• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 413)

  • Ербол Серікбай

    Барлық рецензиялар: 1

    Хоббит: Бес әскердің шайқасын көріп келгеннен кейін, сіз енді ешқашан бұрынғыдай болмайсыз! (с) Мен

    Хоббит: Бес әскердің шайқасын көріп болғаныма 2-3 сағат болса да, әлі де құлағымда кинодағы айтылған диалогтар кетер емес:

    - Уәде мен абырой алтыннан да қымбат!

    - Егер барлығы өз үйін алтыннан да жоғары қойса... әлем жақсара түсетін еді. (c) Торин

    Әр адамға кино әр түрлі ой салатын шығар. Мен үшін киноның басты тақырыбы-Махаббат!

    • Туған жерге деген махаббат
    • Әкенің балаларына деген махаббат
    • Эльф пен Гномның арасындағы махаббат
    • Достардың арасындағы махаббат
    • Бауырына деген махаббат

    Осы махаббаттың барлығын Хоббит: Бес әскердің шайқасынан көруге болады. Тауриэльдің гномға дегені махаббаты, ұнатан жанының өліп бара жатып оған деген қимас сезімі көзіңе еріксіз жас келтіреді.

    13 жылға созылған 6 кино. Бүгін міне соның соңғы нүктесі қойылды.

    Питер Джексонға үлкен алғыс. Нағыз ертегі әлемін құрастырып, сонда жетелеп алып кетті. Әлі де көз алдымнан тамаша ертегі әлемі кетер емес.

    Кино біткеннен кейін бүкіл зал орнынан тұрып, қол шапалақтағаны бүкіл Хоббитті түсіруге ат салысқан мамандардың еңбегіне баға беруі деп білдім.

    Менің киноға берер бағам: 10/10

    Мен үшін биылғы жылдың 3 үздік киносы:

    1. Хоббит: Бес әскердің шайқасы
    2. Интерстеллар
    3. Галактика сақшылары
  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Киноны көру үшін міндетті түрде алдыңғы 2 бөлімін көріп барыңыз, егер көрмеген болсаңыз кино сізге аздап түсініксіздеу болары анық.

    Аштық ойындарының жеңімпазы Китнисс Капитоийге қарсы құрылған одақтың белгісіне әрі көтеріліске шығушылардың күш берушісіне айналады. Бірақ, басты арманы өз серігін босату болады, армандаған нәрсесіне жеткен кезде сүйіктісінің өзін өлтіруге арналған қаруға айналғанын байқайды.

    Кинода көтерліске қалай дайындалу керектігін үйрететін кадрлар бар, барлық нәрсені қамтыдым деген күннің өзінде ескерусіз қалатын нәрселер бар екенін байқайсың. Киноны көріп отырып шынайы өмірде сізде сол жағдай болып жатқандай әсер қалдырады. Көруге кеңес берем.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    "Келинка Сабина" киносын көруге барған кезде бар артық ойларыңызды қалтаға салып қойыңыз, иа иа 7- арнадан сіз көріп жүрген бағдарламадағы таныс бейне болса да басқаша оймен барыңыз. Кино күлкілі, бір жағы тәрбиелік мәні бар...

    "Таңдаған тазға жолығады" деп арабтың шейхтарын армандаған Сәбина аяқ асты Жүгері ауылының келіні боп шыға келеді. Бұндай жағдайды күтпеген "келін" тек бұл ауылдан қашып кету жоспарын құрады. Интернеттен, шетелдік кинолардан көріп алғанын (Нұртастың еліктеушілігі қатты байқалады) ол өз тәжірбиесінде өткізеді. Бірақ, күндер өте оған ауыл өмірі ұнай бастайды, әрі өзінің келіндік міндетін жақсы атқара бастайды...

    Кино өте қызықты, әсіресе қала қыздарына кәдімгідей ой салған сияқты. Тіпті қалалық боп кеткен қыздарғада. Бізде қалыптасып қалған кейбір стреотиптерге басқаша көз қараспен қарауға мүмкіндік береді. Мысалы, қазақта "кіммен қарайсаң сомен ағар" деген мақалдың мәнін жақсы көрсеткен. Өмір сені бағытыңнан өзгертсе сен сол бағытта өз бақытыңды табуға міндеттісің дегендей. Әрине, тіл тақырыбы жақсы көтерліген, бірақ өзі таза қазақша сөйлей алмайтын Нұртастың бұл ісінде адамдарды кері итермелейтін ой қалыптасады. Дегенмен, комедияның аты комедия. Сондықтан тек күліп, көңіл күй көтеріп қайтуға болатын кино.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Сәбина келін Қазақстан телекөрермендеріне "7-ші арнадан" көрсетілетін "KZландия" скетчкомы арқылы белгілі. Образдың авторы - Нұртас Адамбаев Сәбинаның әлемін кеңейтіп, үлкен экранға шығаруды мақсат етіпті.

    Көрерменде екі ойлы көзқарас пайда болуы мүмкін. Жоба Қазақстан энтертейнменті үшін жаман құбылыс емес. Типаж жақсылап өңделген, артық-кемшілігі теленұсқада жиналған тәжірибенің арқасында ескерілген. Тіпті әзілдеріне шек-сілеңіз қатып күлуіңіз мүмкін. Бірақ Сәбинамен бұрыннан таныс мен үшін жаңа ештеңе таба алмадым.

    Әзілдері мен оқиғалары "KZландия"-дан сол күйінде дерлік көшіріліп алынып келіпті. Былайша айтқанда - "Келинка Сабина" - Келинка Сабина туралы бүкіл скетчтердің үздік жинағы.

    Тағы бір түсініксіздеу жері - фильмнің режиссері, сценарийшісі, продюсері Нұртас Адамбаев басты рөлді де өзіне қалдырды. Теленұсқада өзі ойнауы енді түсінікті, ал үлкен фильм жасағанда рөлді әйел жынысты басқа әртіске беру керек еді. Әйтпесе келіннің аузының айналасы қырынғаннан қалған сақал-мұрттың ізі ап-анық көрініп тұрды.

    Жеңіл-желпі әзіл мен ойландырмайтын сюжет өз дегенін істетті. Араға 12 сағат салып, фильмдегі детальдарды есіме түсіре алмадым. 

    Нұртас Адамбайдың еліктегіштігін бәріміз білеміз. "Наша Казаша", одан кейінгі "KZландия" - ресейлік "Наша Рашаны" басшылыққа алып жасалған дүниелер. "Наша Раша" авторлары да кезінде Джамшут пен Равшан туралы бөлек фильм шығарды ("Наша Russia: Яйца судьбы"). Бірақ онда скечтердегі оқиғалар қайталанған жоқ, бөлек сюжеттік желісі болды. Өкінішке орай, "Келина Сабинадан" ондайды байқай алмадым.

    Бір ұнаған жері - Сабина өзінің басынан өткен оқиғаны Форрест Гамп стилінде баяндауы болды. Еліктеу ме, әлде әзілдеу ме - білмедім, бірақ жаман амал емес сияқты көрінді. Бірде шынайы өмірмен үйлесетін, бірде тіптен ақылға сыймайтын әзілдері бар жеңіл комедия. Десек те оның да өз айтар моралі бар. Қандай мораль екенін фильмнен көре жатарсыз.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Махаббат қана уақыт пен кеңістікке, физиканың ешбір заңына бағынбайды

    Фильмнен кейін көңілім құлазып қалды. Біз - адамдар не деген қатыгез, эгоист едік! Тек дәл қазіргі күнімізді ойлаймыз, ал Жер ана бізге берер сыйын сарқып тауысып, қалпына келмейтін ресурстарынан айырылып жатыр. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ", ал ертең бәрі кеш болады.

    Ағайынды Ноландар ғылыми-фантастика емес, утопия дүние жасап шыққандай көрінді. Ғарыш, болашақтың технологиясы, салыстырмалылық теориясы - бұлардың бәрі керемет. Бірақ егер дер кезінде оның бәрі дайын болмай шықса ше?

    Сюжет Кип Торнның "Көртышқан іні" туралы теориясына негізделген. Ғалым кезінде уақыт пен кеңістікке саяхат жасауға болатынын, алыс галактикаларды аз уақытта бағындыруға мүмкіндік беретін ғарышта "тесіктер" бар деп болжам жасаған еді. Фильм сол теорияны негізге ала отырып, адамзаттың аяғы түгілі, ақыл-қиялы жетпеген алыс ғарышқа сапар туралы баяндайды. Былай алып қарасаңыз, квантты физика мен гравитация секілді ауыр ғылым салаларына арналған, тек таңдаулы ғалымдардың ақылы жететін күрделі заңдар мен теориялар. Алайда, бұлардың барлығы фильмде өте қарапайым көрініс тапқаны сонша, физикадан білімім өте шамалы мен секілді қатардағы көрермен оңай қабылдай алады. Соншама күрделі нәрселерді өте оңай жеткізу шеберлігі үшін сценаристтер кем дегенде "Оскар" алулары тиіс деп есептеймін. Ал фильмнің өзін болашақ физиктер мен астрономдарға көрнекі құрал ретінде ұсынып, оқыту бағдарламасына енгізуге болады.

    Әрине, бұл жерде физиктер тарапынан сюжеттегі кейбір детальдарға қатысты сын айтылатын болады, кейбір нәрселер мүлдем жоққа шығарылады. Бірақ бұл картинаның жалпы атмосферасына еш әсер етпейтініне сенімдімін. А. Куаронның "Гравитациясымен" болған оқиға бұл сөзіме дәлел бола алады. Түптеп келгенде бәрін дәлме-дәл көрсетіп, әр ұсақ-түйекті ескеретіндей Нолан физик емес қой, және олай жасауға үлкен қажеттілік те жоқ.

    Жоғары сапада орындалған визуализация мен графикалық безендіру адам қиялын шектен шығарып, алыс ғарыштарға сапарлауға мүмкіндік береді. Бұны асыра мақтағандық деп қабылдамаңыз. Ал музыкасы бөлек әңгіме. Біздің Күн жүйемізге мүлдем ұқсамайтын бөтен, жат әлемдердің қалыптан тыс көрінісін музыкалық сүйемелдеу арқылы бүкіл сезім мүшелерімізден сезе аламыз.

    Режиссер бұл жолы да актерлік құрамды іріктеуден шалыс басқан жоқ. Соңғы кезде драматикалық рөлдерімен сүйсіндіріп жүрген Мэттью МакКонахи "Интерстеллар" арқылы тағы да бір "Оскар" номинациясына ұсыныла ма деп отырмын. Алып жатса таңғалмаңыз.

    Фильмге Мэтт Дэймонның қатысатыны тіптен есімнен шығып кетіпті. Өзі кадрда пайда болғанда ғана есіме түсті. Оның бұндағы эпизоды аздап түсініксіздеу болды. Мүмкін, Ридли Скоттың "Марстық" жобасына дайындығы шығар, кім біледі.

    Ғарыш ғарышымен, фильмдегі кейіпкерлердің қарым-қатынастары мен туыстық махаббат хикаясы бөлек тарау. Бұл жерде бірдеңе айту қиын, өйткені спойлерге жол беріліп кетуі мүмкін. Сол себепті, сіздерге қарым-қатынас тақырыбы қаншалықты жақсы деңгейде көрсетілгенін жеткізу үшін мына фактіні айта кетейін: 1-2 сәтінде еркек басыммен көз жасыма ерік бердім. Бұл сәттерді айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек.

    Кристофер Нолан кезекті шедеврін дүниеге әкелді және бұл ұзақ уақыт бойы ғылыми-фантастиканың классикасы болып қала бермек.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Кино өте қызықты, адамды кино біткенше біраз тығырықта ұстайды. Сіздің миыңыздың мүмкіншілігінің соншалықты мықты екенін өзіңіз сенбей дал боласыз және адамдардың сіздің миыңыз арқылы сіздің өткеніңізге саяхат жасап, сіздің санаңыздың алдауы мүмкін екеніне сенбейсіз. Психологиялық ойларға толы киноны жақсы көретін адамдарға көруге кеңес берем. Актерлар ойыны, кино желісі қызықты.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Мектепте оқыған Н.Гогольдың "Ревизор" деген шығармасы есімде ерекше қалыпты. Тексеруші боп келіп елдің бәрін ақымақ жасаған адамның оқиғасы неге екенін есімде жақсы сақталыпты. Кеше осы оқиғаны қазіргі заман көзімен, әрі киносын көріп қуанып қалдым.

    Бекмамбетов ұсынған "Ақымақтың күні" киносында: банкке көп ақша қарыз болған жігіт кепілдік ретінде әкесінің егістік жерін бермекші болып ауылға жолға шығады. Ауылға өтетін басты көпірдің бұзылып қалғанына байланысты олар жақын маңдағы аудан орталығында қалуға мәжбүр болады. Бар қызық осы кезден басталады....

    Балық басынан шіріп, жемқорлық жайлаған аймақтың "тексеру келді" деген кездегі қызықтары мен адамдардың өз мансабы үшін неге дайын екенін жақсы айқын сипаттай білген. "Тамақтарынан" өтіп кеткендері көп адамдардың "жан қиналысын" тиімді пайдаланып жас жігіттің ісінің немен аяқталатынын көріп, біздің елдегі біраззззз мәселелермен салыстырғыңыз келсе, тіпті өзіңіз көріп жүрген бірақ айта алмаған "құпияңызды" анық көрсеткіңіз келсе, "сол аурудың" біздің елде ғана емес басқа елде де бар екенін сезіну үшін баруға кеңес берем :).

    Тіпті мансаптың қаншалықты дәмді екенін сезініп қана қоймай әйелің мен қызыңды да осы "ұлы мақсат" жолында қалай жақсы пайдалануға болатынынан аздап сабақ алсаңыз да болады.

    Кино өте қызықты, күлкілі, ұқсастықтарды көрген кезде өзіңіздің қалай күлгеніңізді білмей қаласыз, сапалы. Берер бағам 7/10.

  • Askat Abdikary

    Барлық рецензиялар: 3

    Ноланның жаңа тамаша туындысы

    Не де болса мәңгілік емес. Нақты қай жылдары белгісіз, бірақ біздің планетамызды шаңды жел басып, әрі қарай тіршілік құруға мүлдем мүмкін болмауға шақ қалып тұр. Аталмыш фильм дәл осы сәттерді бейнелейді. Сондай аласапран кезеңдерге сай атмосфера, адамдардың тіршілік және де олардың тірі қалып, әрі қарай тіршілік жасауы үшін күресі шебер көрсетілген. Фильм әртүрлі қызық пен өкінішке, қайғыға, адамдардың бір-біріне деген махаббаты мен жеккөрініштік сезімдеріне толы деп айтуға болады. Фильм басталды. Залда тыныштық. Көрермендер фильмнің ішінде атақты Купер (МакКоннахи) және оның серіктесі Амелидің (Хэттеуэй) көргендерін бірге көріп, сезімдерін бірге сезінді десем артық болмас. Әсіресе, фильмдегі кішгірім әзілдер оның шынайылығын арттыра түскен секілді. «Интерстеллар»-дағы тағы бір айта кететін нәрсе, ол, әрине, робот. Ол роботтың да адамзаттың аман қалуына үлесі зор болды. Жалпы тоқсан сөздің толықтай түйіні—мағынасы бар, тамаша фильм көріп, тыныққыңыз келсе, интерстелларға қош келіпсіздер! Менің бағам толыққанды 10! Ағайынды Ноландарға алғысым шексіз.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Жалпыда 2- Дүниежүзілік туралы киноларды көп көрмеймін, жүрегім қатты ауыр алғандықтан қарай алмаймын. Мен үшін соғыс туралы кино көру "Сволочи" фильмімен аяқталған болатын. Алайда, америкалықтардың осы соғысқа деген көз қарасы олар түсірген нұсқа қалай болатынын көргім келетін.

    Қаһар / Fury / Ярость - киносы бүгіннен бастап көрсетіледі. Әрбір өзін жігітпін деп санайтын жігітке көруге кеңес беререм. Әсіресе, болмайтын нәрсеге көз жасын сығуға дайын тұратын жігіттерге. Жігіттер жыламайды емес жылайды, бірақ олардың жылайтын себебі басқа...

    "Қаһар" деп аталатын танкке бес адамның тағдыры байлаулы. Шебер қолбасшы бәрін тек алға жетелеп қана қоймай командасының әр мүшесіне үйіне аман қайтуына уаде береді.... Жаудың 300 әскерімен жалғыз қалған бесеуінің күресі жайлы түсірілген фильм. 

    Осы киноға түсу барысында Шайа Лабаф түк жуынбай қойыпты дейді. Шайа Лабаф өзін осы фильм арқылы басқа қырынан таныта білген. Бұрын церкв қызметкері болған ол өзінің жауыздық алдында өзінің адам өлтіруге деген ерекше қасиеті бар екенін ашады. Әр адам атқан сайын көзінен аққан жас пен күнәсін жуу мақсатындағы іс әрекеті адамға әсер етпей қоймайды. 

    Брэд Питт өзін кино саласында әр қырынан танытып үлгерген актер болса да оның нағыз қатыгез бола тұра жүрегіндегі адамшылық бар екенін айқын көрсете алған. Ол кинода өзіне тапсырылған міндетті жақсы атқара алған. Маған әсер еткен жері жас әскерді адам өлтіруге үйретуі. Шынайы соғыста да солай болғанына сенем.

    Джон Бернтал - Шайа Лабафқа қарама-қарсы мінездегі қарапайым әскер.Өмірдегі ішу-жеу мақсаттағы адамдардың ролін жақсы берген. Дегенмен, адам қандай жағдайда адам болып қалудың жақсы үлгісі. 

    Логан Лерман- жас болса да кино әлемінде қиын рольдерді сомдап үлгерген актер. Яростьта нағыз соғысқа келген таза, жауыздықты көрмеген, әлі де бала ролін жақсы сомдаған. Оның алғаш адам өлтіру кезіндегі жан қиналысы ешкімді бей-жай қалдырмайды.

    Кино жайлы қызықты фактілер:

    • Америкалықтардың танкілерінің немістердің танкілерінен әлсіз болғанын анық көрсеткен.
    • Бовингтондық британиялық танктер музейі кино түсірушілерге әлемдегі жалғыз жүріп тұрған немістердің Тигр I танкысын түсірілімге берген
    • Мықты актерлық құрам Брэд Питт, Шайа Лабаф, Логан Лерман, Майкл Пенья, Джон Бернтал
    • Махаббат тақырыбы "Сталинград" киносына қарағанда жақсы романтикалық түрде берілген.
    • Брэд Питт арнайы неміс тілінен сабақ алған.
    • Брэд Питт ұстаған винтовка - немістердің StG 44, Sturmgewehr 44 деп аталатын соғыс кезінде шығарған винтовкасы.
    • Кинодағы танктердің соғысындағы спецэффект жақсы берілген, адам тура сол жерде тұрғандай әсер алады.

    Не үшін бұл фильмді көру қажет деген сұраққа келсек, салыстыру үшін дер ем. Әрі америкалықтардың көз қарасын айқын көру үшін. Әрі қандай жағдай болмасын адамгершілік жоғары тұратындығын әрі адамдардың қаншалықты қатегез бола алатындығына көз жеткізу үшін көруге тұрарлық фильм.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңін суреттейтін америкалық фильм көрсең - 4 жылдық қантөгіс әдемі, эффектілі, тіпті көңілді өткендей әсер аласың. Онысы аздай, америкалықтар әлемді фашизмнен азат етуші болып шыға келеді. Бірақ "Қаһар" сәл өзгешелеу.

    Менің ойымша, жаһандық қырғынды барынша шынайы көрсетуге тырысқан Голливудтың сирек фильмдерінің бірі - осы "Қаһар". Бірақ осы арқылы картинаны тарихи дәйегі бар материал деп қарастыруға тағы болмайды. Қатігездік мен шынайылықты үйлестіріп көрсетемін деп тым артық кеткен тұстары да баршылық.

    Техникалық тұрғыдан фильмнің түсірілуі керемет. Арнайы эффектілерсіз "таза" соғыс. Әсіресе танкілердің жекпе-жектері ерекше әсер береді.

    Актерлік құрам да сәтті таңдалған дер едім. Шағын танкіге бес адамнан құралған экипаждың тым көптеу көрінгені болмаса, "соғыс барысында" әрқайсына берілген рөлдің өз маңызы бардай көрінді.

    Америкалық боевик қашан пафоссыз болып еді?! Бұл жолы да жалынды сөздер мен мақтаныш сезімін туғызуы тиіс іс-қимылдар көрініс тапты. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ кей сәттерінде Екінші Дүниежүзілік соғыс заманына тән емес, қазіргі заманға сай сөздер мен сөз тіркестері қолданылғандай болды.

    Айтылған артық-кемшіліктерді былай қойып, философиялық сарапсыз көрерменнің көзімен қарасақ "Қаһар" - ерлік пен достықты әдемі көрсете білген кинотуынды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Маймылдар ғаламшары" алғашқы фильммен тоқтап қалса, оған деген төмендеу бағам сол күйінде қала берер еді. Енді ше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында баяндалған тақырыпты жалғастырып, дәлірек айтқанда - оған дейінгі оқиғаны көрсетті, біздің ғаламшардың мекиендердің әлеміне айналуына қатысты себептердің бәрі түсіріндірілді. "Маймылдар ғаламшарының көтерілісі" соны ғана жеткізгендей болды және әрі қарай тақырыпты өрбіту логикалық тұрғыдан тиімсіз еді, әрі бір нәрсені созғылап бірнеше фильм бойы қаузай беру де көрерменнің жүйкесіне тиер еді. Менің сиквелге қатысты ойым осылай болатын. Бірақ...

    Сценаристтер бұл жерде де күтпеген бұрылыс жасап, ұтымды сюжет құрастыра алыпты. Оқиға тек көтеріліспен бітпегенін, адамдар мен маймылдар қауымы арасындағы әрі қарай шиеленіс тамаша жеткізілген. Өркениеттен айрылмау үшін барын салған адамдар мен орманды өз үйіне айналдырып, өз тағдырларының эволюциясын қарапайым ғана алғашқы қауымдық құрылыстан бастаған Цезарь төңірегіндегі маймылдардың құндылықтар тұрғысынан бір-бірінен айырмашылығын көреміз. Дұрысы - айырмасы азғантай екенін ұғамыз. Аналар да өмір сүргісі келеді, мыналар да. Алайда, бауырласып, параллель тіршілік етуге жол жоқ. Себебі, екі жақ та бір-біріне сенбейді, ешкім де бейбітшіліктің жалғасатынына кепілдік бермейді.

    Бұл жерде бар мәселе бір нәрсеге келіп тірелетін тәрізді. Ол - сенім. Ал сенім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке орай, жауапкершілікті сезінер адам/маймыл иесі жоқтың қасы.

    "Маймылдар ғаламшарының таңы" жай ғана фантастикалық боевик десеңіз - қатты қателесесіз. Бұл біздің қоғамның айнасы, біздің ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық құрылысымыз бен өркениет философиясымыздың миниатюралы үлгісі. Ізгі ниетті көшбасшы, сенімді серіктер мен одақтастар мінсіз қоғам жасаудың кепілі бола алмайды, өйткені бәрібір сенің жолыңды теріске шығарып беретін жексұрын табылады, көпшіліктің бірігуі арқасында әупірімдеп қол жеткізген бейбіт те жайлы заманды аздық еткен бүлдіргі бәрібір шығады.

    Фильмнің апокалипсистен кейінгі атмосферасы керемет берілген. Жоғары технологияларға сүйенген тамаша графика мен арнайы эффектілер картинаны толымды қабылдауға өзінше бір үлкен үлес қоса түсетін тәрізді. 

    Финалы да әлі де айтарым бар дегендей әсер қалдырды. Ендеше күтейік.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Марвелден кейін жақсы көретін екінші дүнием ол - Дисней. Диснейдің әр мультфильмін жақсы көрем. Олар сондай әдемі әрі балаға тәрбиелік мәні бар жақсы өнім ұсына алады. "Город героев" / "Ержүректер қаласы" - мультфильміде Диснейдің кезекті шедеврі екеніне сеніп бардым, рас өзім ойлағандай болды. Мына бір шардан жасалған ыңғайсыз, томпақ сүйкімдіні екі ініммен бірге өзімде жақсы көріп кетем деп кім ойлаған? Танысып қойыңыздар, оның есімі - БэймаксСанфранциско қаласында 14 жасар роботтар құрау мен оларды төбелестіру ойынында алдына жан салмайтын Хироағасы мен әпкесімен бірге өмір сүреді. Аяқ асты жағдай болып ағасы Тадашиденайырылып қалған бала бұл әлемде өзін жалғыз қалғандай болады. Алайда, оған ағасы жасап берген адам денсаулығын күтуге жасалған арнайы роботы Бэймакс серік болады. Ол ағасының кездейсоқта қайтыс болғанын білмей, кек алу жоспарын құрып достарымен бірге"Ержүректілер алтылығы" деген суперқаһармандардан топ құрады...

    Мультфильмде атыс-шабыс төбелеске құрылғанымен мультфильмде баланы жақсылыққа, достыққа, бір нәрсені білуге, мейірімділікке үйрететін тұстары өте көп. Мультфильм мейірімге толы. Бэймакстың адамға көрсеткен мейірімділігі мен қамқорлығынан өзіңде сондай бір Бэймакс иеленгің кеп кетеді. Балаларды апаруға тұрарлық жақсы туынды. Өзім екі інімді апарып ем, екеуі сондай риза боп шықты. Үйге бара сала екеуі Бэймакс жасап шығу жоспарын құрып шықты :). Берер бағам 10/10. Қуана бірнеше рет көруге дайынмын.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Big Hero 6" деген комикстің бұрын барын білмеппін, ұятыма орай. Сол бойынша Marvel мен Disney бірігіп анимациялық туынды жасайтынынан да соңғы күндерге дейін хабарсыз болып шықтым. Бұл үшін де ұялуым керек.

    Жапон мен Америка мәдениеті әдемі үйлесім тапқан футуристік мультфильмде бәрі бар: әдемі де бояуы қанық сурет, әдемі музыка мен дыбыс, қарапайымдау болса да жақсы құрылған сюжет. Балалардың түсініп әрі қызыға қарауы үшін басқа не керек? Балалар тұрмақ ересектерді де елітіп әкетерлік сиқыры бар бұның.

    Кейіпкерлердің мінез-қылықтарын ашып көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Әрқайсысы қайталанбас өзіндік сипатқа ие. Туындыдағы әр кейіпкерге тағы бөлек бір-бір спин-оффтан жасап шығуға болады. Тіпті екінші дәрежелі кейіпкерлерге де.

    Бұны мультипликациядағы суперқаһармандардың жаңа да бөлек дәуірі деп атау керек шығар. Өйткені, бұлар экранға осыған дейін әлі шығып көрмеген дебютанттар. Сол себепті "6 қаһарман" әлемі болашақта кеңейтіліп, телевизиялық және басқа да көркем форматтарда дамытылып жатса таң қалмаңыз. 

    Бэймакс - мультфильм сюжетінің өзегі және ең маңызды кейіпкері. Осы мейірімді робот арқылы барлық дерлік юморлық және драмалық сәттер мен оқиғаның шарықтау шегі баяндалған. Бэймакс арқылы көрермен өзіне қажетті құндылықтарды түйеді.

    Сіздерді білмедім, ал мен жалғасын көргім келеді.