• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 410)

  • Bella Ormanbet

    Барлық рецензиялар: 1

    Жаман емес. Басынан бастап белгілі болды аяғы. Бірақ түрік фильмдерінің тәттілігі бар. Лукум сияқты тәтті әрі жеңіл. Сценарийі жаман емес, соңы белгілі болса да. Арасында қылжыңдары орынды және сыпайы болғаны үшін шығар. Кейіпкерлер де жақсы шыққан. Кәдімгі түріктер мәдениеті (андай жоғары мағынада емес), тұрмысы аңқып тұр. Әкесі де қалжыңбас адам екен. Ну а журиктер барлыө жерде журиктігін жасайды)) Бурак... сондай Бурак ;)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 118

    Кезінде "Biting Elbows" инди-рок-тобының "Bad Motherfucker" деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

    Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті "Bad Motherfucker" клипін түсірген, "Biting Elbows" тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

    Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

    Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын "Call of Duty 4" шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті "Counter-Strike"-ты еске түсіреді.

    Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

    Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент - шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

    Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

    Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді - Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

    "Хардкор" өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

  • Димаш Зиядин

    Барлық рецензиялар: 44

    Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

    Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее". 

    Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

    Қайдан шықты:
    2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды. 

    Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

    Не ойдамын: 
    Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен. 

    1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты. 

    Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие. 

    Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

    «Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

    2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы. 

    3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен. 

    Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

    4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар. 

    5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.


    Қорытынды: 
    «Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз. 

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 118

    Мен комикстардың да, олардың экранизацияларының да фанаты емеспін. Сол себепті, "Бэтмен Суперменге қарсы" несімен жақпады, қай жерімен комикс сүйер қауымның көңіліне қаяу түсірді - оны мен дәл басып айта алмаймын. 

    Сондықтан мен бұл фильмді қатардағы ауқымды жоба, көпшілік күткен премьера ретінде ғана қарастырдым. Дегенмен, Бэтмен мен Супермен осыған дейін киноэкранда әлі кездеспеген екен. Аталған картинаның басты құндылықтарының бірі де осында болса керек (комикс фанатына айналып бара жатқан сияқтымын ба?).

    Мен үшін классикалық Бэтмен - Кристофер Ноланның "Қара рыцары", Кристиан Бэйлдің орындауында (комикс фанаттары мені кешірсін). Өйткені, ертеректегі Бэтмендерді мен көрген емеспін, көрсем де есімде жоқ. Сол себепті, жаңаланған Бэтменді (Бен Аффлек) классикалық Бэтменмен (Кристиан Бэйл) салыстырудың өзі бір ғанибет екен.

    Салыстырғаннан кейін өз ойыңды айтпай кетуге тағы болмайды. Менің ойымша, Бен Аффлек жаман емес. Бірақ жақсы да емес. Ол басқа. Әр актер өзі сомдаған Бэтменге өзіндік ерекшелік әкелетін шығар. Бұл да солай. Бастапқыда осы рөлге Аффлек таңдалған кезде, комикс фанаттары мақұлдай қоймағаны рас. Бұны актер жақсы біледі, сол себепті қатты тырысады, көрермендерін түңілдірмеуге бар күшін салады. Өз басым, Бен Аффлек көрермендердің ең минимум талаптарын орындай алды деп есептеймін.

    Ноланның дәуірінде өзін іштей жеп жүретін, тіпті аздап қайғылы Қара батырды көрсек, бұл жолы алдына нақты мақсат қойған (біздің жағдайымызда Суперменнің "шаңын қағу"), қартая бастаса да әлі сақа Готэм сақшысын көрдік.

    Фильмнің өзін санқырлы болғаны үшін ерекше деуге болады. Қараңыз - "Бэтмен Суперменге қарсы" осыған дейін жарық көрген 2013 жылғы "Болат адамның" тікелей жалғасы, дей тұрғанмен жаңартылған Бэтмен туралы фильмдер сериясының да бастауы. Оның үстіне бұл Супермен мен Бэтменді бетпе-бет кездестірген тұңғыш киножоба (қателессем, фанаттар кешірсін). Кинокомикс фанаттарына бұл деректердің өзі үлкен оқиға болуы керек деп есептеймін.

    Бірақ мен қарапайым көрермен тұрғысынан қараймын деп айтып кеттім ғой. Сондықтан қатардағы блокбастерге кірген адам ретінде сөйлеп көрейін.

    Осы тұрғыда сыншылардың кейбір пікірімен келісетін тұстарым бар. Соның бірі - эффектілердің тым көптігі. Жойқын жарылыс, қираған сансыз көп ғимараттар, осындай көріністерден кейін Метрополисте (әлде Готэмде) тірі адам қалды ма өзі деген сұрақ қоя бастайсың. Бастапқыда халық игілігі үшін күрескен қаһармандардың текетіресі жеке мүдденің қамына айнала бастағанда, ал бұл өз кезегінде жазықсыз жандардың құрбанына алып келгенде авторлардың бұнымен не айтқылары келгенін өзіңше болжауға мәжбүр боласың. Жобаның ауқымын қомпайту үшін визуал эффект мамандарының жұмысы тым асыра сілтеп жібергендей әсер береді екен.

    Бірақ, екі суперқаһарманды тірестіру оқиғасы арқылы берілетін негізгі мораль да айқын көрсетілген. Бірінші кезекте - әрине, адамдардың қанағатсыздығы. Құтқару операциясының ауқымы кеңейген сайын, бұрынғы жақсылықтардың маңызы азая түседі. Ал төтенше жағдай неғұрлым ауқымды болса, құрбандар да соғұрлым көп болатыны белгілі. Адамдар аман қалғандарға шүкіршілік етудің орнына, Суперменге қояр талаптарын күшейте түседі, одан идеалдықты күтеді. Ал осындай қоғамдық конфликтілерді аңдып отырған басылымдар жағдайды өршіте түседі. Бэтмен де сондай әдейі ушықтырылған жағдайдың құрбаны деп ойлаймын. Екеуінің текетіресі де осыған негізделген.

    Фильмдегі кейбір құбылыстардың маңызын арттыру үшін бірқатар детальдарға ерекше мән беру бар да, осыған имитация жасау бар. Зак Снайдер лирикалық шегіністер мен флешбектер жасаймын деп қателескен тәрізді. Олар керек те шығар, бірақ онсыз да фильмді әдемі жасауға болар еді. Сыншылар кінәлаған созылыңқы сюжетке осы қажетсіз шегіністер себеп болды деп ойлаймын. 

    Жалпы актерлер өз рөлдерін алып шықты деп ойлаймын. Джесси Айзенбергке, Эми Адамсқа ешқашан күмән келтірген емеспін. Біз үшін бірінші орында Аффлек пен Кавиллдің өз рөлдерін алып шығуы қызық еді. Генриді білмеймін, бірақ Бенге ешқандай наразылық жоқ.

    Меніңше, суперқаһарманизмнің барлық канондарын ескере отырып жасалған картина. Фильм түңіліп кететіндей нашар да емес, өзгелерге ауыздың су құрығанша мақтап беретін супер де емес. Жасаушылар кем дегенде өз мақсаттарын толықтай орындады деп ойлаймын. Дымын қалдырмай сынамау үшін қоятын талаптар деңгейін сәл түсіру керек шығар, білмеймін.

  • Раймбек Егембердиев

    Барлық рецензиялар: 3

    • 16 қыз
    • 2016
    • Рейтинг: 6,429
    • Дауыс саны: 7

    "16 қыз" отбасымен бірге отырып көретін және әзілдері де соған жарасқан фильм дер едім. Режисердің көздеген мақсаты да сол сияқты. Үлкен жастағы аға әпкелеріміз бен жасөспірім жастарды түгел қамтып қызықтыра алады. Фильмін алғашқы аптада 40 миллион табуына да сол септігін тигізген шығар.

    Кірерден алдын киноның бар әзілі ауыл өміріне тіреліп қалған шығар деп кірдім. Бірақ әзілдер орынды және заманауи әдемі кино екеніне көзім жетіп шықты. Актерлерде де жасандылық жоқ, рөлдерін шын көңілден ойнаған, образға кіре білген. Бұрындары қазақ киносын көргенде жасандылық пен робот секілді сөйлеуден көзіміз бен құлағымыз қан жуса болатындықтан, фильмнің бұл тұстардан серпіліс жасағаны ерекше әсер берді. Тек Аша Матайдың күлкісі жасанды болып көрінді. Берік Айтжановқа сөз жоқ образды әдемі алып шыққан.

    Қысқаша айтқанда, біраз жылдар бойы телеканалдарда қайталап беріліп жүретін тамаша отбасылық фильм.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Осы жылы кино саласында рас қуанышты жаңалықтар болып жатыр. Қазақ киносына кинотеатрларда билет болмай қалып, кино сеанстарды көбейтіп жатыр. Әрине, сұраныс бар да табыс бар, табыс бар жерде талас бар. Талас бар жерде сапаның өсетінін өздеріңіз де білесіздер ғой.

    Сәбина келіннің басынан кешкендері фильмінің жалғасын көріп тастадық. Өте қызықты, күлкілі. Жалпы, индия, өзбек киноларын қарасаң кино тақырыбы тек отбасына байланысты және келін тақырыбына құралған. Біздің де менталитке осы тақырып жақын сияқты. Халықтың ризалығына қарап осындай ойға келдім. (Мән бермеңіздер, бүгін типа философ болып, жалпы әңгіме ол туралы емес). Келинка

    Сабинка 2-ның басты маған ұнаған нәрсесі әйел бақытының не екенін түсіндіріп бергені болды. Кино, сізді ойламаған нәрселердің болатындығымен баурап алады және оны күлкілі етіп көрсетуімен ерекшеленеді.

    Нұртас Адамбайдың киноларында бір нәрсені байқадым. Ол киноның соңында күтпеген конец болуы. Нұртас Адамбайдың осы фишкасын осымен екінші рет байқадым. Біріншісін "Побег из ауладан" байқаған ем. Міне, екіншісі осы фильмде. Шыны керек, таңқалдыра алды. Осылай бір кездері Нұртасты ұнатпағандар оны аздап осылай мойындап келеді. Әрине, кейбір жерлері маған тым артық болған сияқты.

    Дегенмен, маған бұл фильмде Жандос Айбасов ұнады. Тым сымбатты жігіт екеніне көзім жетті. Қарлығаш Мұхамеджанованың әдемілігі расымен қазақи әдемі, актерлық шеберлігі өзіне сай. Есжан Хамидуллин тамаша актер, мықты. Адамның түрі емес актерлық шеберлігі маңызды екенін көрсете білді халыққа. Бірақ, түріне бола қатты танымал болып кетпегеніне өкінем. Жалпы мықты актер.

    Бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетілетін киноға барыңыздар, күліңіздер, үйреніңіздер дегім келеді.

    Берер бағам 7/10.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 118

    • 16 қыз
    • 2016
    • Рейтинг: 6,429
    • Дауыс саны: 7

    Қанағат Мұстафиннің кинодағы екінші толықметражын көре отырып, еріксіз түрде Ермек Тұрсыновтың "Кемпірімен" салыстыра бастайсың. Оған себеп те жетеді: ауылдың жайдар мінезді тұрғындары, Алматыға үлкен мақсатпен сапарлау, оңтүстік астананың әсем жерлерін аралау, ретромашина ("16 қызда" - "Волга", "Кемпірде" - "Москвич"). Жалпы фильмнің атмосферасы тұрғысынан алсақ та, екеуінің ортақ тұстары көп. Бірақ Қанағаттың еңбегін бәрібір жоғары қоямын. Неге? Түсіндірейін.

    Естеріңде болса, Ермек Тұрсынов "Кемпір" жобасы туралы айта бастағанда, Совет заманында қалыптасқан қазақ киноклассикасына құрмет ретінде сапалы комедия түсіргісі келетінін айтқан еді. "Кемпірді" қоюдағы мақсат - отбасы болып көруге тұрарлық, бүгін ғана емес, келешектің ұрпақтары үшін де көрілімді бола алатын мейірімді фильм жасау еді. Тіпті, халықтың сүйіктісі "Тақиялы періштеге" сілтейтін бір көрініс те әдейі кинокартинада қолданылды. Бірақ, қандай себептер әсер еткенін білмеймін, Тұрсынов қойған мақсатқа сәл жете алмай қалды. "Кемпірді" еске алатындарды да айналамнан көріп жүргенім жоқ қазір.

    Мұстафин де кинотарихымыздың алтын кезеңі деп атауға болатын 60-70 жылдарға құрметпен қарайтынын көрсетті. Бұл сюжет өрбісі мен кейіпкерлердің сөйлеу стилінен кәдімгідей байқалып тұрады. Оның үстіне саундтрек ретінде қолданылған "Досмұқасан" ансамблінің ретроәндерін қосыңыз. Оқиға қазіргі заманда өрбиді демесеңіз, атмосферасы әке-аталарымыз өмір сүрген тыныш, уайым-қайғысыз әлемге топ еткізеді.

    Сюжет құрылымының жинақылығы, барлығы ой елегінен өткізіліп құрылғаны көрініп тұр. Әрине, созылыңқы тұстары кездеседі, бірақ бұл жалпы құрылымға аса әсер етпейді. Сюжет барысында өрбитін әрбір оқиғаның басы мен логикалық шегі айқындалған. Қысқасы, сценарийдің атүсті жазылмағаны, бәрі кинематографтың заңдылықтарын ескере отырып жасалғаны көрінеді.

    Актердің талантын ашуға өзі сомдайтын рөлі емес, режиссер қоятын талап көп әсер ететінін уақыт өткен сайын анық түсініп келемін. Иә, Берік Айтжанов қазір телеэкранда да, кинода да көп. Сондықтан ба, кейде ол қатысқан жобаларды тез ұмытып қалатын жағдайға жеттік. Бірақ "16 қызда" бұрынғыдан өзгешелеу Берікті көрген сияқтымын. Жалпы актерлік құрамның сәтті таңдалғанын байқаймыз.

    "Тақиялы періштені" классика дейміз ғой. "16 қыздың" да соның қатарына кіруіне толықтай құқығы бар деп есептеймін.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Египет десе елең ете қалатынымыз рас. Тарихтан бөлек, сол елдің атауының өзінде бір құпиялық пен сиқыр жатқандай...

    Бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетілетін "Боги Египта" киносы трейлерінен бастап адамды осы бір сиқырлы әлемге шақырғандай әсер қалдырды.

    Рас, Мысыр туралы бірнеше жүз кино бар. Бірақ, осы киноның түсірілу сапасы, кинодағы эффектілер миф деп келген әлемнің болғанына және тура сіздің сол кинода сол жерде тұрғандай әсер беруі басқаларынан ерекше екенін көрсетеді. Костюмдерінің әдемілігі, қаланың әдемілігі адамды қызықтырады. Әр деталь ойластырылған. Бүгінгі күні Пирамидаларға қараған кезде оларды жасаған кезде расымен осындай мықты қоғам болғанына сендіреді. 

    Фильмнің сюжеті Гор мен Сеттің билік үшін таласы туралы ежелгі египеттік миф әңгімелерінің желісімен түсірілген. Билікке таласқан Сет өз ағасы Осиристі өлтіріп оның ұлы Гордың екі көзін ойып алады, ал египет халқын құлға айналдырады. Осы кезде Горға қарапайым адамдар көмекке келеді.

    Киноның желісі өте қызықты, екі сағаттан ұзақ киноның қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Джерард Батлердың тарихи киноларға түсуден алдына жан салмайтын актер екеніне тағы бір көзіңіз жетеді, ал Николай Костер-Валдаудымүлдем басқа қырынан танисыз. "Игра престоловта" оны жек көрсеңіз, мына кинода оған деген бір оң көз қарасыңызды пайда болғанын аңғарасыз. Маған қатты ұнаған актерлер әрине жас Брентон Туэйтес пен Кортни Итон болды. Олар сондай әдемі, жас әрі талантты. Брентон Туэйтестың ойынына бір еркелік пен сотқарлық көрініп тұр. Оны бірден көрген кезде жақсы көріп қаласыз.

    Киноны «Тор», «Троя» сияқты фильмдермен бір қатарға қоюға болады. Бір емес бірнеше рет көре бергің келеді. Киноға берер бағам 9/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Ох, мен қалай романтиканы жақсы көрем десеңізші, тіпті шектен тыс жақсы көрем десем де болады. Романтикалық кинолар қыздар қатты әсер ететіні бар, дегенмен шектен шықпауға тырысу керек.

    Бүгіннен бастап Қазақстандық кинотеатрларда Ресейлік "30 кездесу" фильмі көрсетіле бастады. Иа, мойындаймын банальды тақырып махаббат туралы. Дегенмен, Наталия Медведева өте талантты актриса. Оның "Комеди вумен" рөльдерінен ерекше екенін білетінмін. Бір жағынан Наталияны романтикалық рөльден көру біртүрлі болды, себебі оның не ұсына алатын білгендіктен күтпеген ем.

    Жігіті тастап кеткен қыз интернеттен онлайн, әрі тегін кеңестер іздей бастайды. Солай ол "30 кездесу" атты треннингке тап болып соны орындай бастайды. Киноның фишкасы - ол кинодан сіз өзіңізді көруіңіз мүмкін. Мысалы, мен интернет арқылы қаншама жігітпен таныстым, мойындау керек барлық кездесуім керемет болды дей алмаймын))) Сол сияқты кинода да "ерекше адамдармен ерекше кездесу" тізбегі өтеді.

    Кино да өмірдегідей көктен іздегенін қасыңдағы адам болып шығады. Бастысы адамның өзіне деген сенімділігі. Егер сіз өзіңізге сенсеңіз сізге адамдар өздері тартыла бастайды.

    Кино өте қызықты, күлкілі. Ауыр жұмыс күнінен кейін романтикалық көңіл-күйге бөленіп сүйіктіңмен немесе құрбыңмен күліп отырып көретін жақсы кино. Берер бағам 3/5.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Осы киноға ешқандай рецензия, пікір оқымай барғаным қандай жақсы болған деген ой келді. Себебі, адамдардың пікірі әйтеуір сана сезіміңнің бір бұрышына әсер етіп, киноны көрмей жатып сенің ойыңды өзгертуі мүмкін.

    Кино барлық қауымға арналмаған және бізде сексуалдық аутқуларға халықтың көз-қарасы басқаша екенін түсінуіміз керек. Дегенмен, киноны еш артық ойсыз, идеологиясыз жәй бір адамның тағдыры ретінде көріп шығуға кеңес беремін.

    Мені таңқалдырған Эдди Рейдманның актерлық шеберлігі болды. Ол осы рольге өте дұрыс таңдалған актер екеніне сендіре алды және Лилидың бар болмысын, оның ойын, оның мақсатын, қылығын, эгоистігін жеткізе алды. Оның қолдарының нәзіктігі, майысқандары қыздардың өзін жолда қалдырады. Маған мынандай ой келді "осы кинодан кейін Эддидың өзінде бір өзгешелік болмады ма екен?" деген.

    Екінші таңқалдырған адам ол Эйнардың әйелі Герда болды. Қазіргі заманғы жастар әйелдер жайлы басқаша ойлайды, бірақ әйел адамдар ешқашан өзгермеген. Мүмкін, олар тұрмысқа шыққанша барынша өзінің болмысына кері қылық көрсетер, тұрмысқа шыққаннан кейін олардың бар болмысы өзіміз үйде күнде көріп жүрген анамыздан аумай шыға келеді. Герда барынша күйеуін сүйді, адал болды. Тіпті күйеуінің ессіз әркетін қолдады, соңына дейін бірге болды. Нағыз әйелдің өзінің бақытынан басқаның бақытын жоғары қоятынын көрсете алды. Жаным ашыды, "сорлы әйел" дегім келді, бірақ ол оны түсінбес еді...

    Лили, о Лили... немесе Эйнар. Сені екі рөліңде де соншалықты эогист, өзімшіл екеніңді көруге болады. Түсінем, адамның ішкі жан дүниесінде басқа нәрсе болса басқасы қызықтырмауы мүмкінін бірақ, сен ең құрмағанда бір рет Гердаға "бар, бақытыңды тап" деп айтпадың ғой. Бір жағынан адамды "сүйемін" деп тұрып өзіңнің ішкі ойыңнан таңбауыңның, өз ойыңнан қайтпаудың қандай екенін көзімді жеткіздің.

    Кино өте мұңлы, себебі ол - адамның тағдыры. Кино әдемі түсірген, себебі ол жерде адамның көңіліне әсер ететін сәттер өте көп. Том Хупер адамдардың сезімінде ойнаудың шебері. Себебі сен күнделікті байқамайтын немесе қалыптастырып алған ойларыңның шеңберінен шығуға, бар әлем қарсы болған нәрсеге басқаша қарауға итермелейді.

    Киноның соңында ойлайсың, сонша күш салған жеңістің жемісін көре алмай өмірден өтіп кетуің мүмкін ғой... Былай қарасаң бәрі алдамшы...

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Қаңтар бойы күткен фильмдерімнің бірі еді, себебі жарнама айқайлап шақырды. Бардым, расы керек жарнама как то әсер етеді маған. Сомен, фильм мен күткендей болмады, балаларды алдап түсіргендей әсер қалдырды. Түсіру жұмысы жақсы, сценарий піспей қалған нан сияқты. Кино өте қысқа, мүмкін жалғасы шығып қалар деген ой маза бермеді.#ХлояМорец үшін барып ем, сол ғана болды қызығы. Былай киноның идеясы жақсы, бірақ романтиканы қосып аздап каша жасап жіберген.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 118

    Фильм тым жақсы басталып еді. Алғашқы жартысы өзге әлемнен келген бөтендердің Жерді кезең-кезеңмен жаулап алу процесін баяндайды. Бастапқы қарқынына қарай отырып, соңына дейін шиеленістен үзбейді, экшнға толы әдемі кадрлар болады деп күтесің, жойылу алдында тұрған адамзаттың шешуші шайқасын елестете бастайсың. Бірақ қимылдаудың орнына бір-бірімен қарым-қатынастарын талқыға салған жасөспірімдерді көріп, диалогтардың жалпы атмосферамен қалай қинасаң да үйлеспейтін өрбісіне қарап мырс-мырс күлумен болдық.

    Фильмге негіз болған шығарманы оқыған емеспін. Бірақ бестселлер де соншалықты дарынсыз жазылды дегенге аса сенбеймін, әйтпесе бестселлер атана ма ма?

    Хлоя Грейс Морец болмаса, қалғандарының ойыны көңіл көншітпеді. Лив Шрайбер атымен ғана ерекшеленіп тұр, оған назар аударуға қажетті экрандық уақыт та бөлінбеген. Көрермендердің көңілін жібітеміз деп артық тырысып жібергендей әсер береді, әйтеуір сентиментке ұқсас сәттер көп, бірақ өзі жоқ. Яғни актерлер өз бастарындағы қайғылы оқиғаларға сендіре алмады, ал көрерменді қуантуы тиіс сәттер кері реакцияға ұшырап жатты.

    Тіпті осы сәтсіз іске асырылған моменттер әдейі көңіл көтеру үшін жасалған ба, әлде шынымен нашар жұмыстың нәтижесі ме деп екі ойға қалдырады.

    Сюжеттің өрбуі мен оқиғалардың баяндалуын ескерсек, бұл экранизация кинодан гөрі, сай-фай сериал үшін керемет жарасар еді. Оның үстіне бұл жанрдың телевидениеде қазір дәуірі жүріп тұр.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 135

    Шыны керек, кейінгі кезде көп комедиялар көңілімнен шықпайды. Солардың бірі Ресейлік фильм "Самый лучший день" болды. Шыны керек, Тимур Бекмамбетов түсіргендіктен "Елки" сияқты жаңа жылдық көңіл-күйді беретін ерекше әсер күтіп ем, үмітім ақталмады. 

    Жұмысы, қалыңдығы бар гай қызметкері аяқ асты "жұлдыз" қызбен кездесіп қалады. Екеуінің кездесуі көңіл көтеруден басталып, үйленеміз деп барлық әлемге жар салумен аяқталады. Бірақ, жұлдыздың мақсаты 2 күндік көңіл көтеру екенін қарапайым ауылдық жігіт түсінбей бар бақытынан айырыла жаздайды...

    Ұнамағаны:

    1. Кейінгі кезде Ресейлік фильмдерден байқағаным ішімдікдерті көп насихаттайтын боп барады. Комедиялары тек ішімдіктің айналасында құрылады. Жалпы Ресейліктерді көп ішетінін білсем де, оны көрсету біртүрлі сияқты.

    2. Дмитрий Нагиев. Білем, ол керемет актер. Бірақ, оны барлық фильмнен көре беруден шаршадым. Болсын, болмасын барлық фильмдерде оны түсіре беру артық.

    3. Киноның атына қарағанда жақсы күн ішу, ойыңа келгенін істеу ма? Біртүрлі идеология. Онсыз да демалуды арақ ішіп, пиво ішіп жату деп ойлайтын адамдарға жақсы қолдау сияқты.

    4. Басты рольдегі қыздың өміріндегі жағдай менің басыма келсе, мен ондай адамды ешқашан кешірмес ем. "Мүмкін сол үшін де әлі жүрген шығармын" деген ойды түсіндіргені ұнамады)). 

    Ұнағаны:

    1. "Жылтыраған нәрсе үшін қолыңдағы бақырыңды тастама" дейді ғой қазақта сол нәрсені түсіндіруге тырысқандары ұнады.

    Берер бағам 2/10. Мүмкін басқаларға ұнар, маған ұнамады.