• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Маймылдар ғаламшарының көтерілісі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2012
    • Баға: 5/10

    Юлий Цезарға жасалған сәтсіз пародия

    «Маймылдар көтерілісін» көргеннен кейін келген ой осындай болды (Тақырып атауын қараңыз).

     Ресми суреттемесі естеріңізде ме? Еске салайын: Фильмдегі оқиға қазіргі Сан-Францискода өтеді және маймылдарға генетикалық эксперименттер жүргізген ғалымның төңірегінде өрбиді. Оның тәжірибелерінің нәтижесі маймылдардың интеллект дамуының жоғарғы сатысына көтерілуіне әкеліп соғады. Өздерінің бағыныштылық ахуалдарын түсініп, көтеріліске шығады және адамдарды табиғат иелері атағынан айырады.

    Осыдан кейін не күтеміз? Әрине, маймылдар мен адамдар арасындағы әлем үшін соғыс. Соғыс жоқ емес болды, бірақ суреттемеде айтылғандай, әлемді билеу үшін емес.

     

    Жалпы, адам баласына қызықты тақырып десек болады бұны. Өзгені қайдам, бірақ мен үшін жануарлардың, солардың ішінде маймылдардың санасының деңгейі қандай екен деген сұрақ іштей болса да туындайтын. Бұндай ой бәріңіздің де бастарыңызға келген шығар. Немесе, аталған фильмді көргеннен кейін келуі мүмкін.

     

    Фильм не туралы? Картинада маймылдардың миына жасалған эксперименттер көрсетіледі. Яғни олардың интеллект деңгейін өсіретін дәрілер сыналады. Сондай эксперимент құрбандарының бірі – Цезарь есімді шимпанзе болатын. Кішкентай кезінен дәрінің әсері бірден сезілген аса дарынды маймылды сырт көзден жасыру үшін, сынақшы ғалым оны өз үйінде ұстайды. Өз баласындай көріп, адамнан кем етпей жағдай жасайды. Бірақ, сананың аты сана – маймыл өзінің адамнан қашан да төмен тұратынын қоршаған ортадағы факторлар арқылы түсінеді.

     

    Әрине, көтеріліс үшін ақылды жануарға бұл да жеткілікті шығар. Оның үстіне, режиссер Руперт Уайатт та туындысының шарықтау шегін осы жерге әкеліп тірепті. Бірақ, эксперименттің санаулы құрбандары бүкіл адамзатты қалай бағындырмақ? Осы жағына сценариші мырзалар мән бере қоймаған секілді. «Массовкіде» шауып жүрген маймылдар жай тобыр ғана. Халықша айтқанда, «зоопарктен қашып кеткендер». Оларға көтіріліс идеясы жаппай қалай тез тарады, бұны да сценарийге жауапты мамандар ескерусіз қалдырыпты.

     

    Ал, жарайды маймылдардың бәрі бізге белгісіз бір себеппен саналы бола қалды делік. Сөйтіп, ақылды мақұлықтар азаттық көтерілісіне шықты. Әрі қарай…

     

    Сценаристтер фантазиясында тағы бір тоқыраудың элементтерін байқаймыз. Қайда маймылдарға күш-қуат беретін факторлар? Қайда билік үшін таластағы аянышты да, жаныңды ауыртар қазалар мен құрбандар?

     

    Жалпы, аталған фильм бізге не береді? Әдемі компьютерлік графиканы, үйлесімді саунд немесе әуенді, актерлердің шебер қойылымын және маймылдардың әдемі трюгін картинадан тамашалай алатыңызға кепілдік беремін. Айтпақшы, ұмытып барамын – түрі шимпанзеден гөрі, психиологиялық ауытқушылығы бар адамның келбетіне көп ұқсайтын «ұлы» көшбасшы – Цезарды көресіз.

     

    Фильмнен біз нені күттік? Әлемді билеуге ұмтылған ақылды маймылдардың әрекетін. Адамдардың бақылауды уысынан шығармау жолындағы арпалысы. Саналы омыртқалылар мен санасыз омыртқалылар арасындағы мазмұнды текетірес. Ғаламды өзгертіп жіберетіндей апат. Ең болмаса, шынайы сюжет күттік емес пе? Есесіне, қаланың сыртындағы биік ағаштың басына шығу үшін бунт ұйымдастырған ақылды маймылдың ереуіліне куә болдық. Фильмнің осы жерден біткенін көргенде: «Шынымен де осы бір ағаштың басына шығу үшін бе бұның бәрі?» деп сұрағың келеді кейіпкерден.

     

    2001 жылы шыққан «Маймылдар ғаламшары» анағұрлым әсерлі болғанына анық көзім жетті. Кешіріңіз, он жылдан кейінгі оның идеологиялық жалғасы өз мақсатыне жете алмаған секілді. Сондықтан да, 10 балдың 5-ін ғана бере аламын.

     

Пікірлер