• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Гравитация / Gravity» фильміне жазған рецензиясы

    • — 7 қазан 2013
    • Баға: 9/10

    "Кино тарихындағы ғарыш туралы ең үздік фильм"

    Джеймс Кэмерон

     

    Бойыңнан асып секіре алмайсың

    Альфонсо Куарон сценарийші, режиссер ретінде адамның локалды мәселелері арқылы бүкіл адамзат деңгейіндегі түйткілдерін көрсетіп берудің шебері. "Кішкентай ханшайым" ("A Little Princess"), "Сенің анаңды да... ("Y tu mamá también"), "Адам баласы" ("Children of Men") секілді картиналар соның дәлелі.

    "Гравитация" атмосферасы жағынан әрине осыған дейінгі жұмыстарынан сәл өзгешелеу. Географиясы да, оқиға деңгейі де басқа. Бірақ шынтуайттап келгенде, оқиға қай жерде орын алмасын - бәрібір адам болмысымыз сақталып қалады ғой. Қандай биіктерге ұмтылмайық, сол бір адами мәселелерден, пендешілік тірліктерден аса алмаймыз ғой. Әдетте өз деңгейінде бағалана бермейтін қарапайым ғана нәрселер басыңа қиындық түскенде алтынға да айырбасталмайтын құндылыққа айналатыны рас. "Гравитацияның" мысалында - ол Жер ана.

    Альфонсо Куарон анау-мынау мәселелерге жекелеп бас ауыртпай, бәрін бір жинап Жерді басты объект деп белгілепті. Бәрі де осы Жерде: туған-туыстарың да, құнды нәрселерің де, тіпті өмір сүру мәнің де осы ғаламшарға тіреледі.

    Режиссер, бұндай пәлсапалық мәні бар киноны ойластырмады дегеннің өзінде, 90 минут бойы көрерменнің дегбірін алып, селт етпей қарайтын тамаша туындыны дүниеге әкелді. Салмақсыздық, оттегіге зәрулік, жалғыздық, қалқып бара жатып қармап ұстайтын затқа зар болу - бұлардың барлығы шарасыздық сезімін шындап сезінуге мәжбүрлейді. Бұндайда тек үміт қана жаныңа демеу бола алады.

    Батысы мен шығысы қайсы, оңы мен солы қайсы - ажыратып болмайтын шексіз ғарышта бір ғана тілек бар, ол - Жерге оралу. Сондайда ғана "өз бойыңнан асыра секірудің" қажет еместігін, қанша алыстасаң да бәрібір осы көк планетаның ажырамас бөлігі екеніңді түсінесің.

    Түсірілім павильонда өткенін бәрін білеміз. Айналаға шынайылық беріп, ғарышты бар жан-тәніңмен сезінуге себеп болған арнайы эффект мамандарына зор алғыс. Аударып-төңкеріп, басыңды айналдырып, құсқызуға жақындататын оператор жұмысына бас имеске шара жоқ. Гравитацияның әсерін сезінгендей боласың,

    Осыдан кейін ғарышкерлердің ерлігін бағалай түсесің, Жер анаға да құрметің арта бастайды. Өз басым бұл фильмді 2 жылдай күттім және оған өкінбеймін.

Пікірлер