• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Асланның сабақтары» фильміне жазған рецензиясы

    • — 8 желтоқсан 2013
    • Баға: 6/10

    Үндеспейтін сабақтар

    Айта кету керек: картина бұқаралық көрсетілімге арналмаған, сондықтан таң-тамаша ететін хикаялар мен қарқынды өрбитін сюжет күткен көрермен өз мақсатына жете алмауы әбден мүмкін.

    Сюжет арт-хаусқа тән стилде баяу өрбиді. Құрдастары тарапынан кемсітілген Аслан ахуалды жақсы жағына өзгертпек болады. Бірақ жақсылық үшін жамандық жасау қажет болатынын басты кейіпкер де, басқалары да алғашқыда түсінбеген тәрізді.

    Фильм бастан-аяқ қатігездік эпизодтарына толы: экран алдында бауыздалған қой (бұл қанды көрініс талғампаз Еуропа көрермендерінің сүзгісінен өтіп кеткеніне таңым бар), Асланның "жазалау әлеміне" тап болған тарақандар, мектептегі әлімжеттік, төменгі сыныптан қорқытып ақша жинау, түрмедегі тергеушілердің қорлығы...

    Қарап отырсақ - өмірдегі жағдайлар. Тек осыған дейін бұл ауыр эпизодтарды Қазақстанда ешкім әлі экранға шығарған жоқ. Шығарса да жеңіл-желпі, бір-екеуден ғана көрініс тапқан болар. Режиссер Байғазин біз кішкентай кезімізден бастап өмір бойы көретін қатігездіктердің барлық формасын бір картинаға сыйғызып, аса шебер жеткізе білді.

    Рухани жәбір көрген Аслан жан ластығынан тән тазалығы арқылы арылмақ болады. Нәтижесіз әрекет болса да оның осындай талпынысына сүйсінбей қоймайсың. Бірақ бала өзі өзгергенімен өзгелердің өзгермейтінін түсінбейді, әлде түсінгісі келмейді.

    Ал өзгелер дегеніміз кімдер? Олар: бір-біріне немқұрайлы адамдар, білім мен тәрбие жүйесі жоқ мектеп, бір-біріне қатыгез құрбы-құрдастар.

    Режиссер қазіргі қоғамды Асланның хикаясы арқылы, бір-біріне үйлеспейтін, үндеспейтін адами өзімшілдіктер арқылы жеткізе алды деп ойлаймын.

Пікірлер