• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 404)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    • Логан
    • 2017
    • Рейтинг: 7,75
    • Дауыс саны: 4

    Жыланды қанша кессең де кесірткедей күші бар

    Фильмге 18+ ересек рейтинг беру кімнің идеясы екенін білмеймін, бірақ дұрыс қабылданған шешім екеніне фильм барысында көзің жетеді. "Дэдпул" да "R" рейтингімен шықты, бірақ ол мүлдем басқа жағдай және "Логандағы" жас шектеуі былапыт сөздер мен қызыл қырғын үшін емес.

    "Х-адамдар" кинотарихында алғаш рет нағыз ересек туынды жасалып отыр. Ересек дегенде дұрыс түсіну керек - бұл жерде айтылатын ойдың жасөспірімдер үшін тым салмақты болатыны, жалпы фильм атмосферасы кинокомикс ауылынан тым алыста екені меңзелсе керек.

    Атмосфера үшін бөлек респект. Егер "Логанды" көруге келсеңіз, "Х-адамдардың" бұған дейінгі серияларын ысырып тастаңыз. Әрине, сюжет бірізділігін сақтау үшін бұл киноәлемнің хронологиясынан, таймлайнынан алыстап кете алмайтынымыз анық. Алайда, "Логан" - бүкіл франшизаның биік шыңы, алынбас қамалы, жоғарыдағы жарық жұлдызы. Ысырып тастаңыз дегенім - мұнда балалар шаттықтан аспанға секіріп, ересектер бала болып кететіндей қияли экшн-қойылымдар жоқ. Тіпті Құну туралы осыған дейінгі екі бөлімнен де бөлек дүние. Құну/Логан қатысқан осыған дейінгі кинофильмдердің барлығы бұның қасында мультфильм секілді болып қалады екен. Соңғы кинокартина соншалықты шынайы, соншалықты өмірге жақындатылған.

    Фильмде Хью Джекман мен Патрик Стюарт - Құну/Джеймс Хоуллет пен Чарльз Ксавьер/Профессор Икс рөлдерінде соңғы рет ойнап отыр. Сол себептен шығар, екі актердің 2000 жылдан бері азық болған образдарымен жақсылап қоштасуға тырысқаны байқалды. Джекман орындауындағы сүйікті қаһарманымыз да іс-әрекеттері мен сөздерін ауыртпалық пен қайғыға толы, күрделі де ұзақ өмірін қорытуға алып келе береді. Көрерменімен кино тілі арқылы, өзгелерге бағыттап айтқан сөздері арқылы қоштасқандай болады.

    Жаңа мутант Х-23 болып ойнаған жас актриса Дафни Кинге түскен ауыртпалық Джекманнан да, Стюарттан да кем емес. Қаршадай қыздың шеберлігі таңғалтпай қоймайды. Бір ескерер жайт - Х-23/Лора Кинни диалогқа бара бермейтін, мүлдем дерлік сөйлемейтін тип. Ал, фильм бойы үндемей ойнау актрисадан қосымша қабілет пен талантты қажет ететіні анық қой. Сол себепті Дафни Кинді осындай салмақты жобаға табыла кеткен нағыз олжа деп есептеймін.

    Режиссер Джеймс Мэнголд бұл франшизада жаңа адам емес. Осыған дейін 2013 жылғы "Құну" фильмін түсірді. Алайда, сол кезде бірауыздан жоғары бағалауға тұрарлық дүние шыға қоймап еді. Оның себебі де енді белгілі секілді. "Құнуда" ол сценарий жұмысына араласқан жоқ. Кәдімгі жалданбалы маман деңгейінде жұмыс істеді. Ал, "Логанда" режиссер сюжет құрылымына тікелей атсалысты. Сондықтан да шығар, қойылымдық бөлігі мен сюжеттік құрылым біртұтас болып көрінеді. Бұны мен авторлық кино жанрына жатқызар едім.

    "Логан" Құну туралы трилогияның ақыры ғана емес, ескі мутанттар мен жаңа мутанттар буынын жалғайтын көпір де секілді. Фильмде көрініс табатын жеткіншектерде "Х-адамдар" сериясында бұрын болған қаһармандардағы қабілет-қасиеттерге балама бола алатындай ерекшеліктер бар. Егер, "ХХ ғасыр Фокс" франшизаны жалғастырар болса, болашақ жобалар дәл осы жаңа мутанттар төңірегінде болуы тиіс.

    Фильмнен кейін денең ауырлап, ішің өкініш пен аянышқа толып шығады. Өмірімде алғаш рет аталған кейіпкерлерді тағы да көргім келді. Бұнымен бітпесе екен деген қимас сезіммен шықтым. Бұның сыры көпшілікке үйреншікті болып кеткен кейіпкерлермен қоштасу картинасын өз деңгейінде, ешбір кемшіліксіз жасауында жатқан шығар. Өйткені жақсыдан ешқашан айырылғың келмейді.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 131

    • Логан
    • 2017
    • Рейтинг: 7,75
    • Дауыс саны: 4

    Адам Росамаха жайлы көріп отырып ішінде бір күй болады. Ол - өкініш. Мықты актердің енді Логан болып киноға түспейтіні, енді Росамаха образының Хью Джекманды көре алмайтынымыз. Әрі фильмдегі Росамаханың өмірінің соңының құлдырауы өмірдегі жағдайларға ұқсап кеткені.

    Адамның өмірдегі басты мақсаты ұрпақ қалдыру. Логанның қызы бар деген ой ғана адамды жұбатады...

  • Meihua

    Барлық рецензиялар: 5

    Жалпы, жақсы фильм. Көңіл қалдырмады. Әбунасыр мен Данагүл жақсы алып шықты, ал жастарға зығырданым қайнады. Дегенмен, Әселдің сәл де болса кәсіби өскені байқалады - бетіне шамалы эмоция жүре бастапты ))

    Күйеуін бауыздап өлтіргім келген сезімді ескермесе (актерлік жағынан да, сюжеттегі орны бойынша да), кино ұнады деп айта алам.

    Салтанат Қалиеваның ролін кеңейте түсу керек еді - эпизод мықты! Сол жерінде қатты күлдім ))

    Кино көріп қайтуға мүмкіндік берген осы сайтқа үлкееееен алғыс!!

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 116

    Комикс және кино, және солардың бірігуі нәтижесінде пайда болатын кинокомикс бағыты интертеймент саласынан ойып тұрып орын алады. Иә, кинокомикс көбінесе көңіл көтеруді, жеңіл-желпі көңіл-күй сыйлауды мақсат етеді. Алайда, бұл факт оған жеңіл-желпі қарауды әсте білдірмейді.

    Ағайынды Андреасяндар Ресей мен ТМД аумағында тұңғыш болып кинокомикс жасау идеясын іске асырмақ болған кезде дәл осы тұсына баса көңіл бөлмеген секілді. Жарайды, киносын әупірімдеп жасады, бірақ комикс қайда?

    Посткеңестік елдерде комикс дәстүрі қалыптаспағаны белгілі. Сондықтан, кинокомикс шығару, ол аз десеңіз оны комикссыз шығару үлкен тәуекел еді. Тіпті комиксы болған күннің өзінде бұл құбылыстардың барлығы бізге жат, тек Америкаға ғана тән дәстүр болып көрінетіні рас. Сондықтан, көрермен отандық суперқаһармандарға әлі дайын емес еді, әсіресе Marvel мен DC-дің озық үлгілерін басты бағдар етіп алу көрермендер тарапынан әрі күлкі, әрі ашу шақырды.

    Десек те, бұл тақырыпта фильм жасауға ешкім тыйым салған жоқ, режиссер не түсірем десе де өз еркі. Бәрібір, ерте ме, кеш пе, түбінде біреу бұл тақырыпқа қол салар еді. Шетелдегідей миллиардтаған пайданы, долларынан болмаса да, рублінен қалтаға басуды кім қаламайды дейсің. Нарықтың қалыпты тіршілігі ғой.

    Бұл салаға шындап кіріскен екенсің, кішкене дайындықпен келу керек еді ме деймін. Асығыстық танытпай, алдымен графикалық новеллалары мен шағын видео/анимациялық жобалар шығарса. Мейлі әуесқой деңгейде болсын, мейлі Youtube форматында болсын. Көрермендердің қызығушылығын туғызу үшін жобаға фанаттар арасынан мамандар тартылса: біреуі комикске сюжет жасасын, біреуі суретін салсын, біреуі анимациясын жасасын. Бұл жәйменен фанбазаның қалыптасуына әсер етеді, халықтың бойын біз үшін әлі таңсықтау салаға үйретеді. Аталған қадамдар жасалса, алғышарттар қалыптасса - фильм жасау қажеттілігі және оған сұраныс өз-өзінен-ақ туар еді-ау. Жарайды, менікі жай ақылгөйсу шығар. Енді фильмнің өзіне оралайық.

    Бірден байқалатын нәрсе - әлқиссаның жетіспеушілігі. Иә, қаһармандарға жекелеп тоқталады, бірақ фильмнің өзінде тұтастық жоқ. Мүмкін, сюжетін қазіргі заманнан емес, сол қаһармандар пайда болған кезеңнен бастау керек еді. Ал қазіргі фильмнің сюжетін екінші бөлім ретінде қарастыруға болады. Сонда, кейіпкерлердің әрекеттерінде белгілі бір логика болар еді, көрермендерде белгілі бір ақпараттар қоры қалыптасар еді.

    Жалпы, кино авторлары өзіне ғана тән тарих жасаудан қашқан тәрізді. Америкалық кинокомикстардың арқасында жылдар бойы қалыптасқан канондар мен клишелерді аямай қолданыпты және солардың шеңберінен шыға алмапты. Сондықтан да шығар, "Қорғаушыларды" көріп отырып, "Кек алушылармен", "Х-адамдармен" еріксіз салыстырып, солармен параллель келтіріп отырасың.

    Суперқаһармандар туралы жобалар - оқиғасы қызықты, қазіргі заманның киноертегісі. Ертегі болғандықтан да, логикаға сыймайтын және шындықпен еш жанаспайтын фантастикасымен үнсіз келісесің, анреал жерлерін ертегі болғандықтан ғана кешіресің. Бірақ әр нәрсенің шегі болады. Мысалы, "Бэтмен Суперменге қарсы" блокбастерінде екеуінің қырылысының нәтижесінде үлкен қаланың күл талқаны шықты, жалпы, қирандылар ауқымы шектен шығып кетті. "Бұларың артық енді, тым асырып жіберіпсіңдер" деген ой келеді. Бұл жолы да сол - ақылға сыймайтын нәрселер көп. Спойлер болмасын деп деталімен бөліспеймін. Бірақ, бір фактімен бөлісу керек шығар - басты зұлым жалғыз. Иә, клондар армиясы бар, бірақ көмекші де, әріптес те, жақтас та жоқ. Қанша күшті болсаң да бір өзің әлемді жаулап аласың ба? Жалпы, елуінші жылдардан бері осы жоспарыңды жалғыз өзің жоспарлап келіп, осы күнге дейін қалай қолға түспей, не әшкере болмай қаласың? Түсініксіз.

    Сосын суперқаһармандар іш пыстырып жіберді. Мысалы, "Кек алушыларда" әр кейіпкерді өз досыңдай танисың: қандай хоббиі бар, қандай әзілдер қолданады, ұнамайтын нәрселері, т.б.. Яғни, фильм барысында елеусіз ғана көріністермен детальдар қосып отырады, сен де бейсаналы түрде олар туралы досье жинақтай бересің. Ал "Қорғаушыларда" ол жоқ. Кейіпкерлердің мінез-құлқы жоқ, ішкі дүниесі ашылмаған, харизмадан жұрдай. Әлқиссаның жетіспеуі осы жерде тағы байқалады. 

    Тағы бір айта кететін нәрсе - компьютерлік графика. Ол бар. Бірақ біркелкі емес, кейбір тұсы - жаман емес, тіпті Голливудқа теңесіп қалар, бірақ көп жері - тым жасанды, тым шала. 2000 жылдардың басындағы компьютерлік ойындардың графикасын еске түсіреді. 

    Оған диалогтардың үйлесімсіздігін, кадрдағы біраз іс-әрекеттердің бекершілігін, фондағы музыканың орынды-орынсыз қолданылуы мен дыбыс ырғағының біресе қатты, біресе жай естілуін қосыңыз. Мақтауға тұрарлық жағы - саундтрек ретінде қолданылған ән (Елена Темникова ft. ST – Сумасшедший русский) шығар. 

    Бұндай жобалар қомақты қаржыны қажет ететіні анық. Бұл фильмнің бюджеті 380 млн рубль, долларға аударсақ, шамамен 6,5 млн болады. Әрине, бұндай қаржымен "Кек алушылардай" сапа шығару мүмкін емес. Сондықтан да, көп жеріне түсіністікпен қарау керек шығар. 

    "Қорғаушылардың" жалғасына ишара білдірілді, ал фильмді жасаушылар келесі жолы көрермендер айтқан/айтатын сын-пікірлерді ескереді деген аванс сеніммен - 

    5/10

  • Жанкелди Омиралиев

    Барлық рецензиялар: 1

    Мұқағали Мақатаев ағамыздың келесі өлең жолдары осы фильмнің барлық мән-мазмұнын ашып береді:

    Кім боласың, Қандай өмір сүресің, Ол — өзіңнің үлесің.

    Ақылымды тында, мейлің тыңдама, Тілегім бар бір ғана: Шығып ал да арманыңның шыңына, Сосын, мейлі, ұшып өл де, сырғана.

    Болса ақылың біл мынаны: жалғанда Жолай көрме арманы жоқ жандарға?! Арманда, ұлым, арманда! Арманда, ұлым, ақтық демің калғанда!

    Бүкіл өмір, бүкіл дүние, бар жалған, Жадында, ұста, жаратылған арманнан Өмірінің аяғы жоқ, басы жоқ, Өлген артық армансыз боп калғаннан.

    Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме, Арманда, ұлым, кия деме, өр деме, Шығып ал да арманыңнын шыңына, Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле.

    Тамаша кино! 10/10

  • Əсет Даулет

    Барлық рецензиялар: 1

    Күшті керемет шыққан комедиялық фильм! Ұнады маған!

  • Раймбек Егембердиев

    Барлық рецензиялар: 3

    Жетінші эпизодтан соң фанаттардың жүрегінде қалған жырықты жамайтын кино. Ақшаны қуған мыжыма кино ма деген қорқынышпен барып едім, ерекше әсер алып қайттым. Түсірілу деңгейі, актерлар, барлығы жоғары деңгейде. Эффектілер, ғарыштағы соғыстар да барлығы шебер, оларсыз қалай болсын, өйткені бұл "Жұлдызды соғыстар" ғой. Гарет Эдвардсты бұрын танымайтын едім, енді оны Жұлдызды соғыстар фильмін өз ізіне қайтарған адам ретінде танитын боламын.

    Кино сюжеті өте шебер құрылған, басқа эпизодтарда түсініксіз қалған жайларды ашып береді. Үшінші және төртінші эпизод арасындағы оқиғаларды көрсетіп, сол кездегі көтерілісшілердің жанкешті әрекеттері мен саяси жағдайларды, өлім жұлдызының құрылу тарихын көрсетеді. Осыған дейін барлық эпизодтарда көтерілісшілер пәк, тек жақсылық үшін күресетіндер болып көрінсе, бұл эпизодта олардың да жай саяси құрылым екендігін, оның да кемшілігі бар екендігін ашқан.

    Фильмнің кульминациялық ең мықты сәті, ол Дарт Вейдердің пайда болуы. Осы рецензияны тек осы сәт үшін жазып отырмын десем де болады. Ешбір эпизодта "күш" дәл осы сәттегідей тамаша көрсетіле алмаған. Сенімдімін, киноның осы сәтінде әрбір фанаттың кірпік қағуға шамасы келмей қалған болар. Киноның соңына дейін көтерілісшілер ерекше адам қызығатын жандар болып көрінеді, олар батырлар, күрескерлер. Бірақ, олар шынайы "күш" алдында, құмырсқа, түкке тұрғысыз. Спойлер жасағым келмей отыр, мұны тек көру керек.

    Қазақша дубляжға келетін болсақ, әлі де сапаны көтеру керек секілді. Дауыстар адам характеріне қарай таңдалуы және басты кейіпкерлер дауыстарының бір-бірінен айқын айырмашылығы болуы керек. Ондайды байқамадым. Әйтсе де бұрынғыға қарағанда жақсылау.

  • Джек Шепард

    Барлық рецензиялар: 3

    Бауырым-оу!!!

    Күйбең тірлікте өзің сияқтылармен қарым-қатынаста қайталана беретін эпизодтар, сезімдердің палитрасы, фидбәктің қарапайым формалары ұшы-қиыры жоқ аспан әлеміндегі кеңістікте айрықша қажеттілік. Екіұдай күй кешіп, жындану алдындағы фазада эгоизмің дегенін істетсе – жан тәттілігіне тағы бір мысал, демек. Эгоңды қанағаттандырғаныңмен, таяқтың екінші бір ұшы бейкүнә біреуге тиіп, парам-парша қылуы мүмкін. Насыбайға бола өкпелей салатын көңілді жыққың келмейтіні, табиғаттан бойға дарыған құлшыныс, алай-дүлей сезім шыр айналдырып, түрлі құзға итермелегенде бойыңдағы адами қасиеттердің сафынан айрылып қалмасаң – тарыққанда жол сілтер компасың ол.

    Адамға тән атрибуттардың ішіндегі көңілжықпастық, адалдық, жасампаздық сияқты компоненттер вакуумда, тіршіліктің қайнар көзінен алшақтау кеңістікте адами кейіптің деградацияға ұшырай қоймауға көмекші. Қиналғанға медеусің, зарыққанға мұңдассың, тарыққанға жол сілтеушісің. Адамға деген махаббат отың өшпесін тек.

    Ойлап қарашы: Барсакелмес вояжына премиум артықшылығы бар билетің бар, не ішем, жейм демейсің, киімің, көңіл көтеруге қажетті инфрақұрылымың толықтай сайлаулы... Ал бірақ кәп-кәдімгі жылы сөзге... тіпті, қыршаңқы, қатаң сөзге зәрусің. Басқа салмасын... Ал салса... жынданып кетпеу үшін тоқетер амалға ұрынбаққа оқталасың. Ол құйтырқы да жымысқы айлаңа бұрағыш пен кемпірауыз барына шүкір де... шүкір де...

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 131

    "Болашақ" фондының шақыруымен, қазақ тіліне аударылған 17- әлемдік киноның жабық көрсетіліміне бардым. Алматы қаласының әкімі Б.Байбек айтпақшы, "Біздің Тәуелсіздігімізді тойлау күніне тұспа-тұс келген, біздің тәуелсіздік жолындағы күресімізге сай фильм" расымен ұлы күреске арналған "Күрескер-бір: Жұлдызды соғыстар хикаясы" фильмін тамашаладым.

    Шыны керек, қазір қазақ тіліне аударылған киноларға еш қиналыссыз бара берем. Себебі, аударма жақсы, сапалы, ең бастысы фильмның эмоциясын бере алады. Бұрынғыдай емес, қазір қазақша дубляждың кемшіліктерін байқамайсың. Қазіргі басты мақсат енді қазақ тіліне аударылған фильмдердің көрсетілімінің санын арттыруды өзіміз талап етіп, туыстарымыз бен таныстарымызды қазақ тілді киноны көруге шақыру. Киноны қазақша көруге үйрету.

    Жұлдызды соғыстар киносагасының сегізінші фильмі көңілімнен шықты. Фильмде экшн, махаббат, мейірімділік, үміт бар.  Джейн Эрсоның әкесін кішкентай кезінде империя алып кетеді. Себебі, ұлы ғалым ұлы қару жасауға міндетті болады. 15 жыл жалғыз өмір сүрген Джейн көтерілісшілер қатарына әкесінің ісін жалғау үшін қосылады. Себебі, әкесі жасаған ұлы қаруды құрту үшін қызына өсиет қалдырып кетеді. Көтерілісшілердің қорқынышы мен үміті қасиетті қалалары Джеда қаласының қирауынан күйзеліске ұшырайды. Алайда, әкесінің адал атын ақтап қалу үшін Джейн біраз адамды өзіне көмектесуге көндіре алады...

    Киноның айтар басты тақырыбы, әр көтерілістің тек үміттен құралатынын жеткізу. Тәуелсіздіктің ешқашан оңай жолмен келмейтінін тағы бір жеткізгісі келгендей. Көрейік, тамашалайық!

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 131

    Кино, жаңа жыл алдындағы қарбалас пен жұмыстағы көңіл-күйді жақсы бере алған. Білмеймін, кинода кез-келген өз бастығынан күтетін қарым-қатынасты көресете алатын сияқты. Әрине, ол әр кімнің ойы ғой, бірақ, өмірде ондай қарым-қатынас болмайтынын анық...

    Үлкен келісімшартқа қол жеткізу үшін компания басшылары қызметкерлерге "крутой" корпаротив жасамақшы болады. Бірақ, олар тек басталуын ғана жоспарлағанымен, іс олардың қадағалуынан шығып кетеді...

    Кино, желтоқсанға сай көңіл-күй сыйлайды. Сіздің де миыңызда праздникті осылай өткізсе ғой деген ой тудырады. Киноға тек күлу, көңіл көтеру және мейрам алдында зарядталу үшін барған дұрыс дер едім. Джейсон Бейтман мен Дженнифер Энистонның бірге түскен бесінші фильмі екен.

    Елестетіңізші, офистың ішін төңкеріп тастасаң, #НұрлыТау офистарынан аяғы шығып жатқан столдар мен креслолар елестеп кетті :) Дәл осы фильмдегідей бастық болуды армандамаңыз, ондайлар өте аз. Кино, өмірдің мағынасын түсіндірмесе де сізге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайтыны анық. Көңілдеріңіз көтеріңкі болсын деген ой ғой менікі, көріңіздер!

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 131

    Брэд Питт пен Марион Котийяр екеуінің  дуэті барлық киномандарды қызықтырғаны мәлім. Мені де қызықтырды, бір жағы мықты актерлік құрам болса, бір жағы кино шықпай жатып тараған біраз өсектер болды.

    Сонымен, киноға келсек. Қазақтарда "астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе" деп, осы мақал осындай қиын қыстау күндердің салдарынан туған сияқты.

    Талантты офицер тапсырма кезінде тағы бір агентпен танысады, екеуі де ғашық болып араларындағы махаббат сезімнен отбасын құрады. Былай қарасаң бәрі ертегідей. Екеуі де бақытты, балалар өмірге келіп күндері жалғаса береді. Бәрі осылай бола берер ме еді... Дәл осы сәтте бәрі өзгереді. Сеніп жүрген әйелінің шпион екенін білген кезде өз махаббаты мен отан алдындағы парызы арасындағы таңдау Макс Ватан үшін қиын болғанын бірден көруге болады. Брэдтің таланттылығы осы сәттен байқауға болады, оның түрінен адамның қиналған сәтінің ауырлығын көресің. Марионның байсалдығы, әдемілігі, әйел ретінде қылымсуы әдемі көрсетілген.

    Маған қатты әсер еткен тұсы, Макс Ватан әйелін кафеге ертіп келіп пианинода ойна дейді. Марианна ойнай алмаймын демей, жәй ғана мен де бұл оқиғаны естігем, "ол өте әдемі, әрі батыл" болған дейді...

    Екі ғашық сұм заманда тек өмір сүргілері келді. Марианна өзінің шындығының ашылатынын білді, бірақ, айта алмады. Себебі заман сондай болды, себебі отан алдындағы борыш екі жартыңа деген сезімнен мықты болды.

    Жалпы мен соғыс тақырыбындағы фильмдерді қарамауға тырысам, себебі, бір түрлі жүрегім ауырады. Мына кино жүрегіңді дір еткізеді. Көптен мұндай сезімге толы кино көрмегелі көп болыпты, әрине, дуэт керемет шыққан.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 131

    Кейт Бекинсейл қатты ұнайды. Вампирлер туралы ұнаған алғашқы фильм. Осы кинодан бастап вампирлер әлемі қызықтыра бастады. Мен үшін кинолар әлемінде жаңа тақырып болды. Кино шыққан сәтте өте қызықты болды. Қызықтыра алды. Әлі де қызыға көре алам.

  • Раймбек Егембердиев

    Барлық рецензиялар: 3

    Абылай Әділхановпен киноны бірге көрген адам ретінде 5 тиынымды қосып кетейін.

    Гарри Поттер әлемімен жақсы таныспын деп айта алмаймын, бірақ кинолардың барлық серияларын көріп шыққанмын. Әр серияда бір оқиға болады, яғни, әр серия жеке кино бірақ жалпылама оқиға желісі біреу. Ол үлкен артықшылық. Ал мына фильмде ешқандай да ондай асқан ойластырылғандық болмайтыны көрініп тұр. Үш серия ма бес серия ма болады дейді, бірақ келесі сериялардан не күту де белгісіз. Егер келесілерінде дәл осы сериядағыдай тек әдемі эффектілер мен таяқты ары-бері сермеу болса барудың түк те қажеті жоқ. Қалғандары да дәл осы секілді "одноразовый" болып шығады.

    Ескерту! Келесі абзацтарда спойлерлер бар.

    Кино тек ойдан шығарылған жануарларды көрсетумен болады, иә, қылықтары қызық, оқиғалары да қызық, одан ары аса алмайды. Барлық ставканы сол жануарларға қойған. Бұл бірінші желі, екіншісі Грин Де-Вальд туралы. Былай сырттай қарайсың жануарлар мен оның қатысы не? Ал қатысы мынада екен: атақты жауыз сиқыршы қара түнек сиқыр күшін іздеп жүреді екен де, ол да қайдан алынғаны белгісіз тылсым жануарлар қатарына жатады екен де, сөйтіп Ньют чемоданында сондай тылсым күштің біреуі жатады екен де (яғни, Ньют ондай күшпен таныс), сол жерде Грин Де-Вальд желісімен байланыс пайда болады екен. Қандай шебер байланыстырып жіберу? Өз басым олай байланыстыру тек келесі серияларда да оқиғаларды саусақтан сору үшін жасалған деп ойлап отырмын.

    Оқиға желісіндегі тағы миым касета шайнап қалған жер ол Ньют пен қасындағы қыз оп-оңай өлім жазасына жазылады да, соңында Грин Де-Вальд (атақты жауыз, өте қауіпті сиқыршы, көп қираулар мен қасіреттердің кінәлісі) ұсталғанда "біз сені өлтірмейміз, жәй ғана қамап қоямыз, келесі серияларда қажет боласың ғой" деп "алып кетіңдер" деп президент пафоспен сөз сөйлейді. Ал Грин Де-Вальдтың шын бейнесін кім ойнайды?! Кім-кімсің Джонни Депп! Киноның ең соңында бірнеше минут қана көрсетіледі, не үшін екені бірден түсінікті, әрине келесі серияларды қарауға шақыру, интрига жасау. Сонда кино келесі сериялардың болуын және оған шақыруды оқиға желісімен емес актер арқылы көрсетті. Кино түсірушілер қызықтырып емес жалынып шақырып тұрғандай болып тұр. Бұл енді детальдарына тиісіп кету шығар, бірақ репутациясы мықты әлем үшін, сценарист пен режисерлар үшін үлкен кемшілік жасалды деп есептеймін.

    Мүмкін әлемді жақсы білмегендіктен көп нюанстарды түсінбей отырған шығармын, бірақ егер солай болса онда киноның триллеріне "Ескерту: тек Гарри Поттер әлемінің фанаттары үшін" деп жазылып қойса да жарасар еді.

    Ал бағамды (6 бал) тек сапалы эффектілер мен актерлардың жақсы ойындары үшін қойдым. Оқиға желісіне 3 бал қойсаң да жарасатын сияқты.