• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Тинтиннің басынан кешкендері: Бірмүйіздің құпиясы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2012
    • Баға: 9/10

    "Тинтиннің басынан кешкендері: Бірмүйіздің құпиясы" (The Adventures of Tintin: Secret of the Unicorn) режиссер Стивен Спилбергтің сандық форматтағы алғашқы туындысы екен. 

    Сюжет:
    Оқиға 1930 жылдары, Брюсселде орын алады. Жас әрі тәуелсіз репортер Тинтин құпиялар мен қылмыстар төңірегіндегі зерттеулерімен бүкіл қалаға танымал. Бірде ол базардан «Бірмүйіз» деп аталатын кеменің тамаша үлгісін сатып алады. Негізгі оқиға да осыдан басталады. Жалпы хикаяны көрерменге көп күтудің қажеті жоқ — ол бірден өрбіп кетеді.

    Сөйтсек, бұндай кеменің әлем бойынша үш көшірмесі бар екен. Әр қайсысында бір-бірден құпия жолдау жасырылған. Үш макеттен құпия қағаздарды тауып, оларды бір қолға жинағанда ғана ертеректе батып кеткен алып «Бірмүйіз» кемесінің сыры ашылады. Оның құрдымға кету себебі, ең бастысы — кеменің ішінде болған құпия жүк туралы білуге болады. Осы құпия үшін үлкен талас басталады.

    Технология:
    Анимациялық фильмдегі кейіпкерлердің іс-қимылы таң қалдырды. Бәрі сондай анық, бәрі сондай шынайы. Бұл солай болуы да тиіс. Өйткені, түсірілім кезінде мульт кейіпкерлерді шынайы актерлер сомдаған ғой. Қимыл-әрекетті дәл сол күйінде көшіріп алу технологиясы пайдаланылған екен. 

    Жалпы осы технологияға тоқталып өтейік. Түсірілім кезінде павильон ішінде performance capture Volume жүйесі орнатылған. Төбеге жүз шақты камера орнатылып, болып жатқан әрекеттердің барлығы жазылып отырады. Павильондағы актерлер іс-қимылды тіркеп отыратын маркерлері бар арнайы киім киіп шығады. Осылардың барлығын жаңағы жүздеген камералар жазып, ақпаратты үш өлшемді бейнеге өзгертеді. Сонымен қатар сегіз HD камера актерлердің өздерін as is режимінде түсіріп тұрған. Бұндай әдіс арқылы адамдардың әрбір жымиғанын, қабағын түйгенін, мимикасын, барлық сыртқы эмоциясын анимацияға айналдыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, мультфильм екенін біле тұра, кейіпкерлердің бет-әлпетіне қарап, көркем фильммен шатастырып ала жаздайтындай әсерде боламыз.

    Жаңа технология қашан да өз дегенін істетеді. Фильмдегі әр деталь назардан тыс қалмайды. Бұл тек үй жағдайындағы киносеанстан алған әсер, үлкен экраннан 3D-мен көрген көрерменнің бағасы менікінен де жоғары екеніне сенімдімін.

    Әсер:
    «Бірмүйіздің» артына түскен Тинтиннің төңірегіндегі оқиғалар динамикамен өріс алады. Жарылыс та, қуғын да, қашу да, атыс та, жекпе-жек та, деміңді ішке алып, артын күтіп еріксіз тына қалуға мәжбүрлейтін шиеленіс те — бәрі осыннан табылады. Оған ақылды да орынды юморын қосып қойыңыз. Тинтинмен бірге жүгіріп келе жатқандай әсерде боласыз. 

    Спилбергті цифрлы форматтағы дебютімен құттықтап қоялық. Сәтті экранизация, есте қаларлық қойылым. Бұл менің жеке пікірім ғана емес. Керек десеңіз міне, статистика: мультфильм 140 миллион долларға түсіріліп, әлемдік прокаттан 300 миллион шамасында пайда тапты. Бұл тек кинотеатрлардағы табысы. Оның DVD таралымы үстеме кіріс әкелмесе, шығынға ұшыратпасы анық.

    Анимациялық туындының жалғасын асыға күтпекпіз. Бұлай деуге де себеп бар. Өйткені фильм үшін негізге алынған комикстар альбомы үш бөлімнен тұрады. Бельгияның суретшісі Эрже шығарған Тинтин туралы хикаялар: «Алтын қысқыштары бар шаян», «Бірмүйіздің құпиясы», "Қанды Ракхамның қазынасы". Демек, оқиға жалғасады!

Пікірлер