• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 405)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    91 тобының әндері қатты жақсы көрсем де сериалға көңілім толмады. Сценарий әлсіз, кино сұр түсті және актерлардың ойыны да әлсіз. 91 тобының жігіттерінің ішінде Алем мен Баланың актерлығы жақсы. Загтың рөлі ашылмаған, сонан соң образ ұнамады. AZ өзін тым еркін ұстағанымен, рөлі тартпайды. Бір түрлі образдың характері анық берілмеген. АСЕ тым жуас ролді алынған, негізі оның өзінің мінезіне келетін сияқты. Бірақ АСЕты жақсы көрмеу мүмкін емес, себебі сондай сүйкімді. Актириса қыздар тым жасанды ойнайды. Жарайды, жас қой дерсіздер, бірақ тым жасанды ұстап қажеті қанша? Әсел Садуақасова ғана өзін сенімді ұстайды, бірақ оның маман ретіндегі өнері, ерекшелігенен көрсеткен кадр жоқ.

    1. Неге сұр түсті пленка? Қанық түстер қайда? Жастар туралы сериал болғасын бір сапалы, қанық түспен түсіруге болмас па еді?

    2. Диалог. Бітпейтін бір диалогтар. Неге балалардың дайындалу сәттері, биді үйренулері, дауысты қою сияқты нәрселер қайда? Арнайы тақырыптық сериал болғандықтан көрген адам үйренетін бірнәрсе болуы керек емес пе?

    3. Сюжет өте нашар. Бір сериал тек бір оқиғаның айналасында немесе бір диалогпен біте салғандай әсер қалдырады. Недеген баяу өтіп жатқан кадр, жалықтырып жібереді адамды.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Менің ойымша тағы бір әдемі, тағы бір күшті мотиватор мультфильм түсірілген. Мультфильмның әдемілігі ол картинадағы қанық түстер, ол қанық түстер прям мексикандықтардың қыз қандылығын, әдемі бір ашық-жарқын мінездері мен эмоцияларын беретіндей. Қанық түс сені бірден баурап "мені көр" деп шақырып тұрады.

    Кішкентай Мигель атасы сияқты әнші болып, танымал болғысы келеді. Алайда оның отбасы әншілікке қарсы. Себебі, олардың түсінігі бойынша әншілер отбасына келгенде тұрақсыз, әрі болашағын ойламайтын адамдар. Ал кішкентай Мигель өз өнері арқасында отбасының көз-қарасын өзгерткісі келеді.

    Мультфильмнің желісі біздің қазақтарға ұқсайды. Мексикандықтар да қазақтар сияқты отбасы татулығын, отбасын, ата-бабасын бірінші орынға қояды. Сондықтан бұл мультфильмның балаларға тәрбиелік берері мол. Мультфильмның сюжеті жақсы, айтар ойы анық. Сюжет сізді бірден елітіп әкетеді, кішкентай Мигельмен бірге мұңайып, бірге қуанып, бірге жылай аласыз.

    Мультфильмның қазақша дубляжы жақсы шыққан. Мигельді дыбыстаған Ақарарыс Әшімханның актерлығына таң болдым. Әдемі, эмоциямен жақсы дыбыстаған, сондай-ақ Мигель айтқан әндерді Ақарыс өзі орындаған.

    Мультфильм балаға ғана емес үлкендерге де қызықты болары сөзсіз.

     

  • Данияр Тажимбет

    Барлық рецензиялар: 3

    Жыл сайын голливудтық студиялардың кино түсіремін деп қаншама қаржыдан айырылып жатқанын байқаймыз. Жақында дәл соның тағы бір мысалы болды. Warner Bros. жігіттері "Лига справедливости" фильмін түсіруге 300 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсаған. Маркетингіне салған ақшасын қоспағанның өзінде. Енді кеткен ақшаның орнын толтыру үшін әлемдік прокатта минимум 800 млн АҚШ долларын табу оңай дүние емес. Онсызда жара-жара артына геморрой тілеп алды.

    Фильмнің өзіне келетін болсақ, роттен мен мэтадағы критиктер 100-дің ішінде 40-50 шамасында баға берген. Расыменде, сюжетіне қарасақ сол бағаға лайық. Ал көрермендердің 80-90 пайызына ұнаған. Ол да рас. Өйткені, фильмдегі басты тартушы күш ол - әзілді сценалар. Халыққа тек осы ғана ұнайды. Фанаттар ваще күлкіге қарық болады.

    Кино түсірілімінің аяқталуына жақын қалғанда режиссердің ауысқаны фильмдегі сюжетті быт-шыт қылды. Зак Снайдер мен Джосс Уидонның жұмыстары бөлек-бөлек байқалып тұр. 40-50% өзгеріс енгізген. Бұл деген қатарынан екі фильм түсіргенмен бірдей. Екіншісі біріншісінің жұмысынан тек қиындылар ғана қалдырған. Бұл режиссердің шешімі ме, әлде студиялық босстардың шешімі ме түсініксіз. Музыкадан тек алдыңғы фильмдерден сарқыт боп келген "сольный" әндер ғана есте қалады. Қысқасы композитор Дэнни Элфман амалсыздан халтура жасаған. Ол кісіні де түсінуге болады.

    Былай қарасаң фильм студияның алдыңғы өнімдерінің минустарын сәл-пәл түзеген. Көрермендерді қызықтыруға көп көңіл бөлінген. Ашық, жарқын түстермен көмкерген. Басы мен аяғы бар. Енді басқа қырынан қарасақ, фильм өте қысқа. Түсірілген өнімнің біраз жерін қиып тастағаны көзге ұрып тұр. Кейіпкерлерді таныстыруға 1 сағаттан астам уақыт жұмсаған. Суперменнің тірілгені тіптен күлкілі. "Жатқан жері жәйлі болсын" деп көмген жерінен қазып алғаны күлкілі әрі тұрпайы шыққан. Сюжеттік қадамдары, кейіпкерлердің мәселелерді қалай шешкені де дым қызық. Джосс Уидон да бұны өзгерте алмады.

    Бұл фильм сонау 2015 жылы шыққан Фокс компаниясының "Фантастическая четверка" фильмін еске түсіреді. Лига 1 сағат 50 минут болса, фантомастар 1 сағат 40 минут болады. Құдды бір сериалдың бірінші бөлімін көріп отырғандай әсер қалдырады. 1 аптадан соң келесі бөлімін шығаратындай. =D

    Тым жақсы оқиғаны, керемет кейіпкерлерді осыншама қорлағандары дұрыс болмады. Көрші марвелдік әдісті өздеріне адаптация жасап үйренсе де болар еді. Кейін эксперименттер жасау арқылы өз жолын табуға мүмкіндік болушы еді.

  • Abzal SARIYEV

    Барлық рецензиялар: 3

    Жп-жасыл құсық фильм.

    Жап-жасыл.

    Түріктің Тек Сен деген фильмінің тіпті диалогтарына дейін ауыстырмай көшіре сапты.

  • Abzal SARIYEV

    Барлық рецензиялар: 3

    Нәшәр фильм.

    Трейлері өзінен мықтырақ)

    Көрмеңіздер, көргендер ұмытып кетуге тырысыңыздар.

    Ортанқол дүниеден төменірек Т-Қ-Ж- "уынды"!

    Рақмет!

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Кейіпкерлер жеткізе ойластырылмаған, оқиғалардың арасында байланыс жоқ, бәрі сондай үйлесімсіз формада беріледі. Сценарийдің нашарлығы сонша, тіпті актерлердің өздері экран алдында ыңғайсызданып тұрғандай әсер береді.

    Нұрлан Сабыровтың қатысуы көп нәрседен үмі күттіріп еді. Бірақ Нұрлан сахнадағы стендапер образынан арыла алмапты. Сол өзінің стиліндегі қағытпалар мен әзілдер. Концерт беріп жатқанда камераға кездейсоқ түсіп қалғандай әсер береді.

    Оқиғада бойжеткен мен оның бес ағасы көрсетіледі. Бірақ араларында дым байланыс жоқ, қысқасы, туыс екендеріне сендіре алмады.

    Киноның өндірісі атүсті, "осылай да пойдет қо" деп жасалғандай. Іліп алары жоқ бос фильм, қысқасы.

    4/10

     

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    • 16 қыз
    • 2016
    • Рейтинг: 6,429
    • Дауыс саны: 7

    Кино сюжеті, түсірілімі күшті. Бірақ, екінші бөліміне Аша Матай түспей-ақ қойса екен деген үлкен тілегім бар. Кинода Ашаның күлкісі бәрін құртады.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Сюжеті мен әзілдері сәйкес келген жақсы комедия. Екінші бөлімін көруге асықпын.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Кадр сыртындағы дауыс: "Мойындашы, ең болмаса бір рет қазіргі өміріңді түбегейлі өзгертіп, бәрін талақ қылғың келді ғой?" деген кезде шынымен дәл маған айтылғандай қабылдадым. Меніңше, бәріміз де сол туралы ойланып көрдік. Қазір сүріп жатқан өмірім - шынымен менікі болмаса ше, жай үйреншікті қалып болып кеткен соң көнбістікпен бой үйретіп алсақ ше?

    Брайан Крэнстон кейіпкері өміріңді бір саралап алуға, өзіңді альтернатив ортада елестетіп көруге бір себеп болды.

    Сюжет былай: ештеңеден күдігі жоқ отағасы әдеттегіше үйіне қайтып келе жатады. Кенет үйінің маңындағы қоқыста жанат жүреді. Артынан қуам деп жүріп гараждың шатырына тап болады. Шатырда үлкен терезе бар. Терезеге жай көз тастай салып еді: О, тоба! Үйінің асбөлмесі алақандағыдай көрінеді екен. Әйелі уайымдап бұған телефон шалып жатыр, екі қызы үстел басында отыр. Отағасына кенеттен мынадай ой келеді: қызық, үйге бармай қалсам не болар екен? Оның үстіне соңғы уақытта әйелімен ұрысып қала беретіні еске түсіп кетеді. Оны уайымдатып, одан аздап өшін де алмақшы. Сөйтіп, гаражда түнеп шығады. Енді ертесіне барайын десе - көңілдесінен келді ойлап қала ма деп әйелінен қуыстанады. Себептен себеп шығып ақырында осы гараж шатырында қалып қояды. Күн сайын үй-ішін бақылайды, өткен өмірін саралайды, онсыз оның отбасы қалай өмір сүретініне куә болады.

    Фильм кейіпкердің өткенін еске түсіріп, флешбектермен, қазір үйге кіріп барсам деп оқталған кездегі болуы мүмкін түрлі варианттармен араласқан. Қызық. Әлгі отағасының орнына өзіңді де қойып көреді екенсің еріксіз.

    Отбасы құндылықтары, жарыңа деген махаббат сыналатын әдемі оқиға.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Мойындайыншы, бірінші фильмді ("Маймылдар ғаламшарының көтерілісі", 2011) көрген кезде қабылдай алмап едім. Ол кезде картинаның подтекстін анық түсінбеппін. Басты маймылдың Цезарь деп аталудағы аллегориясы да басыма кіріп-шықпапты. Енді ресми түрде мәлімдеймін: бұл, әкең, соңғы жылдардағы ең мощний фильм.

    Үшіншісі бүкіл франшизаға нүкте қойып, сонаааау 1968 жылғы "Планета обезьян" картинасымен түйістіре жаздайды. Сол бір ескі фильмді көрген адам ретінде аздап спойлер жіберейін: сюжетте адамдардың статусы қазіргі, біз өмір сүріп отырған замандағы маймылдардыкімен бірдей болады. Және адамдар сөйлемейді. Ал қоғамның басты саналы тіршілік иелері - маймылдар, осы күнге әлдебір Цезарьдың арқасында қол жеткізілгені айтылады. Дәл осы аталған фактілерді ескере отырып, мына жаңа трилогияны тағы бір қарап шығыңдаршы. Сонда бәрі түсінікті болады. Тіпті тәнті болғаның сонша - бәлкім шаттықтан, бәлкім елжірегеннен түрсиге тамшылатып қоюың әбден мүмкін.

    Сонымен, маймылдар планетасымен қош айтасамыз. Соңғы бөлім бәрін әдемі қорытындылап берді. Тарих пен философия білгірлері кинодан өз іздегенін табады һәм жоғарыда айтылғандай тіпті аздап тамызып жіберуі мүмкін. Ал синтеминтал адамдар көз жасын сығып алады.

    Менің ойымша, соңғы жылдарда түсірілген ең мағыналы, астарлы картиналардың бірі. Және бұл фильм "Оскарға" ұсынылуы керек деп есептеймін.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    • Аңду
    • 2014
    • Рейтинг: 7
    • Дауыс саны: 1

    Бвуәәә! - деп күтпеген сәтте қорқытатын құбыжықтары жоқ, бірақ ішіңді бүргізіп жіберетін атмосферасы бар хоррор керек пе? Онда мына фильмді ұсынамын.

    Бастан-аяқ тыпыршумен болдым. Бұл жерде ауыр атмосферасымен, белгісіздікпен қорқытады.

    Сюжеті былай: Бір жігіт пен қыз бірге түн өткізеді. Түн как түн, ғашық жастардың қалыпты тірлігі. Бірақ секстен кейін жігіт қызға бір құпияны ашады. Бір қарғыс бар, жыныстық жолмен беріледі. Қарғыс саған өткенде артыңнан біреу ілеседі, ол түрін, келбетін өзгерте алады. Қайда барсаң да қыр соңыңнан қалмайды. Тек ұстатпауың керек. Қолына түссең аса қатыгездікпен өлтірілесің. Ал одан құтылу үшін басқа біреумен жатуың керек, сонда әлгі адам өлгенше сен азат бола тұрасың.

    Режиссердің аралас стилистикасы ұнады. Яғни, фильмде нақты қай уақыт екенін білмейсің, бәрі араласып кеткен. Саундтрек - диско, неон заманын еске түсіреді, машиналар 80-90 жылдарға тиесілі, киім нейтрал стилде, бірақ ұялы телефон бар.

    Ал, тылсым күш иесін қолға түсіру жоспарын құрған кезде күш біріктірген жасөспірімдер Стивен Кингтің "Оносы" мен "Очень странные дела" сериалын еске түсіріп жібереді. Бірақ, бір сәтке ғана. Көбінесе басты кейіпкер қыз жалғыз әрекет етеді. Өйткені әлгі ілесуші тек оған ғана көрінеді.

    Сөзді көбейтіп қайтем, жоғарыдағы абзацта аталған картиналар ұнаған болса, классикалық хоррорлардан шаршасаң, жаңа бір кинококтейлдің дәмін татқың келсе - бұны бір көруің қажет.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Фильм биылғы Канн кинофестивалінде үздік режиссер номинациясын жеңіп алды. Мен бірдеңе білсем, "Оскар" бәйгесіне бапталған картина. Бірақ қателесуім де мүмкін.

    Не дейін, нағыз драма. Адамның жасырын шайтани һәм пендеуи қылықтарын ашып, бұрылысы күтпеген жерден пайда бола кететін қуатты сюжеті бар. Актерлер сәтті таңдалған және олар өз міндеттерін өте жақсы алып шықты. Кімдер дейсің ғой? Мыналар: Колин Фаррелл, Эль Фаннинг, Кирстен Данст, Николь Кидман. Эль Фаннинг қылығымен бірден баурап алады, көрерменді тартып, елітіп тұратын бір қасиеті бар.

    Аталғандардың арасынан Кирстен Дансттың кейіпкері сәл ашылмай қалғандай болды. Ашылса да кейбір мотивтері түсініксіз қалып, соңына жеткізілмеген. Бұған енді актрисаның кінәсі жоқ деп ойлаймын. 

    Сюжеті былай: қалың орманның арасында, елді мекеннен жырақта қыздар пансионы бар. Америкада азаматтық соғыс басталғанда бұл мекемедегілердің көбісі тарап кетеді. Тек бес тәрбиеленуші мен екі ересек әйел қалады. Бірде қыздардың біреуі орманда саңырауқұлақ теріп жүріп, жаралы солдатты көреді. Бір жаманы - солдат солтүстік штаттан еді, ал пансион оңтүстік армияның территориясы. Бірақ басты мәселе ол емес. Кілең қыздардың арасында жалғыз еркек пайда болған соң әлгі пансионның өз соғысы, ішкі бәсекесі басталады. Осындай қаумалаған назар мен ашық қырындаудан кейін жігіт те қарап тұра алмасы анық.

    Кейіпкерлердің ешқайсысын ақтап ала алмайсың, жамандыққа да қимайсың. Ақыр соңына дейін әр кейіпкердің жанына терең үңілуге тырысып, оны жақыннан тани түскің келеді. Соңында көп сұрақтар туғызып, бәрін сенің сотыңа қалдырып кетеді.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 132

    Соңғы уақытта қараған киноларымның ішінде ұнағаны осы кино болды. Балақай мен қызы ұнады. Музыка жақсы таңдалған. Сюжетте қызықты.