• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 413)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Хоррор дегеннен гөрі драма деген дұрыс па деймін.

    Иә, фильм үрейлі. Бірақ біз үйреніп қалған классикалық "страшилка" емес. Басты кейіпкерлердің өміріне қатысты лирикалық шегіністер бар және бұл тәсіл өте сәтті қолданылған.

    Айтқанымдай, фильмде адамдардың бала кезіндегі үрейі, оны жеңе алуы немесе жеңе алмауы басты тақырып ретінде алынады.

    Кейіпкерлердің арасында ересектер аз. Бұл да балалар мәселелеріне екпінді көбірек қою үшін жасалған ба деймін.

    Әр кейіпкердің тарихына уақыт бөлінген, әр баланың неден қорқатыны және қандай проблемасы бар екені көрсетіледі. Осы жері ұнады. Фильмнің бел ортасына келгенде басты персонаждардың бәрін танып-біліп аласың. Бұл режиссермен бір толқында болып, фильмнің өрбуіне оңай ілесіп отыруға жақсы.

    Кинотуындының драма бөлігі осындай. Ал хоррор бөлігін осы айтылғандардың бәріне фон ретінде, тақырыптың ашылуына қозғаушы күш ретінде қарастыруға болады.

    Иә, қорқынышты жерлері көп. Үрейлі аттракцион көруге барғандар өз іздегенін таба алады деп ойлаймын. Клоун шынымен қорқынышты (актер Билл Скарсгардқа рахмет).

    Бір жақпаған тұсы бар: бала кейіпкерлер қорқынышты оқиғалар мен әлгі құбыжыққа тез үйренеді. Осы жері аздап шынайылықтан тым алыстап кеткендей болды. Құбыжық-клоунның шабуылына ұшыраған адам ертеңіне дым болмағандай ойнап-күліп жүрмес болар. Бұл жерде не сценарий деңгейінде, не монтаж кезінде қателіктер болды деп ойлаймын.

    Айтпақшы, юмор да бар және ондай тұстары да өзінше қызық. Күлкілі жерлері сюжеттің өз жолынан ауытқуына себеп бола алмайды. Балаға тән, жеңіл әзіл.

    Стивен Кингтің шығармасымен таныс емес адам басты антагонистке қатысты бір ғана сұрақ қоюы мүмкін (мысалы мен) - Неге клоун? Неге басқа персонаж емес?

    Жылдың басты үрейлі фильмі деуден аулақпын, өйткені драмасы басым болды деп есептеймін. Бірақ картина ерекше, тартымды және маңызды.

    7/10

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Асқар Ұзабаевтың киноларында не болатынын, не күтуге болатынын біліп тұратындай күйге жеткен сияқтымын. Комедияны жақсы түсіреді, бірақ бәрі бір-біріне ұқсас дүние боп кетті. Айтпақшы, Ақбота қанша артынан сөз лестіргенімен өз рөлін барынша жақсы алып шыққан, рөлді емін-еркін ойнап шыққан. Ауылдан келген қыздың эмоциясына сендім. Ал Дәуренге келсем, кішкене өсу керек сияқты. Ол уже бозбала мен күйеу жігіттің рөлін сомдауды қойғаны дұрыс шығар, ол күйеу жігіт болатын жастан давно өтіп кетті ғой.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Сценарий жұтаң, негізі қазақтардың отбасында одан ауыр, әрі күлкілі жағдайлар бар. Данагүлдің эмоциясынан басқа актерларда эмоция аз. Салтанаттың шынымен рөлін аша түссе болатын еді. Жігіттің көз қарасы ұнады.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Киноны жылайтын, "өмір неткен әділетсіз" деген тізімдер жиынтығына қосып қойыңыз. Жылайтын кино екен деп көрмей қалмаңыз, керісінше өмірде бәрі мүмкін екеніне көз жеткізу үшін көріңіз. Жалпы әйел мен еркектің махаббаты, аналық махаббат пен адамгершіліктің ең жоғарғы сатысын көрсете алған жақсы туынды.

    Елсіз аралда қалай бақытты болуға болады? Бұл кино осы сұрақтың жауабын береді. Иа, бақытты болуға болады. Ол үшін сен ауыр тағдырдан кейін тыныштыққа тап болып, ол жерге сүйіктіңмен барып бақытты отбасы болсаң елсіз аралда екі адам болып бақытты ғұмыр кешуге болатынын көрсетеді. Ессіз ғашық болған жан балалы болғысы келеді, алайда, өмір қатал...

    Екі баласынан айырылып қалған ананың қайықпен ағып келген жетім баланы өзінің баласындай аялап өсіргісі келетін аналық махаббатын тек көру керек шығар. Әйелін сүйген еркектің әйелінің бақыты үшін қылмысқа көз жұма қарағанын қалай кешіргеніңді білмей қаласың...

    Кино өте әдемі жерде, керемет табиғи дыбыстар ортасында жақсы түсірілген. Табиғаттың әсемдігін, екі жастың бақытын режиссер де актерларда жақсы бере алған. Киноға таңдалған актерлар құрамының мықтылығын, олардың рөлді алып шығу қатты ұнады.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Кино, нағыз қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Бізге күнделікті байқамайтын нәрсені жақсы көтерген.

    Отбасылық қасиеттен дым қалмаған кез. Еркек өз отбасынан безіп, отбасының алдындағы міндетін ұмытқан. Әйел, ана екенін, жар екенін ұмытқан. Инстаграм сияқты әлеуметтік желінің құлы, сән әлеміне табынушы. Ол да күйеуіне ерегесіп сырттан бақыт іздеген бейшара. Жалғыз ұл, ешкім оның жағдайын, ешкім оның жай күйін түсінбейді. Тасжүрек ана мен әкенің ортасында қалған іздеуі жоқ бала. Ол ешкімге салмақ салмай өзімен өзі кеткісі келеді...

    Шынымен, махаббат болмаса өмір сұрғылт нәрсе. Нәпсі, қу ақша мен заман ағымына түсіп махаббаттары мен бір-біріне деген сенім мен сыйластықтан айырылған дүбара қоғам.

    Адамға ой саларлық кино, қарап шығуға кеңес берем. Бір уақыт "біз қайда барамыз?" деген сұраққа толғана білу керек.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Фильм алғашқы минуттан соңғы титрға дейін махаббатсыздықтың қандай болатынын паш етіп, көрерменге дабыл сигналын қағумен болады. "Тасжүрек" деп қазақшалау фильмнің мәнін аша алмағандай болды. Фильм махаббаттың жоқтығы, махаббатсыздық туралы. Бұл тұрғыда тұпнұсқа атауы дәл қойылған.

    Синопсисінде жазылғандай, картина ажырасып жатқан жұп туралы. Әрқайсысының өз жеке өмірі бар, сондықтан ортақ ұл - екі жақтың да жаңа бақытына кедергі келтірмекші. Сол себепті баланы өсіру жауапкершілігін ері әйеліне, ал әйел еріне жүктегісі келеді. Шешімі жоқ даудың арасында ұл зардап шегеді. Ол екі жаққа да керек емесін сезеді. Сезеді де... із-түссіз жоғалып кетеді.

    Фильм атмосферасы жаумай үстіңнен төніп тұрғып алған қара бұлт секілді - ішкі әлеміңді түнертіп, жақсылыққа, жағымды оқиғаларға үміт артпай-ақ қоюды бірден ескерткендей болады көрерменге. Бұған музыкалық әрлеуді қосыңыз. Бүкіл денең жамандықтың боларын сезіп, арқаңды тітіркендіріп жібереді.

    Немқұрайлық, махаббатсыздық барлық жерде: бір-бірін жек көріп кеткен ерлі-зайыптылар, немқұрайлық танытқан тергеуші, долы ана/ене, басты кейіпкерлердің эгоистік кейіптегі жаңа ашыналары. Персонаждардың түрінен жылылық іздеп кетеді екенсің тіпті. Алайда персонаждарда бір ғана махаббат бар - смартфонға, өзіміз қолмен құрып жалған алған әлемге сүйсіну. Әрине бұл да фейк махаббат. Оны экран алдындағы кез келген адам анық түсінеді деп ойлаймын. Виртуал - әу бастан шын емес дегенді білдіреді емес пе?!

    Звягинцев актерлер іріктеуде, персонаждардың образын жасауда аса шебер. Әр деталь, әр қимыл образдардың ашыла түсуіне, көрерменмен жақын танысуына сеп болады. Финалда сен әр кейіпкердің мінезін өз жақыныңдай біліп шығасың.

    Әлбетте әлеуметтік драма ретінде картинаның барысы параллельдер мен аллегориялардан тұрады. Оған бөлек материал арнау керек шығар. Бүкіл көріністің түйіні ретінде Украинадағы қақтығыстың репортажын фон ретінде пайдалануы аздап күтпеген, бірақ өте әсерлі жайт болды. 

    Фильм техникалық тұрғыдан да өте жақсы жасалғанын айта кету керек. Операторлық жұмыс, түстің қолданылуы картинаға ерекшелік беріп, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлайды.

    Звягинцевтің мен екінші фильмін көріп отырмын және екінші рет жан дүниені қопарып, көпшілігіміздің жанды жерімізге дәл тигізгенін көріп отырмын. 

  • Ақбота Мұсабекқызы

    Барлық рецензиялар: 1

    • Ninety one
    • 2017
    • Рейтинг: 6,4
    • Дауыс саны: 5

    Күткенді, ойлағанды бере алмады. Ninety One фильмінен жігіттердің шынайы ойынын ғана көруге болады. Ерболат Беделханның кинодағы дебюті екенін ескерсек, бәріне көз жұма қарауға болар еді. Бірақ... бірақ, Асқар Ұзабаев фильмдегі қателіктерді, сюжеттер мен оқиға желілерін қалай байқамай қалды. Тіпті кешірімсіз.

    Фильмде топтағы жігіттердің барынша шынайы ойнағандары, өз-өздерін сомдауларын жақсы түсінгендерін көруге болады. Жалпы, кино ретінде барлық қиындықтарды, жамандықтарды жеңіп, түн артынан күн шығатынын білуге, мотивация алуға болады. Соған УРА деймін.

    Ал мен не күттім:

    - Топтағы жігіттер қалай танысып, табысты;

    - Ninety one жігіттерін Ерболат қалай тапты? Немесе жігіттер Ерболатты қалай тапты?

    - Топ қалай құрылды?

    - Топтағы барлық жігіттердің ата-аналарының реакциясы қалай болды?

    - Жақындарының, ұстаздарының, достарының көзқарасы қалай болды?

    - Күрестегі жолдың негізгі бағыттары.

    Осыларды көргім келген. Көре алмадым. Топтың Ерболатқа тапсырма өткізіп жүргенін бастап, бірден құрылып кетіп, иглздар, хейтерлер темасы бірден басталып кетті. Сәл бірдеңе жетіспей қалды осы тұста.

    Монтаж. Оһ, видео инженердің қолын кесу керек, жо-жоқ, шабу керек! Монтаж өте нашар. Тойский. 24 тамыздағы премьераға үлгеру үшін асығыс жасағаны көрініп тұр.

    Ал жігіттердің жалпы күресі ұнады. Қуандым.

    Ninety One жігіттерінің рөлдеріне - 5

    Продюсер Ерболат Беделханға - 2 (алғашқы қадамы екенін ескеріп)

    Режиссер Асқар Ұзабаевқа - 1 (оның бұл еңбегін нәщәр деп бағалар ем)

    Жалпы 8/10 деген баға қойдым.

    Сонда да бұл фильмге жұмсалған $100 мың ақталарына сенем. Сұранысқа ие фильм болатын шығар)))

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Не айтуға болады? Өз жанры мен канондарын сақтай отырып жасалған туынды. DC киноғаламының бір бөлшегі бола тұра, сюжет жағынан "Әділет лигасына", яғни "Лига справедливости" жобасына байланып қалғанына қарамастан, Диана ханшайымның өз әлемі кеңінен ашылған.

    Қазір DC киноғаламында Бэтменнің рөлі екінші планға ығысуы да осы Ғажап әйелдің кесірінен болып жатыр. Әділет Лигасында басты суперқаһарман осы Диана болады деп айтылуда. Хуле, соңғы уақытта халі мүшкіл Уорнер Бразерске 800 млн доллар табыс алып берді, соңғы жылдардың ішінде алғаш рет сыншылардың мақтауына ұшырады. Уорнер Бразердің осы жетістікті пайдаланып, Ғажап әйелдің бүкіл сөлін сорып, әбден дымы қалмағанша пайдалануға тырысатыны белгілі нәрсе.

    Дегенмен фильм кемшіліксіз де емес, үйлеспей қалған, фильмнің атмосферасына сәйкеспей кеткен тұстары бар. Галь Гадоттың да ойынына сын айтуға болады. Бірақ, франшизаның осыған дейінгі туындыларымен салыстырғанда көш ілгері. Сол үшін 7/10 беріп отырмын.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    "Валериан және мың ғаламшар шаһары" фильмін қазақ және орыс тілінде қарап шықтым. Басқы идея бойынша, екі тілдегі аударманы салыстыру болған. Сонымен "қандай айырмашылық бар?" деген сұрақ туындауы заңды. Менің жауабым қысқаша: "Ешқандай айырмашылық жоқ". Себебі, қазақ тіліндегі фильмге екі інімді алып бардым. Екеуіне барлық сөздер түсінікті, әрі күлетін жерінде бірге күліп, атыс-шабыс жерінде бірге атысып алды. Соған қарағанда аудармада фильмдегі эмоцияны жақсы бере алған.Аударма сөздерінде ешқандай кірме сөздер мен аудармада кететін анайы қатілектер байқалмады. Аударма мен дыбысталуы актерлардың ойыны мен эмоциясына сай. Маған Валерианды дыбыстаған дауыс ұнады, құлаққа жағымды.Сонымен, Люк Бессон "Бесінші элемент" фильмінен кейін қызыл-жасылды түске толы ғарыш тақырыбына ерекше фильмды ұсынды. Фильмның идеясы бойынша, болашақта ғаламшардағы барлық тірі ағзалар бір ортада тепе-теңдікте өмір сүреді. Адамдардың қателігі мен қатыгездігің арқасында Нави халқы жойылып кетеді. Агент Валериан мен Лорелин осы халықтың ерекше мұрасын сақтап қалуда өз көмектерін көрсетеді. Фильм, "Жұлдызды соғыстар" мен "Аватар" фильмінің көрермендеріне жақсы сыйлық болмақ.

    Алайда, фильм тым ұзақ, кейбір сәттерде жалығып кетесің. Дегенмен, Риананың өнер көрсететін жерін қайталап көре бергің келеді. Жалпы киноның ерекшелігі мен әдемілігі үшін 8/10, қазақша аудармаға 10/10. 

    #Валериан #ВалерианЖәнеМыңҒаламшарШаһары #ДэйнДеХаан #Риана

  • Том Хэнкс

    Барлық рецензиялар: 2

    "Маймылдар планетасының" үшіншісі екі сағат жиырма минутқа маймылдар әлеміне сүңгітіп, адам екендігіңе әбден ұялдыратын фильм екен. Драма да, ашу да, сұлулық та, маймылдар тобының актерлік ойыны да, адамзат тарихына сілтеулер де, моральдар күресін де сөзсіз құр мимикамен бейнелеу де жоғары деңгейде. Вуди Харельсонды жауыз етіп елестете алмағаным болмаса, шатыры иық тұрмақ белуардан қаңғып кеткен принципшіл антиподтың мотивтері адам көндірерліктей анық, алдыңғы бөліміндегі Кобаның харизмасына тати қоймағанымен, оның орнына екінші рөлдегі маймылдардың болмысын эпизодтарда ашып көрсетуі Кобаны жоқтатпады.

    Кем тұстары: кей жылаңқы тұстары сериалдарша созыңқырап жіберген, бірақ бұл соғыс жайлы фильм ғой, туыс-жақындардың өлуі мен соған қатысты қайғырулар - заңдылық. Фильм алдыңғы екеуіндегі моральды қатаң ұстанады - 

    1) Бұтақбастар барлық жерде бар.

    2) Бұтақбастардың бұтақбастығын әділетсіздік оятады. Онымен қоймай, бұған тағы екі уәж қосады: 

    3) Егер тап сондай зорлықты басыңнан кешірсең, ол бұтақбас - сен болуың мүмкін. ... және ақырғы түйіні: 

    4) Болмауың да мүмкін, егер сен маймылдардың алғашқы пайғамбары болсаң, қасыңда Моррис деген жан аяр кеңесшің болса, ал өз есімің Цезарь болса. 

    Осылайша, фильмнің эстетикасы да, айтар пәтуасы да қышыған жерден дәл келіп, трилогияны лайықты мақамда түйген сияқты. Бірақ, күтпеген жерден пайда болатын жаңа кейіпкерлер "жалғасы болса екен" деген үмітке де орын қалдырып тұр. 

    PS. "Кәкәй маймылға" сүйсінбеу мүмкін емес. 

    #warfortheplanetoftheapes #warfortheplanet

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Marvel мен Sony Pictures компанияларының Өрмекші-адам кейіпкерін бірлесіп пайдалану туралы шешімі екі жаққа да пайдасын тигізді деп ойлаймын. Біріншіден, фанаттардың арманы орындалды - Өрмекші адам Кек алушылар құрамында. Екіншіден, Sony Pictures-ті құлдыраудан құтқарды: Өрмекшінің толық құқығына ие болып тұрған кезінде бұл суперқаһарманды, жұмсартып айтқанда - "ұшпаққа ұшыра қоймағаны" анық. Мысалы, Питер Паркер туралы соңғы картина "Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат" көпшіліктің көңілінен шыға қоймады, сондықтан да жоспарланып қойылған "Жаңа Өрмекші-адам 3", "Жаңа Өрмекші-адам 4" жобалары жабылып қалды, ал Эндрю Гарфилд өз кейіпкерімен қош айтысты.

    Sony Pictures Өрмекші-адамның болашағына қатысты тығырыққа тірелген еді: ол туралы тағы фильм түсірсе - бұрынғылардан озып кетпейтіні анық, ал оны мүлдем пайдаланбай, "сандыққа салып қоюға" тағы болмайды - фанаттар кешірмейді, қайтсе де Өрмекші-адам Америка мәдениетінің бір бөлігі.

    Бұл ребутта Питер Паркер анағұрлым өмірге жақындатылған деуге болады. Оның видеоблог жүргізуі, видеосында артқы фонда өзге суперқаһармандардың көрініс табуы - оны мейілінше біз өмір сүріп жатқан шынайы әлеммен ықпалдастыра түскендей. Питердің өзі де әлі балалығынан айырыла қоймаған, 15 жасар мектеп оқушысы. Оның мектептегі өміріне көп көңіл бөлінген. Естеріңізде болса, осыған дейінгі нұсқаларда Питердің мектептегі өміріне аз уақыт берілген еді, авторлар одан тезірек суперқаһарман жасауға асықты. 

    Жаңғыртылған Өрмекшінің тағы бір ерекшелігі бар: алғашқы трилогияда, "Жаңа Өрмекші-адам" дилогиясында болмаған мүлдем жаңа кейіпкерлер. Бұнда Мэри Джейн де, Гвен Стейси де, Жасыл Гоблин де жоқ. Мэй жеңге ғана бар, бірақ анағұрлым жас, анағұрлым әдемі :)

    Басты зұлымды Майкл Китон ойнайды. Оның кейіпкері - Құзғын деп аталады. Кек алушылардың жолында қандай антогонистер кездескенін ескерсек, Құзғынды зұлым деп те атау қиын. Жаман іспен айналысса да, әлі адамилықтан ажырай қоймаған, тіпті жақсылыққа бет бұратынына үміт тудыра алатын кейіпкер.

    Майкл Китон - Құзғын. Ешқандай байланыс байқамадыңыз ба? Еске түсіріңіз: Майкл Китон - Бердмэн :)

    Фильмді жасаушылар Майкл Китонды осы рөлге шақырғанда оның "Бердмэн" ("Құс-адам") фильмінде ойнағанын шынымен ескерді ме, әлде жай ғана сәйкестік пе - оны айту қиын. Ал Бердман өз кезегінде Бэтменге жасалған ишара екенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі және кезінде Бэтменді Майкл Китон ойнап кеткенінен де хабардар шығарсыздар.

    Жалпы бұл картинада ишара мен сілтемелер жетерлік. Атауының өзі неге тұрады - "Үйге оралу" немесе "Қайта оралу". Сюжети мағынасы - "Капитан Америка: Азамат соғысы" фильмінде көрсетілген оқиғаларға қатысқаннан кейін Питер Паркер өз үйіне, қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралады. Атауы негізі осыны меңгезегендей болады. Алайда, 1990 жылдардан бері Өрмекші-адамды кинода пайдалану құқығы Sony Pictures студиясына тиесілі болғаны белгілі. 2015 жылы ғана Marvel компаниясына, өзінің бастапқы студиясына қайтып оралды. Сондықтан "Үйге оралу" атауы екі мағына беріп, осы жағдайды да нұсқап тұр.

    Бұдан бөлек, фильмде Дэдпулға, Тоби Магуайр ойнайтын Өрмекші-адамға жасалған сілтемелерді байқадым. Ал "Жұлдызды соғыстардың" (Star Wars) жарнамасына мүлдем таңғалуға болмайды, өйткені, "Стар Уарс" франшизасының қазіргі иесі The Walt Disney компаниясының құрамына Marvel Entertainment те кіреді. 

    Marvel өнімдерін әзілсіз елестету қиын. Бұл жолы да авторлар франшизаның жалпы атмосферасының бұзылмауына ерекше көңіл бөлген, орынды әзіл мен шиеленіскен сәттер сәтті үйлесім табады.

    Сонымен, жаңартылған "Өрмекші-адам" сәтті шықты дей аламыз ба? Толық сеніммен - "Иә"!

    P.S. Өкінішіме орай қазақша дубляжын көре алмадым.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 137

    Бүгіннен бастап кинотеатрларда "Көліктер" мультфильмінің үшінші бөлімі шығады. Өзімізге, кішкентай балаларға жақсы таныс Найзағай Маккуин арамызға қайта оралды. Болашақ Қоры бұл жолы да демеушілік жасап,  біздің сүйікті мультфильмімізді қазақ тіліне аударды. Орыс тілінде мың рет "недеп жатыр?" деген сұрақтардан құтылудың амалы баланы қазақ тіліндегі мультфильмге апару. Баланың өзіне түсінікті болғандықтан мультфильм оған өте қызықты болары анық. Кеше біз жабық көрсетілімнен шыққан кезде кішкентай балалардың "Зымыра, зымыра" деп әндетіп бара жатқанын байқадым.

    Трейлерден байқағанымыздай, Найзағай Маккуин жарыста бірінші рет жеңіліс тапты. Ол өзінің жеңіске деген сенімін жоғалтып, өзінің күшін қайта қалпына келтіру үшін жұмыс жасайды. Себебі, өмірдің заңы бойынша, қоғам мен адам жаңарады. Біздің орнымызға жастар келеді. Маккуинніңде ойында жаңа арман пайда болады.

    Сонымен, "Көліктер3 мультфильмінде қандай өзгерістер бар? "Көліктер" ең алғаш 2006 жылы шықты, байқанымыздай Маккуинді жақсы көргендер қазір үлкен болып кетті. 11 жыл аз уақыт емес екені мәлім. Әрі қазіргі көліктердіңде сырт бейнесі өзгеріп, электромобильдер заманы келе жатыр. Әрі қазіргі жарыстар бұрынғыдай емес, керемет стадиондарда өтеді, сондықтанда мультфильмнің ішінен сондай керемет стадиондарды, заманауи техниканы байқауға болады. Сол себепті, "көліктер" мульттоптамасын жасаушылар бізге жаңа кейіпкерді ұсынды. Ол жас, әрі заманауи, әдемі және ол қыз бейнесіндегі көлік. Оның есімі - Крус Рамирес. Енді гендерлік саясатты мультиктен іздемеген күннің өзінде, замандағы өзгеріс ескерусіз қалмаған. Әрі мультфильмнің соңында, Маккуиннің киімі, бренді өзгерді. Демек, көліктер әлемінде жаңа бренд пайда болды.

    "Көліктер 3" бізге үш нәрсені анық түсіндіреді: 1. Әр нәрсе өз уақытымын. Жас кезіңде сен үшін бар мүмкіндік алда, уақытыңды құр өткізбей уақытында қалағаныңды істеп қал. 2. Сенің орныңа әлі де мықты жастар келеді. Ол өмірдің заңы,ол үшін уайым жеудің қажеті жоқ. Қайта сол өмірге өзіңнің жаңа арманыңды жаса. Шындықты қабылдау керек және одан қорқудың қажеті жоқ. 3. Тыңбай еңбек ет! Барлық арманға қол жеткізу үшін еңбектен, ізден, өткеніңді ұмытпа. Үлкендердің ақылы ешқашан ешкімге артық етпейді. Осыны жадыңда ұста.

    P.S. Менің ойым үлкендердің пайымдауы болып кетсе керек, дегенмен, балалардың сүйікті мультфильмі өз орнында жақсы сақталған. Бұрынғыдай көңілді, позитивті әрі жақсылық жасауға итермелейді.

  • Данияр Тажимбет

    Барлық рецензиялар: 3

    • Мумия
    • 2017
    • Рейтинг: 6,5
    • Дауыс саны: 4

    «Мумия» фильмі жаңа құбыжықтар әлеміне жол ашты, дәлірек сәтсәз ашты.

     

    «Мумия» өзінің ажалсыз таза мумия екенін кезекті рет дәлелдемекші болып, біздің кинотеатрларымызға жаңа леппен, жаңа киноәлем нұсқасында шығып отыр. Күні кеше-ақ жабық көрсетілімге барып, кинодан алған әсерім екі түрлі боп қалды. Бір жағынан фильмнің қорқынышты атмосферасы жақсы әсер қалдырса, екінші жағынан фильм сценариінің әлсіздігі мен актер Том Круздың ойыны басқа рөлдерінен еш өзгеріссіз болғаны жағымыз әсер қалдырды.

    Алдыңғы «Мумиялардың» оқиғалары 20-ғасырдың бірінші жартысында өрбісе, ал жаңа фильмнің сюжеті біздің уақытымызда өтеді. Фильмнің басты кейіпкері ретінде әскери жалдамашы Ник Мортан болады. Оны еш қартаймайтын актер Том Круз ойнайды.

    Сюжет бойынша Ник көне египеттік табытты табуға және оны Лондонға жеткізуге көмектеседі. Ол бұл табытта жәй ғана шіріген мумия ғана емес, мыңдаған жылдан бері өзінің бостандығын күткен қарғыс атқан құбыжықтың бар екенін сезеді.

     

    Круз жаңа картинадағы жалғыз жұлдыз емес. Оған серік ретінде негізгі кейіпкерлердің бірін сомдайтын Рассел Кроу қосылған. Оның тап кімді ойнайтынын айтпай-ақ қояйын, бірақ ол готикалық әдебиеттің ең танымал кейіпкерін сомдайды. Фильмде ол мистикалық құбылыстарды зерттейтін және оларды залалсыздандыратын ұйымды басқарады.

    Бұл мумия бұрыңғы мумиялардан басқаша десек орынды. Алдыңғы 3 бөлім жарқын комедиялық шытырман оқиғаларымен есте қалатын болса, ал жаңа бөлім комедияға мүлдем ұқсамайды. Ол зұлмат мистикалық хоррор фильмге сай келеді. Антогонист мүлде басқа адам.

    Фильмдегі «мумия» деген атаудың өзі екінші орынға ығысып кеткен. Кино өндірушілер акцентті фильмнің өзіне емес, оның басқа іргелес фильмдермен байланыстыруға, соған жол ашуға қойған. Соның кесірінен жалпы сюжеттің өзектілігі жоғалған. Бұдан кейін бұл киноәлемнің тағдыры бір жағынан қызықтырса, бір жағынан қорқыныш ұялатады.

    Қорытындылай келгенде, менің ойыма тек бір ғана басты сұрақ туындайды: Енді әрі қарай жаңа киноәлем қай бағытта дамымақ?

     

    Жалпы қойған бағам: 6/10 бэтаранг