• Біздің парақшалар:
  • Димаш Зиядин «Элизиум» фильміне жазған рецензиясы

    • — 12 тамыз 2013
    • Баға: 8/10

    "Аватардың" құрдасы 

    6813f50f6a126c8ad0d081b9445159bb

    Бар болғаны 30 млн бюджеті бар "9-шы аудан" атты фантастикалық фильм түсіріп, Оскарбастаған біраз бәйгеден үміткер атанған Ник Бломкамп қолына 100 млн ақша түскен соң оңдырсын ба - әп-әжептеуір жобаны мәрсені жеткізіпті. 

    Нені оңдырды деп ары қарай оқымаққа ниет білдірсеңіз, әуелі синопсисінен келтіре кетейін. Бір жарым ғасырға жетпейтін уақыт өткен соң, яғни 2154 жылы Жер бетінде әлеуметтік бөліну заңдылыққа айналады. Байлар қамын күйттеп қиырға - планетадан сырт жатқан Элизиум атты жұмаққа бергісіз алып ғарыш кемесінде өмір сүреді, ал кедейлер таңертең тұрып, Құдайдың кешіне аман жету үшін адам төзгісіз жұмыс істеп, қылмыстың соңына түседі. Базбір пессимистердің пайымдауынша, бұл тұрғыда "Элизиум" болашақты болжауда қателесе қойған жоқ екен. 

    Құлағалы тұрған лашықтар мен қит етсе қаруын ала жүгіретін қатаң жігіттер ауданында тұратын Макс қырсықтың құрығына ілігіп, амалсыз қиын да қатерлі қадамға баруға мәжбүр болады. Бәрін айт та, бірін айт, жалғыз жанның жасаған тірлігі эмигранттарға қарсы заң мен Элизиумдағы Үкіметтің қарсы іс-әрекетке көшуіне себепші болады. 

    Бір жарым сағатқа жетер-жетпес уақытқа созылатын фильмді көріп отырып, еріксіз ерекшеліктерін тізбеледім. Соларыммен бөліспесем болмас:

    * Әдетте, ғылыми-фантастикалық келешек туралы жобалар я у-зу техникадан, у-шу атыстан, сарт-сұрт төбелестен, я көрерменнің ішін пыстырып, терең ұйқыға жіберетін техникалық терминдерден, я клишелер мен шаблондардан тұрады. Осы жағынан алғанда "Элизиум" көрермен ретінде мені қанағаттандыра алды: фильмде жанрлар шегімен, керекті көлемде берілген. Экшн элементтері де, драмалық көріністері де, ой салар тұстары да орын-орынымен ұсынылған.

    * Тағы бір ұнағаны фильмде басымдық берілген бас кейіпкердің жоқтығы. Әрине, әлемді құтқаруға бел шешіп кірісіп кеткен Мэтт Дэймон постерлерден түспесе де, "Элизиумде" жеке батыр кейпі, суперқаһарман бейнесі көрсетілмейді. Сөзі аз, ісі көп Макстың (Мэтт Дэймон) өзге кейіпкерлерді байланыстырушы, басын құраушы тұлға ретінде берілуі сценарий авторы һәм режиссер Ник Бломкампке деген құрметті еселейді.

    * Фильмнің мессиджі жеңіл қабылданады. Қоршаған ортаны әкесін өлтіргендей өшпенділікпен құртып жатқан адамзаттың ертеңгі күні не болатыны және сын сағатында құрбандыққа бара алатын пенденің қандай екендігі жақсы суреттелген. Ең бастысы, жалт-жұлт белгісіз әлем мен жарқ-жұрқ түсініксіз батлдардан емес, бай мен кедей арасындағы нақты, өмірде бар, күрделі мәселені дұрыс "қорапқа" салып жеткізеді.

    * Шынайы кадрлардың көптігі. Компьютерлік графикада басы қалғандай сала бермей, Мехиконың қазір барсаңыз алдыңыздан шығатын лас, кедей ауданында фильмді түсіру жоғарыда айтылған әсерлерді әспеттеп, бояуын қанық қылып, айқындай түседі. 

    Кемпір-шалға бәскелес болған ("Рэд 2-ні" айтамын) "Элизиум" аптаның яки айдың емес жылдың must-see фильмі дер едім. Тіпті, бірнеше қайталап көріп, алтын қорыңызға қосып қойсаңыз да болады. Әрине, егер мен айтқан пікірлермен келіссеңіз:)

    P.S. Тақырып неге "Аватардың құрдасы"? Себебі дәл осы жылы Камеронның "Аватарындағы" оқиғалар орын алады.

Пікірлер