• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Жанкешті (сериал 2008 – 2013)» фильміне жазған рецензиясы

    • — 16 қазан 2013
    • Баға: 8/10

    5 маусымға созылған сериал да ақырына жетті. 2008 жылдан бері кейіпкермен бірге өмір сүргендей болған көрермен үшін Уолтпен қоштасу оңай болмағаны анық. Қалай десек те, "Жанкешті" телехикаясы ешкімді бей-жай қалдырмаған шығар. Жақыныңнан айырылғандай ішкі дүниеңізде бір қимастық сезім қалған шығар.

    Тәтті өтірік

    Басты кейіпкер Уолтер рактан өлетінін біліп, отбасына жетер ақша қалдырып кеткісі келеді. Сол үшін де метамфетамин қайнатып, заңсыз бизнес жасайды. Әрине, заңсыздық жүрген жерде өтірік те жүреді. Уолтер әйелінен көп нәрсені жасырды, өтірік айтты, есірткіге қарсы күрес бөлімінде қызмет ететін бажасын да біршама әбігерге салды. Бұның бәрі отбасы үшін еді.

    Бірақ. Ол баласы түгіл, шөбересіне жететін қаржы жинағанда неге тоқтамады? Шынымен де отбасы үшін бе бұның бәрі? Уолтер: "бәрі отбасының қамы үшін" деуден танбады. Тіпті көрермен де осы уәжге сеніп қалғандай еді. Бірақ, ақырғы эпизодта мына сөзді оның аузынан естідік:

    - Мен бұның бәрін өзім үшін істедім...

    Уолтер кім еді? Қарапайым мектеп мұғалімі. Мектептен бос уақытта көлік жуушы. Оның аянышты өмірі осылай жалғаса берер ме еді, егер оның өкпесінен рак таппағанда?!

    Жазылуы қиын дертті естігенде ол түбегейлі өзгереді. Жасқаншақ, жуас мұғалімнің әр эпизод сайын төңірегіндегінің бәрін жіті бақылауында ұстайтын, қаһарлы, ақшақұмар, кекшіл, өзімшіл қылмыскерге айналу эволюциясына куә боламыз. Білесіз бе, бұл тіпті шынайы да. Өйткені, өмірде жолы болмаған әкенің 1-2 жылдық өмірі қалғанда бір "көңіл көтеріп" алуының несі айып?

    Уолтер Уайттың екі өмірі бар: "жұмыстан" шаршап оралған, жұтаң тірлік пен дерттен қажи бастаған отағасы бір адам да, қала сыртындағы трейлерде жоғары сортты есірткі қайнатып, шытырлатып ақша санап отырған қылмыскер мүлдем басқа адам. Заңсыз ақша көбейген сайын осы екі тұлғаның арасындағы алшақтық та алыстай береді.

    Ащы шындық

    Оның кім екенін білген отбасы мен туыстары теріс айналады. Әрине ол енді басқа адам, қылмыс әлемінің данышпаны, есірткі императоры. Бірақ Уолтердің туыстарына махаббаты еш сөнген емес. Тіпті есірткімен күрес бөлімінде қызмет ететін бажасын да бауырындай жақсы көреді. Бір өкініштісі сол - ешкім оны енді жақсы көрмейді. Тіпті жер басып жүргенін артық көріп, өлім тілейді.

    Бұл жерде бас кейіпкерді де, одан теріс айналған туыстарды да ақтап алу қиын. Өмірде де солай емес пе, ренжіскен екі тарапты тыңдасаңыз - екеуінікі де дұрыс секілді көрініп, ойлантып тастайтын кездер болады.

    "Бәрі отбасының қамы"

    Бұл уәжге тіпті өзі де сеніп қалғандай еді. Бірақ өз-өзіңді тоқтату тіпті қиын екен. Жо-жоқ, ол нашақор емес. Оның тіпті десеңіз ақшаға да түкіргені бар. Ол жас кезінде жіберіп алған мүмкіндіктері үшін, ғалымдық потенциалы бола тұра ғылымды тастап кеткеніне өкінеді. Өзімен бірге жоғалғалы тұрған әлеуетін іске асырғысы келеді. Өкініштісі сол - бар еңбегі жамандық жолына жұмсалды. Бірақ ол "көк мет" атанып кеткен өзінің жаңа брендін мақтан тұтады. Химиялық жолмен алынған есірткінің тазалық деңгейі 99 пайыз. Бұндай сапалы есірткіні әлемнен іздеп таппассыз. Бұл Хайзенбергтің жетістігі, оның жекеменшік ғылыми жаңалығы. Қылмыскер Уолтер - іске аспай қалған арман-мақсаттардың жиынтығы. 

    Бәріне қоғамды кіналағың келеді. Қалталылардың ғана жолы болған, қатардағы адамдардың мүмкіндігін қиған бұл заманды қарғағың келеді. Бірақ амал не, табиғат заңы солай - күштілер ғана дами алады.

    Кім біледі, бәріміздің ішкі дүниемізде де қаһарлы, қайсар, табысшыл бір Хайзенберг ұйықтап жатқан шығар. Өз уақытын күтіп... Оянып жатса - дұрыс бағытқа жұмсай біліңіз.

    Сөз жоқ үздік драматикалық сериал. Мен бас идім.

Пікірлер