• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Горько!» фильміне жазған рецензиясы

    • — 22 қазан 2013
    • Баға: 7/10

    - Әй, тойдың дискісін қосшы, дұрыстап көрейік!

    (Кез-келген тойдың ертеңіне айтылатын сөз)

     

    Ресейде осыған дейін мокьюментари стилінде кино түсіру әрекеттері болған, бірақ бұл жолғысы осы жанрдың ең үздік мысалы атануға лайық.

    Фильмдегі әңгіме отау құрғалы жатқан екі жас туралы. Қыздың арманы - тойды теңіз жағасында өткізу. Бұл орындалмайтын арман емес: кейіпкерлер Қара теңіз жағасында орналасқан курорт-қала Геленджик тұрғындары.

    Бірақ ата-ана тойды өздерінше, қала ішіндегі мейрамханада, жұрт қатарлы өткіземіз дегендерінен танбайды. Ақыры екі жас бір қулыққа көшеді: той кезінде олар теңіз жағасына қашып кетіп, өздері ойлаған кешті бөлек өткізбек.

    Өмір күтпеген оқиғаларымен қызық емес пе? Жас жұбайлардың жоспары ойдағыдай іске аса қоймайды. Әрине бұның бәріне ата-ана мен олардың туған-туыстары кінәлі.

    Алысқа бармай-ақ, өзіміз қатысып жүрген тойларды еске алайықшы. Қонақтардың ішінде міндетті түрде келесі персонаждар болады: түрмеге отырып келген, ішіп алса алжып кететін бір туыс, басқа ауылдан автобуспен шұбырып келген құда-жекжаттар, бір-бірін тыңдамайтын, "той десе қу бас домалайдыны" мерзімінен бұрын іске асыратын басқа да көңілді тобыр және өздерін бөтен салтанатта жүргендей сезінетін екі жас. Айтпақшы, бұлардың барлығын үнсіз камераға түсіріп жүрген оператор-баланы қосыңыз.

    "Горько" қатардағы отбасылар өткізіп жүрген тойдың мысалы іспетті. Бәрі шынайы, бәрі өзіміз көріп жүрген кадрлар.

    Фильм басталғаннан-ақ күлкілі сәттерге толы. Екі жақтың танысып, тойға дайындығы, қонақтарды қарсы алу мен келінді сатып алу, некелесіп, қаланың әдемі жерлерін аралау - бәрі комедиялық оқиғалармен шынайы жеткізілген. Фильмнің екінші жартысы көрерменді мүлдем түңілтіп жіберетіндей трагедиялы және көңілсіз жағдайларға толы. Бұл да өмірдегідей: тойдың соңы төбелес пен айқай-шуға ұласқан жағдайларды көзіміз көріп жүр. Ата-ананың эгоистік сөздеріне ілесемін деп, өздері ойлаған тойды көре алмаған жас жұбайлар үшін шын көңілден жанымыз ауырып отырды.

    Бұл фильмде комедия да, трагедия да барынша молынан. Ата-ана мен ұл-қыз арасында той қарсаңында туындайтын келіспеушіліктер дәл жеткізілген.

    "Тойдың дискісін" кинотеатрдан көргілерің келсе "Горько"-ға барыңдар. Жастар бақытты болсын!

Пікірлер