• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 413)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Алдыңғы бөлім мен қазіргі бөлім арасындағы үлкен уақыт қашықтығы (9 жыл) фильмге қызығушылықты бәсеңдетіп тастаған секілді. Бұрынғыдай атмосфера, бұрынғыдай еліту жоқ. Мүмкін фильм атмосферасы өзгермеген шығар, бірақ көрермен ретінде мен Борнға қызығушылығымды жоғалтып алыппын. Көрсетілім барысында бірнеше рет пауза басып қойдым, мүлдем тоқтатып тастауға да ниет болды.

    Негізі франшизаны күштеп созу да жақсылыққа әкеле бермейді. "Борниада" деп айдар тағып алдық, "Бондиана" секілді жасампаз болсын деп. Бірақ жаңа "Джейсон Борнның" сюжеті саусақтан сорып алғандай әсер береді. Кейіпкер де моральдық, физикалық шаршаған образдан шыға алмайды.

    Есімде жоқ - Джейсон Борн бұрын да үндемес болды ма? Фильмнің жұлдыздар құрамын толықтыруы тиіс Венсан Кассель де үндемейді. Негізі басты рөлдегі актерлер екінші планда қалып қойғандай әсер берді.

    Мүмкін Джейсон Борнмен қоштасатын кез келген шығар? Осыны жазып отырып бір идея келді - франшизаның тағы бір қаһарманы - Аарон Кроссты мына Джейсон Борнмен бір фильмде кездестірсе қалай болар екен? Меніңше франшизаны осылай құтқарып, тіпті жаңғыртуға болатын секілді.

  • Саке

    Барлық рецензиялар: 1

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Нұртас Адамбаевтың осыған дейінгі туындыларының барлығын қарап келемін. Ұсынған комедияларының түгелі дерлік көңілден шыққан еді. Бірақ бұл жолы "боевик" жанрында бағын сынап көрген екен. Өте төмен.

    Сеанстан кейін менде мынадай сезім пайда боды. Сценарист барлығын жақсы жазып келе жатып, түнде заказчик хабарласып ертең тапсыру керек деп бұйырып, содан барлығын өлтіріп тастауды ұйғарған тәрізді. Немесе сценарий ауқымы фильм ретінде тым тар. Короткометражканың сценарийін алып, соған керек емес кадрлармен толтырып фильм жасап шыққандай сезім қалдырды.

    Маған ұнамады. Сіздерге де ұнайды деп ойламаймын. Актерлерден Асан ғана өз образын аша алды. Қалғандары актерлік тәжірибесімен алып шығам деген соқыр сеніммен ғана ойнап шықты. Қазақстандық кезекті құсық кинолардың бірі.

    6/10.

  • Джек Шепард

    Барлық рецензиялар: 3

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Тараз, бля, вещь. Жаңалықище!

    Нұртастың фильммейкер ретінде ізденісі көзге ұрып тұр. Аз-кем түртіп, шымшып өтуге болатын тұстар фильмнің жалпы аурасын кері тартпайды. Өмірдегі болмашы жайдан ушығатын қайдағы жоқ хуеталар, обезбашенный достарыңа еру, бір қателік зайбалды шығарып келесі қателікке іліп әкететіні – міні фильмде маған мағлұм болған месседж.

    Асан Мажитов заебись ойнапты! Шынайы. НТК-дағы студент общагасындағы борзый ролінен әлдеқайда ысылған. Қаттырақ тиісу керек болса, субъективті түрде Нұртас бұл фильмді өзі ойнаған ролді басқаға бере салу керек еді. За кадром охуенділеу тұлға боп қалыптасқанын қалаушыларданмын.

    Орыстардың «Братымен», өзіміздің «Рэкетирмен» параллель іздеуге болады, кәнеш. Но, сука, мынаусы зацепил. Аффтардың прожектке жұмсаған жарты лямға жуық баблосы отбиться етілуі керек менің болжауымша. По хорошему, жігіттер толпа боп, қыз-қырқынсыз барып қарайтын дерзкий мастерпис.

    Сюжеттердегі кейбір қарапайымдылықтар пиздец ұнады. Аздап тоймай қалдым. Кей сюжеттік линияда «Во все тяжкиедегінің» интросындағы приемдарды көргендей болдым. Хуле, Тараз это вам, бля, не проходной двор. Қай бір жылы мектеп оқушылары зонаға грев үшін бұлардан да 50 теңгеден жинайды деген ақпар муссироваться етілгені есте. Чисто по понятиям, на.

    Фильмнің цензурасыз нұсқасын көргім келеді. Бля, барыңдар. В натуре, бля.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7

    Әлеуметтік аспектілері бар кылмыстық мелодрама

    Баспасөз конференциясында бір журналист Адамбаевтан: "Тараз туралы фильм неге қылмыстық драма жанрында?" деп сұрады. Сонда Адамбаев: "Тараз туралы басқа не түсіруге болады, комедия бұл қалаға жараспайды" деген сыңайда жауап берді. Шынымен де, Тараз десе бірінші көз алдымызға криминал келетіні рас қой. Өзім де бір рет болғанмын бұл шаһарда - кварталдары аздап тоқсаныншы жылдарды еске түсіретін, тұнжыраған қала.

    Адамбаевты бұл кинодан алғаш көргенде - бәрі стеб үшін жасалған секілді, қазір Нұртас күліп жіберетіндей болып көрінуі мүмкін. Бұндай сезімді алдыңғы жобалардың тек қана комедия мен романтикалық мелодрамадан тұрғандығымен және осы кісіні тек аталған жанрлардан көріп, көз үйреніп қалғандығымен байланыстырдым. Бұл Нұртас Адамбаевтың және оның компаниясының салмақты тақырыптағы алғашқы жұмысы. Өзі де бұл фильмнің "қылмыстық-әлеуметтік драма" екенін айтып өтті.

    Режиссер флешбекті әдемі қолданған. Міне машина келе жатыр. Ішінде бес адам. Камера әр адамның бетіне үңілген кезде оның мини-өмірбаяны көрсетіледі. Жалпы, фильм барысында ауық-ауық флешбектер ұшырасып тұрады және бұны тым баттастырмай, ара-жігі ажыратылып дұрыс берген. Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманатында" бұл тәсілдің қолданылуы аса ұнай қоймап еді, мысалы.

    Флешбектер арқылы әр кейіпкермен қысқаша танысып аламыз, әр кейіпкердің негізгі сюжетке арқау болған ортақ проблемадан бөлек жеке бас мәселелері де жетіп артылатынын көреміз. Режиссер де көрерменді оларға бой үйренісіп, солар үшін жанкүйер болуға алдын-ала үйретіп алған тәрізді.

    Атауы "Тараз" болғанымен, локацияның барлығы Таразда орналасқан деуге болмайды. Иә, Тараздың камеосы бар, бірақ фильм қала жайында емес. Кинодағы оқиға кез-келген елді мекенде орын алуы мүмкін еді. Ондағы проблемалар мен айтылған ой да Қазақстанның кез-келген тұрғынана тән. Тараздың бүкіл елге мәлім криминал "атақ-абыройы" тек фильм атмосферасына әр бере түседі, сюжеттің дұрыс таңдалған фоны бола алады. Жалпы сценарийдің формасы дұрыс ойластырылғаны көрініп тұр. Ол үшін Адамбаевқа тағы да рахмет.

    Фильмнің актерлері де дұрыс таңдалған секілді. Иә, Еркебұланда аздап асыра ойнау бар, бірақ сынға алатындай қатты емес. Байқасаңыз, бұл типаж Еркебұлан Дайыровқа жат емес. "Шлагбаум" драмасында да ол жолы болмай жүрген боксшыны сомдап еді. Бұл жерде де сол. Қайталама рөл туралы айтқан екенбіз, тағы бір адамға назар аударалық: Алдабек Шалбаевты да ұқсас рөлде екінші көруім. Жаңағы айтқан "Шлагбаумда" "мажор" ұлы бар авторитетті сомдап еді ғой. "Таразда" да бұл рөл қайталанады. Отандық мэтрлерден Райхан Айтқожанованы да көзіміз шалды.

    Нұртастың айтуынша, Асан Мәжит сомдаған рөл осы актер үшін әдейі жазылды. Сондықтан кейіпкердің аты да сол Асан болып қалыпты. Бұл оның үлкен кинодағы дебюті және сәтті дебют. Үлкен киноға қадам басқан тағы бір адам бар - ол Гүлназ Жоланова. Режиссер де бұл рөл үшін аса көп таңдау жасап жатпастан, рөлді бірден осы қызға ұсыныпты. Қысқа эпизодтарда Жандос Айбасов пен Кәмшат Жолдыбаеваны, Назар Сұлтанбаев пен Нұржан Садыбековты көреміз. Бұлар киноның жұлдызды құрамын жасақтау үшін алынды деп есептеймін, оларды басқа да актерлермен алмастырсақ пәлендей айырмашылық бола қоймас еді.

    Фильм алғашқы минутынан-ақ көрерменін күрсіндіріп, өмірдің қорқынышты сәттерін көз алдымызға әкелетіні түсінікті болады. Дегенмен, Адамбаев күлкілі моменттерді де ұмытпапты. Бұл да біртүрлі әсер береді - кейіпкердің тағдырына жүрегің ауырып, тұнжырағаның сол, бір езу тартқызар қызық пайда бола қалады. Бұл әдейі істелген амал ма, әлде комедияның маманы криминал түсіргенде бәрібір бұрынғы жұмыстардың ізі қала ма - оны анық ажыратып айту қиын. 

    Сценарист оқиғаны барынша өмірге жақын еткісі келген шығар, диалогтарда боғауыз бен балағат сөздер көп. Олардың барлығы телевизиялық "пип-пиптермен" бүркемеленген. Пипылдаған дыбыстар кейде ерекше көп қолданылады, сол себепті тым асырып жіберген жоқ па өздері деп ойланып та қалдым.

    Арнайы эффект, компьютерлік графика деген мүлдем жоқ. Фильмнің әлеуметтік аспектілері де осындай шынайы кадрлар арқылы ерекшелене түссе керек. Кейіпкерлермен бірге жүгірген камера да, статикаға қондырылып түсірілген кадрлар да өз орнымен қолданылған. Бұл да атмосфераның тиісті сәттерін қажетінше бере алды. Қылмыстық киноға тән музыкалық эффектілері де шиеленіскен, конфликт алдындағы сәттерге ерекше әсер қосады.

    Музыка демекші, интершумда "Ninety One" мен "Orda" музыкалық ұжымдарының әндері естілді. Бұл режиссердің аталған топтарға деген құрметінен шығар деп түйдім.

    Ал, негізгі саундтрек ретінде таңдалған Ғалымжан Молданазардың лирикаға толы "Сағым" композициясына қатысты премьераға дейін сұрақ тауындағаны рас. Өйткені, фильм қылмыстық драма, ал музыка романтикаға жақынырақ. Фильмнің финалында бұған да жауап тапқандай болдым. 

    Криминал, криминал дейміз, бірақ Адамбаев сәтсіз махаббат пен романтика тақырыбынан бәрібір алысқа ұзай алмапты. Криминал ғашықтық пен сүю оқиғаларын - ашық күнді көрсетпей жауып қойған терезенің пердесі секілді бүркеп жасырып тұрғандай болады. Ең қуаныштысы сол - соңында перде ашылады. Сондықтан да шығар, "Тараз" қылмыс пен драма элементтері бар мелодрамалы триллер әсерін берді. Міне, осындай бір симбиоз.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Көп әкелердің ұл балаларды қалайтынын білеміз ғой. Кеше көрсетілімге шыққан "Соққыға шыда, балақай!" атты фильміндегі әке де ұл баланы армандағанын байқауға болады. 2 қыз өмірге келеді. Бірі сұлулық әлемінің ханшайымы болғысы келсе, екіншісі бокстан чемпион болғысы келеді. Бірақ, екеуі де өз қойған мақсаттарына жете алатын мықты қыздар. Кино сондай жеңіл, әрі өмірден алығандықтан да қызықты, күлкілі.

    Света мен Таня екеуі бір-біріне ұқсайтындарын көп жерде пайдаланады. Бокстан алған жарақаты үшін Таняға біраз уақыт дайындыққа бармауы керек, ал бармаса жаттықтырушы оны жарысқа қатыстырмайды, ол егізін өз орнына жіберіп, оның орнына өзі телеарнаға жұмысқа барады. Бар қызық осы жерден басталады. Сәннен басқаны білмейтін Света спортқа бейімделе бастайды...

    Кино өте қызықты әрі күлкілі. Көңіл күйің кәдімгідей көтерліп қалады. Настасья Самбурскаяның макияжсыз түрін көріп біраз күліп алдым, әрқашан әдемі боп жүретін Настасья үшін бұл кино кәдімгідей сынақ болғанға ұқсайды. Екатерина Владимирова киноға жаңа түсіп бастаса да өз рөлін жақсы алып шыға алған сияқты. Көше қызы мен сәнге берілген екі образды сомдау қиындық тудырары анық, ал ол бұл қиындықты жеңе алған сияқты. Көріңіздер, көңіл көтеріп қайтыңыздар! 7/10.

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    «Картоп жарылған түн» немесе Сет Роген – мультфильм өнерінің Тарантиносы

    Көшедегі шалшық судан да кәдімгідей тұңғиық мағына табуды мода еткен контемпорари-арт табынушылары бар ғой. Мен де солардың көшінен қалмайын деп осы бір қызық мультфильмді өзімше интерпретациялап көрейін дедім. Айналып келгенде, ол қараптан қарап ересектерге арналмаған шығар, демек ар жағында бірдемесі бар деген сөз. Жұрт аздап мағынасы бола қалса, «Ойландырады екен» («Заставляет задуматься») деп жамырап жазатын фильмдер емес, дәл осы туынды мені бей-жай қалдырмай, ми қыртыстарымды біраз қозғап кетті. Бұл жобаның басы-қасында жүрген Сет Роген өзі аздап тентектеу келген еврейдің ақылды баласы ғой.  Одан іш пыстыратын «жоғары моральді» бірдеңені күтудің  қажеті жоқ.

    Сонымен супермаркет сөрелеріндегі әр алуан азық-түлік ың-шыңсыз өмір сүріп жатады. Олардың бар арманы - адамға, яғни Құдайға бару. Ол жақта махаббатқа бөленіп, мәңгі мамыражай өмір сүреді-мыс.  Әзірге тәңірінің өсиетімен жүріп, тура жолдан таймау шарт. Дүкен ашылатын кезде барлығы хормен  шіркеу әндерін шырқап, жаратқанның жарылқауын сұрайды. Әлгілердің қатарында жас шұжық Фрэнк пен бөлке нан Бренда да бар.  Бірде ащы ақиқаттың куәгері болған бір бәнкі қышаның жанайқайы дүкенді дүр сілкіндіреді. Фрэнк енді не болса да шындықты білуге бекем бел буады. Ақыры ақсақалдардың «бұл дін − қараңғы халықты басқарудың мықты құралы» деген ликбез лекциясынан көзі ашылады. Бұл кезде оның достары Карл мен Барри ана жаққа «аттанып» үлгерген еді. Екеуі Құдай үйінің төрінде масайрап тұрғанда, құдекең  бәрінің көзінше бейқам тұрған картопты қайнаған суға гүмп еткізеді! Мұндай сұмдықтан жанұшыра қашқандардан жалғыз Барри аман қалады. (Ал енді осының бәрін енді шынайылықпен көз алдыңызға елестетіп көріңіз: ыстық суда ышқынған картоп, қарны қақ жарылған Карл-шұжық, тіске сарт-сұрт шайналып өлген тағы бірдеңелер ­− бәрі қан-жоса. Тарантиноша асқынған реализм. ) Бірақ Барри үшін қуырдақтың көкесі әлі алда еді, амалын тауып басқа бір жігіттің үйіне кіреді. Онысы нашақор болып шығады: психоделияға  түсіп, чакралары ашылғанда, тамақпен тілдесе кетеді. Барри «есі дұрыс Құдайға келдім бе» дей бергені сол еді, таңертең есін жиып, кешегіні ұмытқан үй иесі оны пісіріп жеймін деп жүріп басынан айырылады (тура мағынасында!).  Бала шұжық үшін енді дәстүрлі догманың тас-талқаны шығады.  Ол тез арада «о дүниеден» оралып, аңғал халқын ажалдан арашалап қалмақ болады. Ақыры Фрэнк досы екеуі дегеніне жетеді, Азат етілген жұрт қуанып  бөркін де, басқасын да аспанға атты. Баяғыдай принцип жоқ, бойдан иман кетті. Кешегі сіз-біз дескендер жалма-жан әмпей-жәмпей, қоян-қолтық бола қалады.

    Осыны шұбалаңдатып жазып отырғандағы айтпағым...

    Бұл анимациялық фильмнің сюжетінен жиренген бәз біреулер "тамақпен ойнаған не масқара?" деп бет шымшысып, ренжіп жатты. Роген қиялы ұшқыр әпенде десті.  Сонда олар азық-түлікше декаденттіктен қазіргі іріп-шіріген қоғамды, мүмкін арасында өздерін танымаған ба? Белден төмен ашық-шашық тақырыптарды өмірінде естіп көрмеген бе (негізі фильмде батыс қоғамы меңзеліп тұр)? Мұның бәрі адамдардың болмысына, үмітшілдігіне, «ел не айтады?» деп сіресіп-тіресіп анау-мынау күнәмен іштей алысуына жасалған параллель екенін аңғармады ма? Әйтпесе Фрэнк пен Бренда құр мыңқиған майлы шұжық пен былқиған бөлке нан емес. Олардың санасы, мінезі, тіпті наным-сенімі де бар. Екеуі ғашық, бірақ буырқанған сезімге берілмейді  – жоғарыдан біреу көріп қояды ғой. Екеуінің ғана емес, бүкіл ассортименттің санасын соқыр сенім жаулап алған. Өйткені жамандықтан кейін жақсылық, қысым-қыспақтан кейін әділдік келеді деген тәтті үмітпен, қылмыстан кейін жазасын береді деген қорқынышпен жүр ғой. Барри тілі салақтап, көзі аларып жатқан құдайшықтың басын суырып шығарғанда, елдің бәрі аҺ ұрады. Ал, сөйтіп «дін – апиын» дегенде не болды? Басында эйфория, соңында азғын хаос орнады. Қанша уақыт байлап-матап келген іштегі теріс заряд тасқын судай лақ етіп ақтарылды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқта жаппай нәпсіге де тыю болмайды екен. Рақат! Осындай «көтеріңкі көңіл-күйлі» финалға жеткенде, сюжеттің астарын осылай әйтіп-бүйтіп барымша ақылмен жорып, ақтап алайын дегенде...

    әлгі срогі өтпейтін данагөй ақсақал басты қаһармандарды жинап алып, «мына тіршіліктерің далбаса, негізі сендер − Сет Роген деген әңгүдік шығарған суретсіңдер» деп бар шындықты жайып салады.  Ақырғы көріністе қол ұстасқан  хотдог-жұп нағыз Құдай-әкелерімен қауышпаққа параллель әлем порталына бет алады.

    Бұл эпизодты Сет не үшін қосты,  қызық болсын деді ме, бұған басым жетпеді, ал жеткен жері осы!

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Маған осындай өз өмірімен ойнайтын адамдар туралы кинолар ұнайды. Олар соңы немен бітетінін білсе де өз жолдарынан таймайды...

    Дуэлянт - нағыз жігіттік пен адамның қаншалықты қиындыққа төзе алатынын сипаттайтын кино. Жанұясы мен қоғамдағы орнынан айырылған жігіттің ойында тек бір нәрсе ғана болады, әрине ол - кек. Бір замандары өзінің жақсы атын қалыптастыру үшін тек бір ғана жол болған, ол дуэльге шығу. Бізде дуэль тек әйелге таласқан кезде ғана ғана болады деп ой қалыптасқан, алайда, олай емес екенін осы кинодан көруге болады. Дуэльге шығу, дуэльде жеңу ол ер адамның мықтылығын, батылдығын, өзіне сенімділігін көрсетеді.

    Тарихи Петербург әдемі, әрі қорқынышты, әрі лас. Қаланың 1860 жылдардағы көрінісі жақсы берілген. Байлар мен кедейлер қоғамы. Байлық қай заманда болмасын өз билігін жүргізіп отырған. Осындай бір биліктің құрбаны болған Яковлев өз өмірі үшін күресе бастайды. Ол үшін ақша жинаудың жалғыз жолы дуэлянт болу.

    Пётр Фёдоров барлық фильмдердегідей тартымды, сымбатты, сенімді. Владимир Машковтың актерлық шеберлігі жақсы берілген, тіпті осы кино арқылы жек көріп кетуге болады, ол өз міндетін жақсы ақтара алған.

    Кино жігіттер жағынан, тарихи киноларды жақсы көретін көрерменнің көңілінен орына алатынына сенімдімін. Бірақ, кинодан алған әсеріңіздің керемет болатына сенімдімін.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Өлген адам сөйлемейді" (с) "Менің атым Қожа"

    Апта сайын топырлап шығып жатқан, тек қана кассалық мақсатты көздейтін киножобалардың арасында осындай жақұттар елеусіз қалатыны өкінішті.

    Фильм блокбастерге үйренген қауым үшін абсурд пен қияли дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ақыл тоқтатқан, санасы ояу көрермен қабылдай алмайтындай күрделі де емес. Артхаусты тек таңдаулылар көруі тиіс деп кім айтты?

    Сюжетте суы да, өсімдігі де жоқ құрғақ аралға тап болған Хэнк туралы баяндалады. Жалғызсырап, әрі аман қалатынына сенбеген ол өмірмен қош айтыспақ болады. Бірақ оның бұл әрекеттен бас тартуына жағаға ығып келген әлдекімнің мүрдесі себеп болады. Өлік демесеңіз, жалғызбасты Хэнк үшін пайдасы ұшан-теңіз болып шығады. Пышағы, қақпақ ашары, қайшысы мен басқа да құралдары біріктірілген швейцар бәкіні білетін шығарсыз? Сондай әмбебап құрал дерсің, құдды. Өлген адам сөйлемейді? Сіз онда Мэнниді әлі кездестірген жоқсыз.

    Бірақ айтпағым ол туралы емес. Бұл киноның жай сыртқы фабуласы ғой. Өлік Мэнни көп нәрсеге көрерменнің көзін ашып, көзқарасын өзгертуге тырысады.

    Жалғыздық туралы. Жалғызсырамайтын адам жоқ тәрізді. Қанша жерден беделді, қанша мыңдаған туыс-достарымыз болса да, іштей бәрібір жалғыздықты сезетін кездер болады. Өзіңе жақын адамды, түсінетін бауырды іздеу осындайдан басталатын тәрізді. Ал іздеген қашан да табады, мейлі ол өлік болып шықса да.

    Өз сәтіңді жіберіп алмау туралы. Хэнк апатқа ұшырағанға дейін жуас, батыл емес адам еді. Күн сайын автобустан бір қызды көретін. Оған ғашық болады. Бірақ оған жақындауға, сезімін айтуға қорқады. Тіпті онымен тілдесуді мақсат етпейді. Жай сыртынан бақылап, армандаудың өзін қанағат тұтады. Мэннидің арқасында ол осы кемшіліктерін біледі. Біз көп мүмкіндіктерімізді батылсыздығымыздың кесірінен жіберіп аламыз.

    Стереотиптер туралы. Біз көп нәрсені сол күйінде қабылдаймыз. Неге олай, неге басқаша емес деп ойлана бермейміз. Бұған қоршаған ортаның пікірі де әсер етіп жатады. Мысалы, жұрт көзінше артымыздан жел шығармаймз ғой. Ұят. Бірақ, неге? Газдың ешкімге зияны жоқ қой? Тек солай қалыптасып кеткен - өзгелердің алдында жел шығаруға болмайды. Бар болғаны осы ғана. Иә, мүмкін сәтсіз мысал шығар, бірақ көп нәрселерді біз өзгелердің көзқарасына бола жасаймыз/жасамаймыз.

    Басқа да бойға сіңіруге тұрарлық ойлар жетерлік фильмде. Дэниел Рэдклиффті де өлік образында көру бір қызық. Өмірге деген көзқарасыңды жаңартуға себеп бола алатын сирек дүниелердің бірі екен.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    • 04:29
    • 2016
    • Рейтинг: 9
    • Дауыс саны: 1

    «...и не убивайте самих себя; поистине Аллах к вам милосерден» (Коран, 4:29)

    Шыны керек, қазір адамдар көбіне материалдық жағдайға мән беріп адамдардың ішкі жай-күйіне ешкім мән бермейді. Тіпті сезімге толы мелодрамалардан гөрі экшнге толы кино қарауды жөн көреді. Мүмкін осы себепті де адамдар қатыгез болып кеткен шығар?...

    Кеше "04:29" фильмінің тұсау кесеріне бару мүмкіндігіне ие болдым. Маған киноға түскен актерлар қатты ұнады. Олар жас, әдемі, талантты және әрі олар жасандылыққа үйренбеген. Олардың түрлерінен үлкен қуанышты көруге болады. Әсіресе, Ербол Семкуловтың экранда ғана емес өмірде де сондай қарапайым әрі сымбатты екенін байқадым. (04:29 фильмін көрген біраз қыздың жүрегі жараланары анық енді.) Карина Габриэльдің әдемілігі өз алдына.

    04:29 фильмі жастардың әдемі махаббаты мен үлкен үмітіне құрылған кино. Өмірде өзін жалғыз сезінген Ажар өмірімен қоштасқысы келіп көпірге барады. Ол жерден Ажар әдемі, сымбатты, өзіне сенімді Алихан есімді жігітті кездестіреді. Алихан қыздың жағдайын сұрамай-ақ, қызға өз көмегін көрсете бастайды. Күнделікті қыз жасамаған, бармаған әдемі жерлерге апарады. Алайда, Алиханның да ол көпірге бекер бармағаны белгілі... Себебі көз жанарынан айырылудың аз-ақ алдында тұрған жас жігітте өмірмен қош айтысқысы келеді... Осылай бір оймен кездескен екі жастың өмірі басқа арнаға бұрып, үміт оты жана бастайды.

    Киноның сюжеті әрине жаттанды сияқты көрінуі мүмкін, бірақ, біздің елде жастардың өз-өзіне қол салуы тақырыбына түсірілген алғашқы кинолардың бірі. Жастардың әлеуметтік тақырыбын қозғау қиын, себебі айтар ойың діттеген жеріне жетпей қалуы да мүмкін. Мереке Мұқанның бұл фильмы әдемі түсірілген, табиғаттың әдемілігі, жастардың еркіндігі, тартымдылығы жақсы берілген. Тіпті ауылды түсірген жерде ауылға барғым келіп кетті. Ауылдың табиғаты ерекше, елдің көкейінде "мынау қай ауыл?" деген сұрақ туындады. Әсіресе Алиханның мамасы бауырсақ пісірген жер адамға сондай жылылық сыйлайды.

    Менің ойымша киноны 15 сәуірге беру керек пе еді, сонда кино жастардың махаббат символына айналар ма еді. Былай қарасаң, адамға өзін бақытты сезіну үшін махаббаттан басқа ештеме керек емес қой. 04:29 фильмі бүгінен бастап барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастады, барып көріңіз. Екінші жартыңызбен барып көруге тұрарлық фильм.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Кино өте сәтті шыққан. Бұрын түсірілген "Бен-Гур" фильмдерін қарамағандықтан да алдыңғы фильмдермен маған салыстыру қиындық тудырады. Дегенмен, Т.Бекмамбетов түсіріген бұл кино менің көңілімнен шықты.

    Маған ұнамаған, түсініксіздеу тұсы кинода екі басты оқиғаның болуы, екі тақырыптың қозғалуы болды. Ол екі бауырдың арасындағы жанжал мен Исустың жазалануы. Екеуін бір кинода байланыстыру қабылдау қиындау болды.

    Кино өте көркем, әрі әдемі шыққан. Бауырлар арасындағы бауырлық сезім, өшпенділік жақсы көрсетілген.

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    Бірсарынды, мамыражай, жанға жайлы түс көрген кезіңіз болған шығар? Тіпті оянған кезде өкінген боларсыз.  Ал егер бұл фильм болса ше? Том Тыквердің жаңа туындысы сізді дәл осындай атмосферасымен, әдемі кескіндерімен, бірқалыпты оқиғалар желісімен баурап алады. Рас, бұл жолы оның «Парфюмер» және «Бұлтты атлас» фильмдеріндегідей масштаб жоқ, тіпті динамика жетіспейді деуге болады. Көбісінің іші пысуы да мүмкін, бірақ бәрібір киноны соңына дейін көріп шығуға кеңес беремін.

    Фильмнің басында қым-қуыт тірліктен әбден қажып, жүйкесі жұқарған Алан Клейді (Том Хэнкс) көреміз. Біраз жасқа келгенде бизнесте сәтсіздікке ұшырап, тауы шағылған Хэнкс «суға кеткен тал қармайдының» керін келтіріп Сауд Арабиясынан бір-ақ шығады. Ол шаруасын жылдам бітіріп, таңсық елден тез арада тайып тұруды ғана көкседі. Оның елге келген кейінгі таксиспен алғашқы диалогынан-ақ екі мәдени «қақтығысты» көруге болады.  Шала танысып үлгерген жігіттің оған жеке өмірін жайып салғаны, жайбарақаттығы, ескі танысындай өзімсінуі оны аздап үркітеді. Әркім өзінше томаға-тұйық өмір сүретін батыс салтының адамына мұның бәрі жат еді. Бірақ жоспары іске аспай, сапары ұзаққа созылған Алан біртіндеп айналасына үйренісе бастайды, әлгі таксиспен достасып та алады. Себебі адамдар қаншалықты әртүрлі болса, соншалықты бірдей. Дүниенің қай бұрышынан болмасын, әр адам түбінде жан жылуын, баянды табысты, бақытты отбасын аңсап тұрады. Алан енді бұрынғыдай қу тіршіліктің қамын қумай, дүниеге деген көзқарасын өзгерте бастайды...

    Фильмдегі либералды шығыс әйелінің образы мен үшін жұмбақтау болды. Жалпы мұндай құбылыс қазіргі Сауд Арабиясында мүмкін бе деген сұрақ келді маған. Бірақ батыстанып кетсе де, іштен тынып жүргендері қаншама деп ойлаймын. Батыл араб әйелінің рөлін үнді текті британдық актриса  ойнап шыққаны заңды еді (жалпы фильмдегі нағыз араб актерлер саусақпен санарлықтай сияқты).

    Басты кейіпкердің жеке басындағы метаморфозалар, араб әйелінің тәуелсіз өмірі фильмнің сценарийі негізге алған кітапқа деген қызығушылығымды оятты. Оған кезінде Том Хэнкстің өзі жоғары баға берген деседі. Міндетті түрде оқып шығамын деп шештім.

    «Патшаға арналған голограмма» фильмі көрерменнің ыстық ықыласына ие болды деу өтірік болар, прокаттан да көп пайда түсірмеген.  Баяғы блокбастерлердің көлеңкесінде қалып қойған шығар, өкінішті...

     

    Қояр бағам:  8/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Полный Расколбас мультигінің трейлерін көрген кезде мультфильм ерекше болатын сияқты көрінді. Мойындау керек, мультиктың салынуы мінсіз, әр персонажға мінез, дауыс, іс-әрекет, тіпті әр тағамға сай ұлты берілген. Бірақ, осындай керемет салынған туындының сізге айтар ойы жоқ болғаны өкінішті.

    Режиссердің не ойлағанын білмеймін, мүмкін шегіп алып ойлаған шығар, біреуге бұл мультик ұнауы мүмкін деп ойлаған күннің өзінде үлкен залдарға көрсетілімге шығатыны өкінішті. Біріншіден, мультфильм адамның санасын улайды. Ол жерде топтасқан секс, гей порно сияқты тақырыптардың орын алуы. Екіншіден, былапыт сөздер, онда да бір тек адамның нәпсісіне құрылған сөздер. Үшіншіден, адамдарды жануар ретінде көрсетуі. Төртіншіден, киноның айтпақ идеясы еркіндік - ол ашық түрде секспен айналысу болғаны.

    Енді мен барлық тамақ атаулысын көрген кезде, ол да еркіндікті қалайтын шығар деп ойлаудан гөрі олда "андай" істе болған шығар деп ойлайтын сияқтымын... Мүмкін, мен біреудің ғашығын жеп отырмын емес, кіммен қанша рет төсектес болды деген сияқты ой туындататын сияқты болды.

    Бізбен бірге балаларда көрді бұл мультфильмді, балаларды аядым. Шыққасын олардың түрлерінен түсінбеушілік көруге болады, оларды апарған ата-ананың ақымақтығына налыдым. 2 балды тек мультиктің салыну ерекшелігіне қойдым. Қалғаны бос әңгіме. Порноны үлкен экраннан көруге тұрарлық десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ сіздің миыңызға біраз жаман атака болары анық.

  • Private Rayan

    Барлық рецензиялар: 7

    «Қатқан» қыз немесе миллионердің әйелі қандай болуы керек?

    «Күйеуім – тұңғыш балам» деп жатады кейбір сары қарын жеңгелеріміз маңғазданып. Бүйтіп бәлсінбей тұрып олар осы «Қанға қан» фильмін көріп алуы керек екен. Жұбайын қылмыстық топтан құтқарып қана қоймай, әлгілердің күлін көкке ұшырған жас келіншектің басынан кешкендері оларды сабасына түсірмей қоймайды.

    Фильмнің бар оқиғасы: қаршадайынан талай қырғынды көрген Аваның ақыры айы оңынан туып, сұлу әрі бай жігітпен бас қосады. Бірақ мұндай мамыражай күндер ұзаққа созылмайды: Кариб аралындағы керемет бал айы кезінде күйеуі жұмбақ жағдайда ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Артынан шарқ ұрып іздеген әйелі ақыры бас-аяғы бірер күнде бүкіл аймақты дірілдеткен мафияның тас талқанын шығарады.

    Басты рөлге Джина Карано сәтті таңдалған, тіпті фильм ол үшін арнайы жазылғандай. ММА-дың майталманы актерлік іске машықтанып келе жатқан сияқты. Мұның үстіне ол кинематографиялық келбетті, фотогенді, сексапилді болса ше? J. Кино әлемінде бағын сынап жүрген бойжеткенге әзірге ылғи «Қопаргүлдердің» образы ғана бұйырып жүр. Алайда сырттай адуын көрінгенмен, өзі біртүрлі сүйкімді, күлкісі де әдемі.

    Бірақ осы жерде сценарийшілер Джинаның жекпе-жек өнеріне тым ауыр жүк артып жіберген сияқты. Фильмде зорлық-зомбылық әсіре көп әрі тым шынайы. Әлгі аралдағы қорқау полицияның қорлығынан кейін әбден қаһарына мінген келіншек эмоцияның жетегінде көлденең кездескенді көк ала қойдай сабайды. Өзінің психикасы темірдей – он-оннан о дүниеге аттандырып жатса да, шыбын шаққан құрлы көрмейді. Қылмыскерлерді қинағанда, мамалатып жібереді. Жарайды, еркектердің екі аяғын бір етікке тығатын алып күш иесі делік, мұнысымен қоймай талантты тактик, сауатты стратег әрі келіссөз жүргізуші болғанын қайтерсің. Ава тіпті актрисалық дарыннан да құралақан қалмапты – беті бүлк етпей өтірік медбике бола салады (бірақ шынымен дәріні егу біледі екен), керек кезінде қылымсып көз қысып қоюдан да қымсынбайды. Кризис-менеджмент жағы да осал емес екен, кез келген жағдайға жүз пайыз жоспармен сақадай сай болып шыға келеді. Осындай сирек қабілеттердің синергиясы өмірін талай тәуекелге тігетін миллионер-миллиардерлер үшін мықты вариант емес пе???

    Бақытты күйеудің рөліндегі Ким Жигандеге фильмнің соңында тек осындай адал жарды мейірлене құшағына алу ғана қалды. Мұндай жанға қалай сүйсінбесін?

    Ал Дэнни Трэхо бұл фильмнің тек «әдемі» жарнамасы ғана, рөлі негізгі оқиғаға еш ұйқасы жоқ, әупірімдеп отырып қыстырып жіберіпті. Бірақ бәрібір артық болып тұрды.

     

    Киноға қояр бағам: 6/10.  Сценаристердің «идеал адам» идеясы сексенінші жылдардағы Рэмбоның дәуірінен қол бұлғап тұр. Ал бұл шынайылықты өлтіретін сияқты, сене алмадым.