен бағалап жібергенімді енді байқап отырмын, +6 деуге болатын еді, но не суть! Осы ма бары? Грин де-Вальд? Волен Де Мордқа дейінгі ең мықты жауыз сиқыршы осы ма? Дамблдор мен Ильверморни тек бір диалогта ғана айтылды, ал Американың сиқыр әлемі былайша айтқанда нашар. Европаның сиқыршылар әлеміндегідей сиқыр, ертегі атмосферасы жоқ. Мұңайған боқ! Саусақтан сорып алған фильм. Үш фильм болады деп па едім басында? Жоқ, соңғы мәлімет бойынша БЕС ФИЛЬМ болады екен. БЕС, КАРЛ! Мүмкін болашақтағы фильмдері жақсы болар, әлі де үмітім бар, бірақ дәл қазіргі уақытта, дәл мына фильмге еш көңілім толмады. Бес фильм түсіргенше сапалы бір фильммен тоқтала қойсаңдар қайтеді (

    Фильмнен кейінгі әсер

    Қандай әсер дейін, барлық негатив, көңіл қалу, ожидание-реальность әсерін алып тастағанда, еш. Ешқандай әсер қалмады. Гарри Поттердің фильмдерін анда-санда қайта қарап тұрамын, ал мына фильмді қайта қарағың келмейді, көріп болғаннан кейін Хогвартсқа шақырту келіп қалмады ма екен деп почта жәшігін тексеріп келейін деген ой да келмейді. 

    Ия, фильм нашар! Менің ойлағанымнан шықпады. (

    Сау болыңыздар!

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Фильмге арқау болған шығарманы оқыған емеспін, бірақ авторы әйел екенін байқау қиын емес. Жазушы оқиғалардың өзегін тұрмыстық проблемалардан алады, сондықтан да осындай отбасылық триллер пайда болды деп есептеймін. Қате түсінбеңіз - отбасы болып жиналып көретін триллер емес, отбасы мәселелерін сөз қылатын триллер.

    Фильмнен әйелге көрсетілетін зорлық-зомбылықты, еркектердің үстемдігін сынау месседжін ұққандай болдым. Дамушы елдер тұрмақ, феминизм кеңінен етек жайған, гендерлік теңдікті мықтап сақтайтын Батыстың өзінде әйел құқығы үнемі сақтала бермейтіні туралы мәселе көтеріледі (шығарма оқиғасы Англияда, экранизация оқиғасы АҚШ-та болады). Басқаларды білмеймін, менің фильмнен осыны анық көрдім.

    Бұл айтылғандар картинадағы негізгі емес, астыртын жеткізілген ойлар ғой. Ал негізгі сюжеттен түйгенім - бір көргеннен шешім шығаруға, қорытынды жасауға асықпа. Адамның осы бір әлсіз тұсын қабат-қабат сюжеттік шешімдермен, шытырман оқиғалармен көрсетіп береді.

    1. Адам туралы ой қалыптастыруға шеберміз ғой. Әсіресе, ол туралы жаман ойлағымыз келсе, бір көре салып шешім қабылдап, үкімін шығарып тастаймыз. Кейде тіпті біреудің айтқан сөзі-ақ жеткілікті болып жатады. Ал, шындығында - Шрек айтпақшы - адам болмысы "пияз сияқты көп қатпарлы". Қатпарларын ашқан сайын жаңа қабат пайда болады. Өзім де бәлен жылғы достарымның кейбірінен осыны байқаймын - әр кездескен сайын жаңа қырына, жаңа сырына қаныға түсемін, жаңадан тани түсемін.

    2. Адамды сынауға да шеберміз. Бір әрекетіне бола бүкіл еңбегін жоқ қыламыз, барлық жақсы жағын өшіріп тастаймыз. Оған соңғы уақыттағы "Ninety One" дауы мысал - түріне қарап-ақ жыныстық бағдарына дейін анықтап тастадық.

    Ал шын мәнінде бұл әрекетқа қалай барды, не итермеледі, қандай себебі болды - бұның бәріне жауап табуға болады. Ішкі жанына үңілу, түсіне білу және төзе білу - міне адамдар арасындағы гармонияның кілті.

    3. Фантазерміз. Көзіміз көре алмаған тұстарын ақыл-оймен жалғап әкетіп, толықтырып аламыз. Адасу да осыдан басталатын тәрізді. Бұлардың барлығын бір адамның бойына жинасақ, жаны ауру адамды көре аламыз.

    Демек, әрқайсымыздың да бойымыздан бір-бір рухани науқасты табуға болатын секілді ғой :)

    Фильмде психологиялық шиеленісті жұлдыздардан құралған актерлік топ жақсы алып шықты деп есептеймін. Әсіресе, Эмили Бланттың тағы бір шебер қырын көрдік.

    Оператордың бетті ірі планмен жиі ала беретін тәсілін түсіне алмадым. Кейде тіпті әртістер экраннан шығып кетіп, бетіңе бетіңді тақап тұрып сөйлеп жатқандай әсерде болдым. Мүмкін осылайша эмоцияларды, күйзеліс пен қайғыны көрсеткісі келген шығар. Бірақ актерлер нашар ойнаған жоқ, онсыз да алып шығар еді.

    Кейбір деталдарға екпін қою ұнамады. Мысалы, диалог кезінде ашылып қалған ышқырға көңіл бөлудің не қажеті бар? Бәлкім екі кейіпкер арасындағы жасырын құштарлықты нақтылап өткісі келген шығар, білмедім.

    Фильмнің созылыңқылығы мезі қылды. Кіріспе қажет, кейіпкерлерге тоқталған дұрыс. Бірақ бәрібір осының бәріне фильмнің тең жартысы кетіп қалыпты. Мазмұнына нұқсан келтірмей қысқартып беру амалдарына дұрыстап көңіл бөлсе мүмкін хронометражды азайтуға болар еді деп ойлаймын.

    Қорытынды - Отбасыларыңызға берік болыңыздар, бір-біріңе берген сенімді ақтаңыздар, гармонияға ұмтылыңыздар :)

    Сайтта 6,5/10 деген бағаның жоқтығы өкінішті :)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Көптеген зомби туралы кино көріп жүрміз ғой. Бүгін кинотеатрларда жүріп жатқан "Құт әкелетін қыз" фильмі зомбилер тақырыбына басқа көз қараспен қарауға итермелейді. Себебі, зомбилерден адамдар сияқты ойлап, адами қасиетпен өмірге келетін балалар болуы мүмкін.

    Мелани және басқа балалар көптеген жылдары бункерде өмір сүреді. Олар тек тәжірбиелік тышқандар іспеттес... Тек Мелани ғана, өзінің ерекшелігін дәлелдеп, әлемге жаңа қоғамға үміт жағады.

    Кино зомбилер әлеміне басқаша көз қарас оятады, олар бала туа алмайды деген түсінікке қарама-қайшылық тудырады. Кино зомби темасын ұнататындардың көңілінен шығары сөзсіз. Себебі, Мелани ролін сомдаған сүйкімді Сенниа Нануа өзінің үміт екенін, өзінің әдемі бала екеніне сендіре алады. Киноның қызық сәттері көп, бір рет көруге боларлық туынды.

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    Тим Бертонның анау айтқан бір фанаты болмасам да, «Мисс Перегриннің өзгеше балалар үйі» фильмі ұнамады дей алмаймын. Тәп-тәуір фэнтези шығыпты.

    Фильмнің басында Джейкоб деген америкалық қарапайым, аздап бұйығы баланың қызықсыз өмірі көрсетіледі. Оның жалғыз ғана досы бар – қарт атасы. Ол Джейкобқа түрлі қызықты әңгімелер айтып беретін, әсіресе түрлі қабілеттері бар ерекше балалар туралы ертегілерді құлағына құйып отырды.  Бірде оның атасына қастандық жасалады, бірақ ол өлер алдында Джейкобқа мән-жайдың шет жағасын түсіндіріп үлгереді. Бас қаһарман алыс жолға шығып, атасының шын мәнінде не шаруа бітіріп жүргенін білмек болады...

    Қысқа-нұсқа қайырып жіберсек,

    Фильмнің ұнаған тұстары:

    - Жақсы сценарий, тың идея. Бұрынғы фэнтези жанрындағы фильмдерге ұқсамайды. Басқаша ертегі. Ренсом Риггздің қорқыныштылау келген ескі суреттермен безендірілген «Өзгеше балалар үйі» тырнақалды романы бүкіләлемдік бестселлерге айналғанда, Голливуд қол қусырып қалмағаны белгілі. Әйткенмен, дәстүр бойынша кітабын оқығандар фильмді жақсылап тұрып сынап жатыр.

    - Ева Грин. Рөлінде қатып тұр. «Көз ойындарын» айтсаңызшы! Жалпы образы, костюмдері, гримі өте сәтті шыққан. Евадан басқа ауадан да жеңіл қыздың рөлін ойнайтын Элла Пернелл де фильмге жақсы үйлесіп-ақ тұр.

    - «Алиса айнаның арғы бетінде» сияқты (ол да Бертондікі) кейбір фэнтези-фильмдердегідей қым-қуыт қойылымдар жоқ. Барлығы «шынайы өмірдегідей», бірақ готикалық атмосферамен түсірілген. Әсіресе уақытты тоқтатып қою, қайталау, минут-секундына дейін дөп басу сияқты эпизодтар өте қызықты.

    Ұнамаған тұстары:

    - Әдемі басталып келе жатыр еді, соңғы жағы ұйпа-тұйпа болып кетті. Құлағыңды түріп отырмасаң, фильмдегі құбыжықтар туралы маңызды бэкграунд ақпараттан құр қалдым дей бер. Ева Грин әлгілер туралы екі-үш қайырып, тез-тез түсіндіріп тастайды да, дереу шым-шытырық сюжеттер басталып кетеді. Бұл кітаптағы оқиғалардың жалпы тарихын фильмге сыйдыру үшін жасалғаны көрініп тұр.

    - Айқас барысында кезек күтіп төбелесу әдебі. Бір зұлымның көзі құртылғанша, екіншісі бұғып отыратындай әсер қалдырады (фильмнің монтаждалуына сын).  Сосын зұлымдар кішкентай қаһармандарды баласынып менсінбеді ме екен, әйтеуір аздап жайбарақат. Ал Сэмюэл Л.Джексон сомадаған жағымсыз кейіпкер дарақылау көрінді.

    Фильм жас балалар үшін тым қорқынышты. Өзгеше балалардың қабілеттері жүрегіңді тітіркендіреді. Кішкентай балаларға көрсетпеңіз. Нүкте.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Алдыңғы бөлім мен қазіргі бөлім арасындағы үлкен уақыт қашықтығы (9 жыл) фильмге қызығушылықты бәсеңдетіп тастаған секілді. Бұрынғыдай атмосфера, бұрынғыдай еліту жоқ. Мүмкін фильм атмосферасы өзгермеген шығар, бірақ көрермен ретінде мен Борнға қызығушылығымды жоғалтып алыппын. Көрсетілім барысында бірнеше рет пауза басып қойдым, мүлдем тоқтатып тастауға да ниет болды.

    Негізі франшизаны күштеп созу да жақсылыққа әкеле бермейді. "Борниада" деп айдар тағып алдық, "Бондиана" секілді жасампаз болсын деп. Бірақ жаңа "Джейсон Борнның" сюжеті саусақтан сорып алғандай әсер береді. Кейіпкер де моральдық, физикалық шаршаған образдан шыға алмайды.

    Есімде жоқ - Джейсон Борн бұрын да үндемес болды ма? Фильмнің жұлдыздар құрамын толықтыруы тиіс Венсан Кассель де үндемейді. Негізі басты рөлдегі актерлер екінші планда қалып қойғандай әсер берді.

    Мүмкін Джейсон Борнмен қоштасатын кез келген шығар? Осыны жазып отырып бір идея келді - франшизаның тағы бір қаһарманы - Аарон Кроссты мына Джейсон Борнмен бір фильмде кездестірсе қалай болар екен? Меніңше франшизаны осылай құтқарып, тіпті жаңғыртуға болатын секілді.

  • Саке

    Барлық рецензиялар: 1

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Нұртас Адамбаевтың осыған дейінгі туындыларының барлығын қарап келемін. Ұсынған комедияларының түгелі дерлік көңілден шыққан еді. Бірақ бұл жолы "боевик" жанрында бағын сынап көрген екен. Өте төмен.

    Сеанстан кейін менде мынадай сезім пайда боды. Сценарист барлығын жақсы жазып келе жатып, түнде заказчик хабарласып ертең тапсыру керек деп бұйырып, содан барлығын өлтіріп тастауды ұйғарған тәрізді. Немесе сценарий ауқымы фильм ретінде тым тар. Короткометражканың сценарийін алып, соған керек емес кадрлармен толтырып фильм жасап шыққандай сезім қалдырды.

    Маған ұнамады. Сіздерге де ұнайды деп ойламаймын. Актерлерден Асан ғана өз образын аша алды. Қалғандары актерлік тәжірибесімен алып шығам деген соқыр сеніммен ғана ойнап шықты. Қазақстандық кезекті құсық кинолардың бірі.

    6/10.

  • Джек Шепард

    Барлық рецензиялар: 3

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Тараз, бля, вещь. Жаңалықище!

    Нұртастың фильммейкер ретінде ізденісі көзге ұрып тұр. Аз-кем түртіп, шымшып өтуге болатын тұстар фильмнің жалпы аурасын кері тартпайды. Өмірдегі болмашы жайдан ушығатын қайдағы жоқ хуеталар, обезбашенный достарыңа еру, бір қателік зайбалды шығарып келесі қателікке іліп әкететіні – міні фильмде маған мағлұм болған месседж.

    Асан Мажитов заебись ойнапты! Шынайы. НТК-дағы студент общагасындағы борзый ролінен әлдеқайда ысылған. Қаттырақ тиісу керек болса, субъективті түрде Нұртас бұл фильмді өзі ойнаған ролді басқаға бере салу керек еді. За кадром охуенділеу тұлға боп қалыптасқанын қалаушыларданмын.

    Орыстардың «Братымен», өзіміздің «Рэкетирмен» параллель іздеуге болады, кәнеш. Но, сука, мынаусы зацепил. Аффтардың прожектке жұмсаған жарты лямға жуық баблосы отбиться етілуі керек менің болжауымша. По хорошему, жігіттер толпа боп, қыз-қырқынсыз барып қарайтын дерзкий мастерпис.

    Сюжеттердегі кейбір қарапайымдылықтар пиздец ұнады. Аздап тоймай қалдым. Кей сюжеттік линияда «Во все тяжкиедегінің» интросындағы приемдарды көргендей болдым. Хуле, Тараз это вам, бля, не проходной двор. Қай бір жылы мектеп оқушылары зонаға грев үшін бұлардан да 50 теңгеден жинайды деген ақпар муссироваться етілгені есте. Чисто по понятиям, на.

    Фильмнің цензурасыз нұсқасын көргім келеді. Бля, барыңдар. В натуре, бля.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Әлеуметтік аспектілері бар кылмыстық мелодрама

    Баспасөз конференциясында бір журналист Адамбаевтан: "Тараз туралы фильм неге қылмыстық драма жанрында?" деп сұрады. Сонда Адамбаев: "Тараз туралы басқа не түсіруге болады, комедия бұл қалаға жараспайды" деген сыңайда жауап берді. Шынымен де, Тараз десе бірінші көз алдымызға криминал келетіні рас қой. Өзім де бір рет болғанмын бұл шаһарда - кварталдары аздап тоқсаныншы жылдарды еске түсіретін, тұнжыраған қала.

    Адамбаевты бұл кинодан алғаш көргенде - бәрі стеб үшін жасалған секілді, қазір Нұртас күліп жіберетіндей болып көрінуі мүмкін. Бұндай сезімді алдыңғы жобалардың тек қана комедия мен романтикалық мелодрамадан тұрғандығымен және осы кісіні тек аталған жанрлардан көріп, көз үйреніп қалғандығымен байланыстырдым. Бұл Нұртас Адамбаевтың және оның компаниясының салмақты тақырыптағы алғашқы жұмысы. Өзі де бұл фильмнің "қылмыстық-әлеуметтік драма" екенін айтып өтті.

    Режиссер флешбекті әдемі қолданған. Міне машина келе жатыр. Ішінде бес адам. Камера әр адамның бетіне үңілген кезде оның мини-өмірбаяны көрсетіледі. Жалпы, фильм барысында ауық-ауық флешбектер ұшырасып тұрады және бұны тым баттастырмай, ара-жігі ажыратылып дұрыс берген. Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманатында" бұл тәсілдің қолданылуы аса ұнай қоймап еді, мысалы.

    Флешбектер арқылы әр кейіпкермен қысқаша танысып аламыз, әр кейіпкердің негізгі сюжетке арқау болған ортақ проблемадан бөлек жеке бас мәселелері де жетіп артылатынын көреміз. Режиссер де көрерменді оларға бой үйренісіп, солар үшін жанкүйер болуға алдын-ала үйретіп алған тәрізді.

    Атауы "Тараз" болғанымен, локацияның барлығы Таразда орналасқан деуге болмайды. Иә, Тараздың камеосы бар, бірақ фильм қала жайында емес. Кинодағы оқиға кез-келген елді мекенде орын алуы мүмкін еді. Ондағы проблемалар мен айтылған ой да Қазақстанның кез-келген тұрғынана тән. Тараздың бүкіл елге мәлім криминал "атақ-абыройы" тек фильм атмосферасына әр бере түседі, сюжеттің дұрыс таңдалған фоны бола алады. Жалпы сценарийдің формасы дұрыс ойластырылғаны көрініп тұр. Ол үшін Адамбаевқа тағы да рахмет.

    Фильмнің актерлері де дұрыс таңдалған секілді. Иә, Еркебұланда аздап асыра ойнау бар, бірақ сынға алатындай қатты емес. Байқасаңыз, бұл типаж Еркебұлан Дайыровқа жат емес. "Шлагбаум" драмасында да ол жолы болмай жүрген боксшыны сомдап еді. Бұл жерде де сол. Қайталама рөл туралы айтқан екенбіз, тағы бір адамға назар аударалық: Алдабек Шалбаевты да ұқсас рөлде екінші көруім. Жаңағы айтқан "Шлагбаумда" "мажор" ұлы бар авторитетті сомдап еді ғой. "Таразда" да бұл рөл қайталанады. Отандық мэтрлерден Райхан Айтқожанованы да көзіміз шалды.

    Нұртастың айтуынша, Асан Мәжит сомдаған рөл осы актер үшін әдейі жазылды. Сондықтан кейіпкердің аты да сол Асан болып қалыпты. Бұл оның үлкен кинодағы дебюті және сәтті дебют. Үлкен киноға қадам басқан тағы бір адам бар - ол Гүлназ Жоланова. Режиссер де бұл рөл үшін аса көп таңдау жасап жатпастан, рөлді бірден осы қызға ұсыныпты. Қысқа эпизодтарда Жандос Айбасов пен Кәмшат Жолдыбаеваны, Назар Сұлтанбаев пен Нұржан Садыбековты көреміз. Бұлар киноның жұлдызды құрамын жасақтау үшін алынды деп есептеймін, оларды басқа да актерлермен алмастырсақ пәлендей айырмашылық бола қоймас еді.

    Фильм алғашқы минутынан-ақ көрерменін күрсіндіріп, өмірдің қорқынышты сәттерін көз алдымызға әкелетіні түсінікті болады. Дегенмен, Адамбаев күлкілі моменттерді де ұмытпапты. Бұл да біртүрлі әсер береді - кейіпкердің тағдырына жүрегің ауырып, тұнжырағаның сол, бір езу тартқызар қызық пайда бола қалады. Бұл әдейі істелген амал ма, әлде комедияның маманы криминал түсіргенде бәрібір бұрынғы жұмыстардың ізі қала ма - оны анық ажыратып айту қиын. 

    Сценарист оқиғаны барынша өмірге жақын еткісі келген шығар, диалогтарда боғауыз бен балағат сөздер көп. Олардың барлығы телевизиялық "пип-пиптермен" бүркемеленген. Пипылдаған дыбыстар кейде ерекше көп қолданылады, сол себепті тым асырып жіберген жоқ па өздері деп ойланып та қалдым.

    Арнайы эффект, компьютерлік графика деген мүлдем жоқ. Фильмнің әлеуметтік аспектілері де осындай шынайы кадрлар арқылы ерекшелене түссе керек. Кейіпкерлермен бірге жүгірген камера да, статикаға қондырылып түсірілген кадрлар да өз орнымен қолданылған. Бұл да атмосфераның тиісті сәттерін қажетінше бере алды. Қылмыстық киноға тән музыкалық эффектілері де шиеленіскен, конфликт алдындағы сәттерге ерекше әсер қосады.

    Музыка демекші, интершумда "Ninety One" мен "Orda" музыкалық ұжымдарының әндері естілді. Бұл режиссердің аталған топтарға деген құрметінен шығар деп түйдім.

    Ал, негізгі саундтрек ретінде таңдалған Ғалымжан Молданазардың лирикаға толы "Сағым" композициясына қатысты премьераға дейін сұрақ тауындағаны рас. Өйткені, фильм қылмыстық драма, ал музыка романтикаға жақынырақ. Фильмнің финалында бұған да жауап тапқандай болдым. 

    Криминал, криминал дейміз, бірақ Адамбаев сәтсіз махаббат пен романтика тақырыбынан бәрібір алысқа ұзай алмапты. Криминал ғашықтық пен сүю оқиғаларын - ашық күнді көрсетпей жауып қойған терезенің пердесі секілді бүркеп жасырып тұрғандай болады. Ең қуаныштысы сол - соңында перде ашылады. Сондықтан да шығар, "Тараз" қылмыс пен драма элементтері бар мелодрамалы триллер әсерін берді. Міне, осындай бір симбиоз.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Көп әкелердің ұл балаларды қалайтынын білеміз ғой. Кеше көрсетілімге шыққан "Соққыға шыда, балақай!" атты фильміндегі әке де ұл баланы армандағанын байқауға болады. 2 қыз өмірге келеді. Бірі сұлулық әлемінің ханшайымы болғысы келсе, екіншісі бокстан чемпион болғысы келеді. Бірақ, екеуі де өз қойған мақсаттарына жете алатын мықты қыздар. Кино сондай жеңіл, әрі өмірден алығандықтан да қызықты, күлкілі.

    Света мен Таня екеуі бір-біріне ұқсайтындарын көп жерде пайдаланады. Бокстан алған жарақаты үшін Таняға біраз уақыт дайындыққа бармауы керек, ал бармаса жаттықтырушы оны жарысқа қатыстырмайды, ол егізін өз орнына жіберіп, оның орнына өзі телеарнаға жұмысқа барады. Бар қызық осы жерден басталады. Сәннен басқаны білмейтін Света спортқа бейімделе бастайды...

    Кино өте қызықты әрі күлкілі. Көңіл күйің кәдімгідей көтерліп қалады. Настасья Самбурскаяның макияжсыз түрін көріп біраз күліп алдым, әрқашан әдемі боп жүретін Настасья үшін бұл кино кәдімгідей сынақ болғанға ұқсайды. Екатерина Владимирова киноға жаңа түсіп бастаса да өз рөлін жақсы алып шыға алған сияқты. Көше қызы мен сәнге берілген екі образды сомдау қиындық тудырары анық, ал ол бұл қиындықты жеңе алған сияқты. Көріңіздер, көңіл көтеріп қайтыңыздар! 7/10.

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    «Картоп жарылған түн» немесе Сет Роген – мультфильм өнерінің Тарантиносы

    Көшедегі шалшық судан да кәдімгідей тұңғиық мағына табуды мода еткен контемпорари-арт табынушылары бар ғой. Мен де солардың көшінен қалмайын деп осы бір қызық мультфильмді өзімше интерпретациялап көрейін дедім. Айналып келгенде, ол қараптан қарап ересектерге арналмаған шығар, демек ар жағында бірдемесі бар деген сөз. Жұрт аздап мағынасы бола қалса, «Ойландырады екен» («Заставляет задуматься») деп жамырап жазатын фильмдер емес, дәл осы туынды мені бей-жай қалдырмай, ми қыртыстарымды біраз қозғап кетті. Бұл жобаның басы-қасында жүрген Сет Роген өзі аздап тентектеу келген еврейдің ақылды баласы ғой.  Одан іш пыстыратын «жоғары моральді» бірдеңені күтудің  қажеті жоқ.

    Сонымен супермаркет сөрелеріндегі әр алуан азық-түлік ың-шыңсыз өмір сүріп жатады. Олардың бар арманы - адамға, яғни Құдайға бару. Ол жақта махаббатқа бөленіп, мәңгі мамыражай өмір сүреді-мыс.  Әзірге тәңірінің өсиетімен жүріп, тура жолдан таймау шарт. Дүкен ашылатын кезде барлығы хормен  шіркеу әндерін шырқап, жаратқанның жарылқауын сұрайды. Әлгілердің қатарында жас шұжық Фрэнк пен бөлке нан Бренда да бар.  Бірде ащы ақиқаттың куәгері болған бір бәнкі қышаның жанайқайы дүкенді дүр сілкіндіреді. Фрэнк енді не болса да шындықты білуге бекем бел буады. Ақыры ақсақалдардың «бұл дін − қараңғы халықты басқарудың мықты құралы» деген ликбез лекциясынан көзі ашылады. Бұл кезде оның достары Карл мен Барри ана жаққа «аттанып» үлгерген еді. Екеуі Құдай үйінің төрінде масайрап тұрғанда, құдекең  бәрінің көзінше бейқам тұрған картопты қайнаған суға гүмп еткізеді! Мұндай сұмдықтан жанұшыра қашқандардан жалғыз Барри аман қалады. (Ал енді осының бәрін енді шынайылықпен көз алдыңызға елестетіп көріңіз: ыстық суда ышқынған картоп, қарны қақ жарылған Карл-шұжық, тіске сарт-сұрт шайналып өлген тағы бірдеңелер ­− бәрі қан-жоса. Тарантиноша асқынған реализм. ) Бірақ Барри үшін қуырдақтың көкесі әлі алда еді, амалын тауып басқа бір жігіттің үйіне кіреді. Онысы нашақор болып шығады: психоделияға  түсіп, чакралары ашылғанда, тамақпен тілдесе кетеді. Барри «есі дұрыс Құдайға келдім бе» дей бергені сол еді, таңертең есін жиып, кешегіні ұмытқан үй иесі оны пісіріп жеймін деп жүріп басынан айырылады (тура мағынасында!).  Бала шұжық үшін енді дәстүрлі догманың тас-талқаны шығады.  Ол тез арада «о дүниеден» оралып, аңғал халқын ажалдан арашалап қалмақ болады. Ақыры Фрэнк досы екеуі дегеніне жетеді, Азат етілген жұрт қуанып  бөркін де, басқасын да аспанға атты. Баяғыдай принцип жоқ, бойдан иман кетті. Кешегі сіз-біз дескендер жалма-жан әмпей-жәмпей, қоян-қолтық бола қалады.

    Осыны шұбалаңдатып жазып отырғандағы айтпағым...

    Бұл анимациялық фильмнің сюжетінен жиренген бәз біреулер "тамақпен ойнаған не масқара?" деп бет шымшысып, ренжіп жатты. Роген қиялы ұшқыр әпенде десті.  Сонда олар азық-түлікше декаденттіктен қазіргі іріп-шіріген қоғамды, мүмкін арасында өздерін танымаған ба? Белден төмен ашық-шашық тақырыптарды өмірінде естіп көрмеген бе (негізі фильмде батыс қоғамы меңзеліп тұр)? Мұның бәрі адамдардың болмысына, үмітшілдігіне, «ел не айтады?» деп сіресіп-тіресіп анау-мынау күнәмен іштей алысуына жасалған параллель екенін аңғармады ма? Әйтпесе Фрэнк пен Бренда құр мыңқиған майлы шұжық пен былқиған бөлке нан емес. Олардың санасы, мінезі, тіпті наным-сенімі де бар. Екеуі ғашық, бірақ буырқанған сезімге берілмейді  – жоғарыдан біреу көріп қояды ғой. Екеуінің ғана емес, бүкіл ассортименттің санасын соқыр сенім жаулап алған. Өйткені жамандықтан кейін жақсылық, қысым-қыспақтан кейін әділдік келеді деген тәтті үмітпен, қылмыстан кейін жазасын береді деген қорқынышпен жүр ғой. Барри тілі салақтап, көзі аларып жатқан құдайшықтың басын суырып шығарғанда, елдің бәрі аҺ ұрады. Ал, сөйтіп «дін – апиын» дегенде не болды? Басында эйфория, соңында азғын хаос орнады. Қанша уақыт байлап-матап келген іштегі теріс заряд тасқын судай лақ етіп ақтарылды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқта жаппай нәпсіге де тыю болмайды екен. Рақат! Осындай «көтеріңкі көңіл-күйлі» финалға жеткенде, сюжеттің астарын осылай әйтіп-бүйтіп барымша ақылмен жорып, ақтап алайын дегенде...

    әлгі срогі өтпейтін данагөй ақсақал басты қаһармандарды жинап алып, «мына тіршіліктерің далбаса, негізі сендер − Сет Роген деген әңгүдік шығарған суретсіңдер» деп бар шындықты жайып салады.  Ақырғы көріністе қол ұстасқан  хотдог-жұп нағыз Құдай-әкелерімен қауышпаққа параллель әлем порталына бет алады.

    Бұл эпизодты Сет не үшін қосты,  қызық болсын деді ме, бұған басым жетпеді, ал жеткен жері осы!

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Маған осындай өз өмірімен ойнайтын адамдар туралы кинолар ұнайды. Олар соңы немен бітетінін білсе де өз жолдарынан таймайды...

    Дуэлянт - нағыз жігіттік пен адамның қаншалықты қиындыққа төзе алатынын сипаттайтын кино. Жанұясы мен қоғамдағы орнынан айырылған жігіттің ойында тек бір нәрсе ғана болады, әрине ол - кек. Бір замандары өзінің жақсы атын қалыптастыру үшін тек бір ғана жол болған, ол дуэльге шығу. Бізде дуэль тек әйелге таласқан кезде ғана ғана болады деп ой қалыптасқан, алайда, олай емес екенін осы кинодан көруге болады. Дуэльге шығу, дуэльде жеңу ол ер адамның мықтылығын, батылдығын, өзіне сенімділігін көрсетеді.

    Тарихи Петербург әдемі, әрі қорқынышты, әрі лас. Қаланың 1860 жылдардағы көрінісі жақсы берілген. Байлар мен кедейлер қоғамы. Байлық қай заманда болмасын өз билігін жүргізіп отырған. Осындай бір биліктің құрбаны болған Яковлев өз өмірі үшін күресе бастайды. Ол үшін ақша жинаудың жалғыз жолы дуэлянт болу.

    Пётр Фёдоров барлық фильмдердегідей тартымды, сымбатты, сенімді. Владимир Машковтың актерлық шеберлігі жақсы берілген, тіпті осы кино арқылы жек көріп кетуге болады, ол өз міндетін жақсы ақтара алған.

    Кино жігіттер жағынан, тарихи киноларды жақсы көретін көрерменнің көңілінен орына алатынына сенімдімін. Бірақ, кинодан алған әсеріңіздің керемет болатына сенімдімін.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    "Өлген адам сөйлемейді" (с) "Менің атым Қожа"

    Апта сайын топырлап шығып жатқан, тек қана кассалық мақсатты көздейтін киножобалардың арасында осындай жақұттар елеусіз қалатыны өкінішті.

    Фильм блокбастерге үйренген қауым үшін абсурд пен қияли дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ақыл тоқтатқан, санасы ояу көрермен қабылдай алмайтындай күрделі де емес. Артхаусты тек таңдаулылар көруі тиіс деп кім айтты?

    Сюжетте суы да, өсімдігі де жоқ құрғақ аралға тап болған Хэнк туралы баяндалады. Жалғызсырап, әрі аман қалатынына сенбеген ол өмірмен қош айтыспақ болады. Бірақ оның бұл әрекеттен бас тартуына жағаға ығып келген әлдекімнің мүрдесі себеп болады. Өлік демесеңіз, жалғызбасты Хэнк үшін пайдасы ұшан-теңіз болып шығады. Пышағы, қақпақ ашары, қайшысы мен басқа да құралдары біріктірілген швейцар бәкіні білетін шығарсыз? Сондай әмбебап құрал дерсің, құдды. Өлген адам сөйлемейді? Сіз онда Мэнниді әлі кездестірген жоқсыз.

    Бірақ айтпағым ол туралы емес. Бұл киноның жай сыртқы фабуласы ғой. Өлік Мэнни көп нәрсеге көрерменнің көзін ашып, көзқарасын өзгертуге тырысады.

    Жалғыздық туралы. Жалғызсырамайтын адам жоқ тәрізді. Қанша жерден беделді, қанша мыңдаған туыс-достарымыз болса да, іштей бәрібір жалғыздықты сезетін кездер болады. Өзіңе жақын адамды, түсінетін бауырды іздеу осындайдан басталатын тәрізді. Ал іздеген қашан да табады, мейлі ол өлік болып шықса да.

    Өз сәтіңді жіберіп алмау туралы. Хэнк апатқа ұшырағанға дейін жуас, батыл емес адам еді. Күн сайын автобустан бір қызды көретін. Оған ғашық болады. Бірақ оған жақындауға, сезімін айтуға қорқады. Тіпті онымен тілдесуді мақсат етпейді. Жай сыртынан бақылап, армандаудың өзін қанағат тұтады. Мэннидің арқасында ол осы кемшіліктерін біледі. Біз көп мүмкіндіктерімізді батылсыздығымыздың кесірінен жіберіп аламыз.

    Стереотиптер туралы. Біз көп нәрсені сол күйінде қабылдаймыз. Неге олай, неге басқаша емес деп ойлана бермейміз. Бұған қоршаған ортаның пікірі де әсер етіп жатады. Мысалы, жұрт көзінше артымыздан жел шығармаймз ғой. Ұят. Бірақ, неге? Газдың ешкімге зияны жоқ қой? Тек солай қалыптасып кеткен - өзгелердің алдында жел шығаруға болмайды. Бар болғаны осы ғана. Иә, мүмкін сәтсіз мысал шығар, бірақ көп нәрселерді біз өзгелердің көзқарасына бола жасаймыз/жасамаймыз.

    Басқа да бойға сіңіруге тұрарлық ойлар жетерлік фильмде. Дэниел Рэдклиффті де өлік образында көру бір қызық. Өмірге деген көзқарасыңды жаңартуға себеп бола алатын сирек дүниелердің бірі екен.