• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Хоббит: Смаугтың тақыры» фильміне жазған рецензиясы

    • — 22 желтоқсан 2013
    • Баға: 7/10

    Аркенстон қайдасың?

    Сонымен қарапайым хоббит пен жауынгер гномдардан құралған саяхат жалғасын табуда. Бірінші бөлімде орктардың қоршауынан бүркіттердің көмегімен құтылған саяхатшылар көз ұшында менмұндалаған Жалғыз тауға қауіпті сапарларын жалғастырады.

    Әрине "Хоббит" пен "Сақиналар әміршіcінің" фанаттары үшін Толкиннің әлеміне қайта оралу үлкен оқиға болары анық. Десек те Бильбо Бэггинстің бұл қауіпті сапардан аман-есен оралатынын әуелден-ақ білеміз. Жо-жоқ бұл спойлер емес, бұл "Сақиналар әміршісінен" белгілі жағдай. Сондықтан ба "Хобиттің" екінші бөлімі - әдемі арнайы эффектілері мен сапалы графикасына, мақұлықтар мен басқа да тіршілік иелерінің ап-анық детализациясына қарамастан - көруге деген құштарлық сезімін фильмге дендеп енген сайын бәсеңдете түскендей болды. Бірінші фильмді көрген кездегі болған құмарлық осы жолы аса сезілмеді. Өйкені сюжеттің шешімі алдын-ала белгілі болғандықтан шығар.

    Бұрақ бұл жағдай осы бір тамаша туындының, жылдың негізгі премьерасы атанған фильмнің сапасына кінә артуға негіз бола алмайды. Бәрі де біз күткендей: әдемі пейзаждар, харизмалы кейіпкерлер, бізге "Сақиналар әміршісінен" белгілі атақты актерлердің орындауындағы қаһармандар және басқа да жаңа есімдер, күтпеген қауіптер мен құбыжықтар, ұғынықты сюжет. Көрерменге бұдан артық не керек?

    Күмілжіткен тағы бір жайт - хронометраж еді. Бірақ бұл да тартымды көріністердің арқасында елеусіз қалды.

    Осылардың бәрін ескере отырып, ауқымдылығы үшін фильмге аямастан 8/10 қоюға болар еді, бірақ сюжеттің әу бастан-ақ белгілі болғаны үшін және бұл ертегі әлемінің көрерменін жалықтыра бастағаны үшін 7/10 қоюға мәжбүрмін.

    P.S. Мен байқаған "пасха жұмыртқасы": "Смаугтың тақырында" ең бірінші көрсетілетін адам келбеті - режиссер Питер Джексонның өзі.

Пікірлер