• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 405)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Шыны керек Оскарға ұсынылғанына таңмын. 2 сағаттан астам уақытымды осы киноға қиғаныма аздап өкіндім. Кино тым ішпыстырарлық сияқты мен үшін. Бір адамның өмірін көрсететін кинолар ұнайды, бірақ кутюрьенің ерекше бір жұмысын, оның сән әлеміне әкелген бір жаңалығы туралы ештеме жоқ. Бар ерекшелігі сол патша отбасына көйлек тіккені. Көрген фильмімнің ішінен Дэниэл Дэй-Льюистың актерлығын ғана жоғары бағаладым. Дегенмен бірнеше рет Оскар алып тастаған актер ғой. Расымен, екінші рет қайта қарауға бармас едім.

     

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Менің қатты күткен фильмім болса да прокатқа шыққанан кейін 10 күннен кейін бірақ көрдім. Осы уақытқа шейін бірде-бір рецензия оқымай қойдым. Киноның әсерін көрмей жатып құртып алмайын деген ой келді.

    Кино қатты ұнады маған. Данияр сияқты жарықтың түсірілуі деген нәрселерді байқай алмадым. Себебі оған менің киноға берілгенім сонша мүмкіндігім болмады. 2 сағат 17 минуттың қалай өткенін байқамай қалдым.

    Киноның сюжеті, музыкасы, актерлар ойыны, киімдері қатты ұнады. Әсіресе әскер қыздардың образды күшті шыққан. Киімдері, шаш үлгісі, қимыл қозғалыстары, әшекейлері де, төбелесу стильдері де ұнады. Данай Джекесай Гурира қатты ұнады. Фильм бойы әр кезде эмоциясын күшті береді. Әскер басы бола тұра күйеуіне "Любимый" деп майысқан кездерінің өзін қалай күшті берген.

    Майкл Б. Джордан расымен өз рөлін мықты алып шыққан. Бар ынтасымен ойнағаны көрініп тұр. Кинода осы баланың қалай өсіп-жетілгені туралы қысқаша сөзбен айтқанша көрсетсе күшті болар ма еді?.. Мысалы ол Ваканда тарихы жайлы өте көп біледі. Сол жағы ашылмай қалған. Сонан кейін музейден маска ұрлап алған кезде бір үлкен бір оқиға болатындай мән береді, бірақ масканың мағынасын ашпағаны ұнамады.

    Чедвик Боузман ұнайды, алдыңғы Мстительде пайда болған кездегі дауыс ырғағы мен өз бейнесімен қызықтырған. Қызығушылығым тарқамады. Мүмкін көбіміз күткендей самдағай болмаған шығар, деген өз рөлін жақсы алып шыққан. Көп уайымы мен қайғысы болмаған хан баласы образын сақтап қалған. Дегенмен кинода Т'Чалланың ойы, уайымы мен көз-қарасын көрсетуге көп уақыт бөлген.

    Фильм қарауға тұрарлық. Мен марвелді тым қатты жақсы көрем :)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Испан режиссері Серхио Х. Санчестің Американың және Ұлыбританияның талантты жас актерлерінің қатысуыммен түсірген хорроры.

    Бұл жерде хоррор - жұмыртқаның қабыршағы секілді сыртқы қабат қана. Бұл фильм драма, трагедия, психологиялық триллер жанрларынан құралған тамаша туынды.

    Трейлерін көргенде-ақ бұның өткінші картиналардың бірі емес екенін түсіндім. Фильмнің соңғы жағы өзге психологиялық триллерлер секілді банал болғаны рас. Бірақ клишелерден тұрмайтын картинаны атап берші?

    Финалға дейін-ақ тыпыршытып, әбден дегбіріңді кетіреді. Атмосферасы соншалықты шиеленіскен. Бұл жерде бірінші планға актерлердің ойыны шығады. Жас та болса актерлік құрам таМММаша: Джордж МакКэй ("Капитан Фантастик"), Аня Тейлор-Джой ("Сплит"),
    Миа Гот ("Лекарство от здоровья"), Чарли Хитон ("Очень странные дела").

    Атмосфералы, психологиялық драманы, мистиканы ұнатсаң - көру қажет.

  • Данияр Тажимбет

    Барлық рецензиялар: 3

    Жыл басынан бері күтіп жүрген алғашқы фильм. Ойдағыдай шықты десем болады. Көптеген критиктер фильмді "Первый Мститель: Другая война" секілді темптегі фильм деп атап өткен болатын. Менің бұл екі фильм арасында тек саяси, туыстық/достық тақырыптары ғана ұқсас деп ойлаймын. Экшні мен сюжет өрбуі басқаша.

    Фильм режиссері Райан Куглер өз жұмысын жоспарлы орындап шықты. Бұған дейінгі жұмыстарын ескерсек, жаңа фильм оның тәжірибесінің ұлғайғанын көрсетеді. Ағайынды Руссолар сияқты сюжетті түрлендіре алмағанымен, экс-режиссер Джосс Уидон секілді кейіпкерлермен жұмысы сәтті шықты. Актер Энди Серкистің кейіпкерін елемегенде қалған кейіпкерлердің образын түгелдей ашты.

    Людвиг Йоранссонның композиторлық жұмысы нашар болды. Тек бір музыкалық теманы бүкіл кино бойы ойнатып шықты. Оның қасында фильмге саундтрек жазуды өз мойынына алған рэпер Кендрик Ламардың еңбегі өте зор. Оның әр музыкасы фильм атмосферасына керемет сіңісіп тұрды. Саундтрек ішінен "All The Stars", "Pray For Me" және "Opps" композициялары ұнады.

    Спецэффектілермен бір уақытта бірнеше тәуелсіз студиялар айналысқанымен, фильмнің VFX супервайзерлері жұмыстарын толық атқармағандары көзге ұрып тұр. Бірнеше сценаларын хромокей қатты байқалады. Сонымен қатар жарықтары жөнді түспеген тұстары бар. Мысалға таққа отыру үшін үміткерлер арасындағы шайқас рәсімі кезінде байқалады.

    Чедвик Боузманның актерлік ойыны сол баяғы. Даму көрінбейді. Ал қалған актерлердің жұмысына көңілім толды. Әсіресе Майкл Б. Джорданның рөлге кіріп, Алтын Ягуарды беріліп сомдағаны байқалып тұр. Әзілдің басым бөлігі Т’Чалланың қарындасы Шуриге тиесілі. Оны өз кезегінде Тони Старктың баламасы, тіптен одан да асқан интеллектуал деп атайды.

    Жалпылай фильм Африка халықтарының проблемасын қозғайды: отарлау, экспансия, құл саудасы және т.б. Бір жағынан сюжетімен Уаканда елінің КВМ бастауы екенін түсіндіреді. Тіптен Қара Пантераны DC кейіпкері Бэтменмен салыстыруға болады.

    Фильм прокатта қаржыға қарық болатыны айдан анық. Недегенмен кинокомикс, блокбастер ғой. Қорыта келгенде 8/10 деген баға қоямын. Көруге тұрарлық.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Әлеуметтік мәселелер, адами қарым-қатынас, ана махаббаты тақырыптары үйлесім тапқан тамаша кино. Бұны авторлық киноға да, бұқаралық киноға да жатқызуға болады. Басты кейіпкерлері керемет ойластырылған, ал соны актерлер жақсы түсініп, тамаша алып шыққан.

    Кино жаңалықтарына құлағы түрік жандардың барлығы көру қажет туынды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    • Ninety one
    • 2017
    • Рейтинг: 6,4
    • Дауыс саны: 5

    Өздерінің айтуы бойынша, сюжеттің 90 пайызы рас. Тіпті елу пайызы рас болғанның өзінде қазақстандық топтың және продюсерінің басынан кешкен қиындықтары үшін, соған төзгені үшін орныңнан тұрып қол соғуға болады. Өйткені Қазақстанда ешбір топ, ешбір әнші олардың көргенін көрген жоқ. Олар ұрынған қарсылыққа ұрынған жоқ, олардың ситуациясына түсіп көрген жоқ.

    Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен көркем фильм солардың басынан кешкен оқиғаларын бәрін болмаса да, шет-жағасын жеткізгендей болады. Танымал тұлғалардың өміріне арналған голливудтық кинотуындыларды көріп жүрміз ғой. Мен де сондай стилде кино күтіп едім. Бірақ "91" ондай емес. Аздап атүсті, үстімен шолып өткендей болады. Мысалы осы музыкалық топ туралы білмейтіндер оқиғаға қанықпай қалуы әбден мүмкін.

    Екінші жағынан персонаждардың ашылуы да бәсеңдеу болды ма деймін. Рэперлер AZ мен ZAQ-қа көбірек көңіл бөлінгендей болды, қалғандары тасада қалған сияқты. Сосын ауыз су өндіретін бір отандық брендтің жарнамасы көп, әрине, коммерциялық кинода продакт-плейсментті ешкім алып тастаған жоқ, сонда да орынды-орынсыз көрсете бермесе де болар еді.

    Ал жалпы алғанда, қойылуы ұнады. Шарықтау шегін дәл басында көрсетіп алып, сосын сол шекке қалай жеткенін асықпай баяндау сәтті режиссерлік шешім деп ойлаймын. Алғашқа синглдың пайда болу тарихы да жақсы берілген. Топ мүшелерінің күйзелістері, ерекше бірдеңе жасауға талпыныстары түсінікті жеткізілген.

    Фильм де сол топ сияқты бірегей жоба деп білемін. Өйткені музыкалық топ туралы елімізде кино түсіріліп көрген емес. 91 тобының фанаты болмасаң да, жаңа кино өнімі ретінде қарауға әбден лайық. Жай байопик кино болып қоймай, қоғамымыздағы қараңғылық, кертартпалық белгілері көрсетіледі, солардың проблемасы көтеріледі.

    Өз жанрының алғашқы қарлығашы екенін ескеріп 7/10 деген бағаға лайық деп ойлаймын.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Киноны енді көру мүмкінідігі туды. Пираттық нұсқасын қарап шықтым. Кино ұнады, бір көруге болады.

    Не ұнады:

    1. Жұлдыз. Барынша Қайраттың жары деп қарамай жай ғана актриса ретінде қарауға тырыстым. Актирсалығы жақсы, біздің көп актрисамен салыстырғанда талантты деуге болады. Жылған кездері, ашуланғаны, кектенгені кезі адамды сендіре алды. Басқа да кинолардан көрсем қуана қарайтын сияқтымын. Өзіне берілген міндетін жақсы алып шықты, роліне сай өзгеріп соған сай эмоциясын бере алды.

    2.Сценарий. Қоғамдағы бар тақырыпты жақсы қозғаған. Қазіргі кездегі әділетсіздікті жақсы көрсете алған. Қазақстандық комедиялардан жалыққанымды бүгін түсіндім. Жалпы мұндай тақырыпты көтеру мықтылық. Себебі, біздегі критиканың деңгейін білесіздер ғой. Арзан күлкіні ұнататын адамдарға осы тектес фильмдерді өткізу қиын.

    3.Жауыздар. Басты жауызды сомдаған Елжас Рахымбековтың актерлығына риза болдым. Ананы шын көңіліңмен жек көріп кетесің ғой.

    Не ұнамады:

    1. Қайрат. Қайратты актер ретінде көре алмадым (кешір). Қайрат эмоциясын дым көрсете алмайды, не мен оған дым сенбедім. Сөйлеп, айғайлаған кездерінде "қатты айғайласам ұят сияқты" деп тұрған сияқты ой қалдырды.

    2. Диалогтар. Әсіресе кино басталған кездегі диалогтар бір түрлі адамды кері итереді. Мүмкін сол басталар кезіндегі диалогтарды кішкене өзгертсе болар ма еді?

    P.S. Ойлана келе 7 балл қойған дұрыс дедім.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Гильермо дель Торо түсірді деген соң асыққаным рас. Оның "Фавн лабиринті" - өзінің әдемі киножаһанын қалыптастырған тамаша кино. "Хеллбой" сәтсіздеу шықса да тартымды графикасы бар. Жалпы Гильермоның визуализацияға қатысты өз көзқарасы бар. Сонысымен ерекше.

    "Су пішіні" де визуалдық тұрғыдан тамаша. Псевдо алпысыншы жылдар, яғни сол кезең деп айтылғанымен, Гильермоның танымымен құрылған альтернатив әлем, қолданылған реквизиттер мен декорациялар - жеке бір әлемді көз алдыңа алып келеді.

    Бірақ әдемі графикамен бәрі аяқталады. Оқиғасы тым примитив, супержаңа ештеңе болған жоқ. Амфибия мен адамның арасындағы сезім. Олардың бірге болуына кедергі болған зұлым. Болды.

    Венеция кинофестивалінің бас жүлдесі, екі "Алтын глобус" алған және АҚШ сыншылары үздік фильм деп таныған кинотуындының соншалықты қарапайым екенін күтпеп едім.

    Фильмді жаман демеймін, алайда биыл көп айтылған киноның соншалықты қарапайым болып шыққанына таң қалдым. Бұл жолы режиссер жаңа ештеңе әкелген жоқ.

    6,5/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Қызықты, күлкілі, бір көріп көңіл көтеріп қайтуға болады. Басқа америкалық комедиялармен салыстырғанда топас анекдоттар жоқ. Дуэйн Джонсон өзі түскен фильмдердің гүлі екенін мойындау керек, күшті актер. Салмақты бола тұра адамды күлдіре алады.

    Джуманджи туралы түсірілген фильмдердің ішіндегі оқиғасы тез, әрі түсінікті біткені осы шығар. Басқа джуманджилар сияқты миыңызды ашытып жібермейді.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Бұл фильмге де қол жеткіздім. Прокат кезінде түрлі пікірлер айтылды. Мені қорқытқаны - бірінші бөлімнен ажырап кету ықтималдығы еді. Бекер нетіппін. Бәрі өз орнында. Дени Вильнев әр жұмысы сайын таңғалдыра түсуде. Былтыр "Прибытие" фильмінен аздап шок алып едім.

    Режиссер әр деталға, әр диалогқа, әр қимылға мән береді. Оның "Блэйд Раннер 2019"-ға құрметін айтпай-ақ сезесің. Әр оқиғаның өз визуалы, өз түсі бар. Музыкасы бірінші бөліммен өте ұқсас немесе бірдей. Жаңа актерлер қатысса да персонаждардың характерлері, фильм атмосферасы өзгермеген. Сондықтан да арада отыз жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан бірінші мен екінші бөлімнің тұтастығы сезіледі.

    Бұл өз алдына бөлек туынды, дей тұрғанмен 1982 жылы шыққан біріншімен тығыз байланысты. Әдетте культқа айналған киноны жалғастырғанда үлкен сұрақ туындайды: Жалпы жалғастыру қажет пе? Жалғастырғанның өзінде көңілден шыға ма? Көпшілігі ақшаның соңына түсем деп әп-әсем аяқталған оқиғаның қажетсіз жалғасын жасау арқылы бәрін бүлдіріп алады. Сөйтіп отырып сиквелдің ғана емес, түпнұсқаның да сәнін бұзады. Бұл жолы сеніммен айтуға болады: жалғасын түсіруге қажеттілік болмаса да, жаңа фильм түпнұсқаны әрлендіре түсті, оның культтық мәнін арттыра түсті.

    Алғашқы серияның басты кейіпкері Рик Декардты (Харрисон Форд) бел ортасынан асқан соң көрсетіп, біртіндеп оны алдыңғы планға шығару тәсілі ұнады. Бастапқыда оны басты кейіпкер Кейге (Райан Гослинг) көмекші персонаж ретінде болады деп қателесіппін.

    Актерлер, сюжет, динамика, музыка, операторлық жұмыс - бәрі өз орнында. 2 сағаттық хронометражы мүлдем сезілмейді. Керісінше көрерменнің фильм қарқынына бой үйретіп, ілесуіне жақсы әсерін береді деп ойлаймын.

    Жылдың ең стилді, атмосфералы, ерекше туындыларының бірі.

    8/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    2017 жылдың көрген Қазақстандық кинолардың ішіндегі ең үздігі осы фильм болды. Нұрлан Қоянбаевқа ризамын. (кажется бұл сөзім артық, дегенмен ризамын). Жеңісхан Момышевтың киноға кеткені дұрыс болған сияқты. Ән айтудан гөрі, режиссерлығы мықты.

    Сонымен неге риза болдым?

    1. Сценарий. Сценарий реально қазақтардың өмірінен алынғандай. Шын ғой, біз бірінші жасап аламыз сонан соң ойланамыз, жоспарлаймыз. Бұл жерде соны анық көрсеткен. Сценарий тартымды, әрі оқиғалары үйлесіп, толық қанды кино болып шыққан. Кино жалықтырмайды, күліп отырып, кейіпкерлермен бірге сол сәтті бірге кешіп жатқандай күй кешесің.

    2. Әзілдер. Өте сәтті таңдалынып алынған, тізесі шығып кеткен әзілді кездестірмедік. Әзілдер эмоцияға сай жақсы берілген. Әр әзілдің өз орны бар, әдемі үйлескен.

    3. Музыка. Маған қатты ұнаған нәрсе киноға таңдалған музыка шығар. Тура киноның аурасын беретін жаңа әдемі әндер. Кинодағы музыкамен зарядтталып шыққандай боласың. Перкош "Ақсаулем" әнін орындаған кезде зал бірге қосылып айтты. Мен де қосылдым.

    4. Актерлардың ойыны. Мен Жан Байжанбаевты Рэкетирдегі образында елестетіп қалған ем, бірақ ол кісі менің өз актер талантына сендіре алды. Мүлдем басқа образды жақсы алып шығып қана қоймай, Аленнің рөлін өз шеберлігімен аша түскен. Нұрлан Қоянбаев образы өзінің өмірдегі образы алшақ емес болуы керек, бірақ актерлығын жақсы көрсете алды. Ешқандай жасандылықсыз, еркін сомдады. Әрі эмоциясы ұнады. Әсіресе, Еркошқа "Жапшы аузыңды" дегені күшті кетті. Рамазан Амантайға мүлдем сөзім жоқ, керемет! Актерлық таланты өсіп келе жатқан мықты бала. Эмоциясын керемет береді. "Үйіме қайтқым келеді" деген жерде түріне қарап бірге жылағым кеп кетті, Мексикаға алып бара жатқан жеріндегі потеря болған түрін көрсеңіз бірге потеря боп кетесіз. Кинода Еркоштың қызықтары өте көп, айта берсем спойлер боп кетеді. Дегенмен, осы киноның жақсы шығуына Перкоштың шеберлігі көп әсер еткен.

    5. Түсірілім сапасы. Керемет, күшті. Қанық түстер, әдемі кадрлар. Комедия стиліне сай ашық-жарқын, адамның көңіл күйін көтеретін әдемі түсірілім. Перішетелер қаласының әдемілігі жақсы берілген. Кадрге қарап отырып қаланы бірге қарап жүргендей боласың. Наконец то, "қазақтар да осындай әдемі түсірілім жасай алады!" дегім келеді.

    6. Тәрбиелік мәні. Кино бауырмалдылыққа құрылған. Қазақтар үшін туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын насихаттайды және жақсы көрсете алады.

    p.s. қалай да ағылшын тілін үйренуім керек деген шешімге келдім :).

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Кино қызық басталып келе жатып ортасында үзіліп қалғандай әсерде болдым. Киноның айтар ойы жақсы, бірақ сценарий ашылмаған, шикі. Киноны қазақтарға осы да болады деп түсіре салғандай әсер қалды. Құралайдың әдемілігі ұнайды, әдемлігі жақсы көрсетілген. Дауреннің талантына ғашықпын, өзіне қойылған талапты жақсы орындаған.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Шынайы оқиғаға құрылған кинолар ұнайды. Оны ВВС түсірсе одан бетер ұнайды. Себебі ВВСдың киноларының өзінің айтар ойы, тарихи нақты ақпараты және жан-жақты зерттеліп, нақтыланылып барып бірақ таспалайтыны ұнайды. Тарихи оқиғаларды саясатқа салып бұрмалау деген болмайды, оқиға қалай болды солай жеткізуге тырысады.

    Британия мен Индияның жалпы тарихын білсем де, осы фильмдегі оқиғаны білмейді екем. Кеше киноны қарап алғасын бүгін интернетті ақтарып біраз тарихты оқып шықтым. "Абдул Карим өмірде шын болған ба?" деген ой маза бермеді.

    81 жасқа тақап қалған Виктория патшайым қарапайым сарай күтушісі индус Абдулға көңіл аудара бастайды. Қоғамда ешқандай орны жоқ қарапайым жігітке патшайымның көңілін табу ұнайды. Бірақ ол бұл қарым-қатынастан ешқандай өзінің бір пенделік мақсатына пайдаланбай, адал қызмет етуге тырысады. Ол Виктория патшайымға урду тілін үйретіп, мұсылмандарға деген көз-қарасын өзгерутге көмектеседі. Екеуінің қарым-қатынасы ана мен баланың қарым-қатынасындай болады. Олар кез-келген тақырыпта еркін сөйлесе алады.

    Кино үлкен танымалдыққа ие болмас, дегенмен тарихи киноларды ұнататындардың көңілінен шығары хақ. Себебі, ұлы адамдардың осындай өміріндегі аздаған оқиғаны осылай беру патшайымға басқа көз-қараспен қарауға мүмкіндік береді. Кино сапалы, отбасыңмен отырып көруге ыңғайлы фильм.