• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Ақырзаман» фильміне жазған рецензиясы

    • — 19 қыркүйек 2013
    • Баға: 5/10

    Бірнеше хит фильмдерге қатысып үлгерген және болашағынан көп үміт күттіретін Голливудтың актерлері туралы комедия. Дәлірек айтқанда, көпшілігіміз танитын Сет Роген, Джеймс Франко, Джона Хилл, Джей Барушель, Крэйг Робинсон, Дэнни МакБрайд секілді актерлер өз-өздерін сомдайды.

    Түсінікті болу үшін фантазияға ерік беріп көрейік. Жаңағы аталған жұлдыздар, тағы да басқа танымал тұлғалар Джеймс Франконың үйінде сауық-сайран құрып жатады. Күтпеген жерден ақырзаман басталып, дүниенің астан-кестеңі шығады. Үйде қамалып қалған актерлер зұлматтан аман қалудың амалын жасайды.

    Бірақ, актерлер ештеңемен таңғалдыра алмады. Бір-бірінің бұрынғы рөлдерін кекетіп-мұқатып, стеб пен әзілге толы диалогтардан басқа ерекше бағалайтын ештеңе көре алмадым. Әрине, Голливуд бәрімізге нашақорлық пен көргенсіздіктің ордасы ретінде елестейтіні рас, ондай стереотиптің қалыптасуына папараци өзінің сүбелі үлесін қосып жүр. Бірақ соншалықты азғындықты фильмнің басты "фишкасы" ететінін мен күтпеп едім.

    Экранда көрсетілгендей, бір-біріне күлімдеп, достық пейілмен қарап, артынан "дарынсыз актер" деп балағаттайтын жасандылыққа мен бәрібір сене алмадым. Әрине, бір-бірін жек көретін актерлер бар шығар, бірақ кинода көрсетілгендей соншалықты бәрі нашар деп ойламаймын.

    Жалпы айтқанда, актерлер өз-өздерін сомдап, көрерменді атақтарымен баурап алмақ болған екен. Өзге көрермен қалай қабылдағанын қайдам, бірақ Джеймс Франконың, Эмма Уотсонның, Ченинг Татумның өздерінің абыройларын осылайша айрандай төгуге бара алғандарына сене алар емеспін.

    Олар "Ақырзаман орнаса жұлдыздар өздерін қалай ұстар еді", - дегендей ситуацияны әзіл түрде жеткізбек болған шығар. Немесе шегіп алып, камера алдында ойларына келгендерін істеген шығар. Мен түсіне алмадым.

Пікірлер