• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Уолтер Миттидің жұмбақ өмірі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 2 қаңтар 2014
    • Баға: 8/10

    Өмір бойы офиста еңбет етіп келе жатқан адамда қандай таңғажайып өмір болсын? Жұмыстың мәселелері, анасының қамы және іске аспай қалған арман-тілектер...

    Бас кейіпкер де арман-тілекті былай ысырып қойып, өмірдің күйбеңімен айналысып жүрген жігіт ағасы еді. Сырттай жуас көрінген Миттидің өз ішкі әлемін ешкім байқамайды. Осылай жалғаса берер ме еді, егер жұмыссыз қалу қаупі төнбесе...

    Бұл да адами болмыстардың бірі емес пе?! Жылы орнымызға етіміз үйренгенде, ештеңенің күрт өзгергенін қаламаймыз. Бізге ыңғайлы ахуалдың осылай бола бергеніне көңіліміз толады. Шын мәнінде нені тілейміз, ертеректе қандай өмірді қаладық - өткен шақпен бірге көміліп, ұмыт болады.

    Сюжеттегі саналуандық, пейзаждардың көз ілеспес жылдамдықпен ауысуы, түрлі адамдармен танысу - бәрі фильмнің көркемдік ерекшелігін жоғары деңгейге шығаруға себеп болады. Фильм фотосурет пен фото өнері төңірегінде өрбиді, оператор да тақырыпты бар жан-тәнімен түсінген тәрізді: киноның басынан соңына дейін әдемі фотографияларға тән небір тамаша видеоқатарларды көре аламыз. Бұл кадрларды скриншот жасап, бөлмеңіздің қабырғаларына да іліп қойсаңыз болады.

    Сюжет иірімдеріне ерекше мәнер берген, берілетін әсердің күштірек болуына себепші болған әуендер ерекше талғампаздықпен іріктелген тәрізді. Фильмдегі әндерді де өз плейлистіңізге ұялмай қоса аласыз.

    Бен Стиллер комедиялық актер ғана емес, көркемдік деңгейі жоғары фильм жасаушы маман ретінде де өзін ұсына алды. "Уолтер Миттидің жұмбақ өмірі" оның визит картасы болуға лайықты дүние.

    Фильм көрерменге қиялына қанат бітіргендей ерекше әсер береді. Осыдан кейін өзің де үйден атып шығып, көтеріліп бара жатқан тікұшаққа секіріп мініп, кейін бәріне жыр қылып айтарлықтай батыл қадамдар жасағың келіп кетеді.

    Уолтер Миттимен бірге 2 сағат ішінде әлем аралап қайтыңыз, Исландия мен Гренландияның, Тибет пен Орта Азияның кереметтеріне куә боласыз!

    P.S. Қазақ көрермендері үшін бір қызық бар: Фильмдегі диалогтарға ерекше назар аударыңыз, біздің көкпар ойыны туралы бір-екі ауыз сөз айтылады :)

Пікірлер