• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Қара киімді әйел» фильміне жазған рецензиясы

    • — 14 наурыз 2012
    • Баға: 6/10

    Джеймс Уоткинстің "Қара киімді әйел" (Женщина в черном / The Woman in Black) — үрейлі триллері қалың бұқара үшін арналмаған. Аталған картинадан бұрын-соңды байқалмаған бірқатар ерекшеліктерді байқадым. Судай аққан қан, жүйке жұқартар азап-қорлықсыз-ақ көрерменді өлердей қорқытуға болады екен. Сонымен, "Қара киімді әйел" несімен ерекше? 

    Сюжеттік желі
    Сюжеттен жаңашылдық мен түпнұсқалы идея табасыз деп айта алмаймын. Үрейлі драмаларға тән оқиға. Бірақ мистикалық жағы басым. Фильмде соңына дейін бар құпияны ашпай ұстап отыратын қасиет байқалады. Бірде-бір кадрын мүлт жібермей, құпиясы мен мәнін көпшіліктен бұрын шешемін деп қанша тырысқаныңызбен, ол ойыңыз іске бірден аса қоймайды. Бұған әрине бірінші кезекте бойыңызды билеп алар үрей сезімдері ерік бермейді. Өйткені, үрейлі кадр бірінші минуттан-ақ басталып кетеді. 

    Дэниэл Рэдклифф
    Оны бәрі Гарри Поттер бейнесінде көріп үйреніп қалды. Сондықтан да оның басқа образдағы түрін көру аздап біртүрлі әсер береді. Әйелінен айырылған жас әке рөлін нашар ойнады деуден аулақпын. Бірақ, жігіттік өмірге енді қадам басқан жас Дэниел үш жасар ұлы бар салмақты әке бейнесін тым ерте ойнап қойғандай. Грим оның балаң жүзін құтқара алмағандай болды. Көздерінен, кейбір қылықтарынан бәрібір сол жас жігітті байқап қалып отырдым. Оның жаңа образына талдау жасауға да осы кедергі келтірген секілді. Дегенмен оған және оның Артур Киппс есімді заңгер бейнесіне тағар кінәм жоқ.

    Не түсіндім?
    Бұл жерде ана махаббатының зұлым фанатизмге әкелген жағдайын көрдік. Кекшілдіктен туған теріс әрекеттер өршіп кетсе, оны тоқтату қиын екен. Тіпті еш қатысы жоқ жазықсыз жан да өш алу оқиғасының құрбанына оңай айнала алады. 

    Қалай дегенмен де
    бұл — попкорндық фильм емес. Бұл — мистика мен үрей жанрлы туындыларды іздеп жүріп көретін, батыл да берік көрермендерге ұсынылатын картина. Кинодағы мистикалық кейіпкерлер мен тақырып атауына негіз болған қара киімді әйел есіңізден көпке дейін шыға қоймасы анық. 

Пікірлер