• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Көңілді аяқтар 2» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2012
    • Баға: 6/10

    Көңілсіз аяқтар

    Желтоқсанның басты мульт туындыларының бірі — "Көңілді аяқтар 2" болғаны даусыз. Бірінші бөлімі өзгеден ерекше болып туған Мамбл есімді пингвинімен көрермендердің есінде қалып еді. Мамблмен бірге күлдіріп, бірге қайғыртып қойған авторлар екіншісін дәл сол деңгейде ұстай алмаған секілді. 

    Бұған IMAX 3D супер форматы да әсер ете алмағандай болды. Жо-жоқ, қып-қызыл сынға алудан аулақпыз. Графикалық көркемдігіне шек келтіру қиын. Бояуы қанық мультфильмдердің үздік санатына толықтай кіре алады. Бейненің әрбір ұсақ-түйек элементтеріне дейін қамтылғаны ерекше таңдай қаққызады.

    Бұл жерде сюжеті әдемі графикасына сай келмегендей көрінді. Әрине, сценаришілердің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бірдеңе жетіспей тұрғандай әсерде болдым. Бірнеше сюжеттік желіні қатар өрбіту артық болды ма деп те ойға қалдым. Бұл мазмұнды түсінуде кедергі, оқиғалардың логикалық тізбегінің үзілуіне сеп болған секілді. Қалай дегенмен де, мультфильм — бірнеше сюжеттік желісімен баурап аларлықтай сериал емес қой, жай ғана толықметраж.

    Мультфильмнің бірінші бөліміндегі биші Мамбл естеріңізде шығар? Бұл жолғы оқиға оның баласы туралы баяндалады. Мамблдың ұлы да өзі секілді ешкімге ұқсамай туады. Бірақ картинадағы мәселелер бірінші бөліміне қарағанда күрделірек секілді: ұлы Эрик билеуге де, ән айтуға да құштарлығы жоқ, бар арманы — құстай ұшу. Әкесі пингвиндердің ұшпайтынын және олар үшін ұшу туралы сөздің өзі оғаш сөз екенін жеткізгісі келеді. Бірақ, балаға бұл сөздер еш әсер етпейді. 

    Мультфильмде осындай отбасы мәселелерімен қатар тағы бір қауіп туралы көрсетіледі. Пингвиндердің тұрағы ығып келген айсбергтің кесірінен қамалып қалады. Мыңдаған пингвин мұз құрсауда қалып, қырылудың қаупі төнеді. Олардың ішінде Мамблдың жары, Эриктің анасы да бар.

    Тағы бір сюжеттік желі судың астында өрбиді. Кіп-кішкентай шаян тәріздес планктон өзі тектестердің арасындағы өмірінен жалығып, шексіз мұхитты кезуге шығады. Өзін жыртқыш су жәндіктерімен қатар қойғысы келген ол түрлі оқиғаларға тап болады. Соның ішінде, басты оқиғаларға да жанама түрде қатысып отырады.

    Жасыратыны жоқ, пингвиндердің қазіргі жаһандық жылыну кезеңіндегі мүшһүл халдері барынша шынайы берілген. Жалғыз пингвиндер ғана емес, мұз құрлықта өмір сүретін басқа да тіршілік иелерінің ахуалдарынан хабар алып қалдық осы фильм арқылы. Егер мультфильмнің басты мақсаты осы қиын жағдайды көрсету болса — онда мульт туынды мақсатына толық жете алды. Ал, сценаристер мен режиссер, продюсерлер бастаған түсіру тобы — халықты күлдіртуге, көпшіліктің есінде көпке дейін қалатын көңіл көтерерлік туынды шығаруды міндет қылған болса, онда олар сәтсіздікке ұшырады. Түсірушілер екі қайықтың басын ұстамақ болыпты: арктикадағы ауыр тіршіліктің фонында көңілді картина жасағысы келген немесе пингвиндердің ауыр өмірін көңілді сюжетпен жеткізбек болған. Қалай дегенмен де, шедевр шықпай қалды.

Пікірлер