• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Кэрри» фильміне жазған рецензиясы

    • Кэрри
    • 2013
    • Рейтинг: 6,5
    • Дауыс саны: 2
    • — 14 қараша 2013
    • Баға: 6/10

    Үндемегеннен үйдей пәле шығады

    Стивен Кингтің шығармасына негізделген кезекті экранизация саспенске тән сюжетімен, үрей шақырар музыкасымен және Хлоя Грейс Морецтің әдемі ойынымен ерекшеленді.

    "Кэрри" романы осыған дейін екі рет экранға шығарылған. Мынау - үшіншісі. Бұған дейінгі фильмдердің қаншалықты табысты болғанын айта алмаймын, бірақ деңгейлері шамалас деп топшылап отырмын.

    Сюжетте тұйық мінезді, жасырын қабілетінің кесірінен достары да, құрбылары да жоқ қыздың бейнесі жақсы жеткізілген. Сырт көзге жуас көрінетін мінезіне бола құрдастары оны кемсітіп, келемеж етіп жүреді. Анасы да дінді тым фанатизммен қабылдаған біртүрлі адам. Төңірегінде өзін түсінетін жан таба алмаған жас қыздың шыдамы да шегіне жетеді. Мектеппен қоштасу кешінде өзіне жасалған кезекті қастандық бәрі үшін жаман аяқталады.

    Автордың көрсеткісі келгені де ерекше болудан қорқатындар туралы секілді. Өйткені, бәріміз жұрттың күлкісіне қалмауды ойлаймыз. Көп нені істесе, біз де соны қайталаймыз. Біреу өзгелерге ұқсамаса сыртынан күліп, келемеж етеміз.

    Сыйластық пен түсіністік қажет бәрімізге. Менің кинодан түйгенім осы.

    Фильмнің музыкалық сүйемелденуі керемет. Сюжеттегі шиеленіс пен бір қатердің боларын өрши түсетін музыкадан білуге болады. Фильм айтарлықтай хоррор емес, бірақ музыкасы денеңді түршіктірер әсер береді.

    Кинодағы әр жұмысы сайын жарқырай түскен, әдемі рөлдерімен танымалдығы арта түскен Хлоя Грейс Морец бұл жолы да мақтауға тұрарлық. Жылы жүзді осы бойжеткен мейлі вампирді ойнасын, мейлі сотқар қызды ойнасын - бәрібір образдарынан жек көретіндей ешбір белгі таппайсың.

    Арнайы эффектілері сауатты жасалған, оқиғалардің өрбуі дегбіріңді алып шыдамсыздандыра түсетін, қанды қырғынға толы драма іздесеңіз - "Кэрри" сіз үшін.

Пікірлер